Алла Тағаланың сипаттары
Алла Тағаланың сипаттары
3 ай бұрын 2733

Мұсылман кісі Аллаға иман еткен кезде Оның затына тән кәміл сипаттарына сеніп және де нұқсан сипаттардан пәк екендігін де білуі тиіс. Алла Тағаланың бүкіл сипаттарының басы мен соңы жоқ және өзге жандылардың ешбірінің сипатына ұқсамайды. Алланың сипаттары айтылған кезде, бізге ол сипаттарға ұқсастық бар секілді көрінгенімен, ақиқатында ол сипаттарға ешбір ұқсастық жоқ.

Алла Тағаланың затына тән сипаттарды екіге бөліп қарастыруға болады:

  • Зати сипаттары
  • Субути сипаттары.

Зати сипаттары

  1. Уужуд (бар болу). Уужуд сөзі – бар болу деген мағынаны білдіреді. Яғни, Алла Тағала бар және бар болуында ешбәр нәрсеге мұқтаж емес. Бар болмау Алла Тағала үшін мүмкін емес түсінік.  
  2. Қидәм (әуелі, бастауы жоқ). Қидәм дегеніміз – бастауы жоқ дегенді білдіреді. Яғни, Жаратушы белгілі бір уақытта пайда болмаған. Оның бастауы жоқ. Ол әзәлдан бар.
  3. Бәқо (мәңгілік). Бәқо дегеніміз, соңы жоқ, яғни, мәңгілік деген ұғымды білдіреді. Алла Тағала – мәңгілік иесі. Әуелі мен бастауы болмағанның әлбетте соңы да болмауы заңды. Алланың сипаты үшін ақырғы деген түсінік жат. Өзге бүкіл мақлұқаттардың бәрі пәни, қай-қайсысының болса да ақыры мен соңы бар. Тек Алла ғана әрі әуелден бар және мәңгілік болады. Бұл жайында аяттарды былай деп айтылған: «Ол Алла әуелгі және соңғы». («Хадид» сүресі, 3 аят).
  4. Уахданият (жалғыз, бір болу). Уахданият дегеніміз – Алла Тағаланың затында, сипаттарында және істерінде жалғыз екендігін, серігі мен ұқсасы жоқ екендігін білдіреді. Қандай да бір нәрсені алып қарайтын болсақ, бірніше элементтен тұрады, яки, оны бөлуге, бөлшектеуге болады. Ал, Алла Тағала ешқандай нәрседен тұрмайды, құралмайды және бөлінбейді.
  5. Мухаләфәтун лил-хауадис (кейіннен жаратылғандарға ұқсамау).  Мухаләфәтун лил-хауадис дегеніміз – кейіннен пайда болған, жаратылған нәрселерге ұқсамау. Яғни, Алла Тағала ешбір мақлұқатқа ұқсамайды деген мағынаны білдіреді.
  6. Қиям бинәфсиһи (өздігінен бар болу, мұқтаж болмау). Қиям бинәфсиһи дегеніміз – бар болуы өздігінене, яғни, бар болу үшін ешнәрсеге мұқтаж болмау (уақытқа себепке, жаратушыға, мекенге т.б.). Мұқтаждық – жаратылыстарға, кәміл емес тірлішілік иелеріне тән сипат. Сондықтан Алладан басқа күллі тіршілік иесі көп нәрсеге мұқтаж. Алайда Алла Тағала бүкіл мұқтаждықтардан пәк. «Ей, адам баласы! Сендер Аллаға мұқтажсыңдар. Алла еш нәрсеге мұқтаж емес, өте мақтаулы». («Фатыр» сүресі, 15 аят).

Субути сипаттары

Мәтуриди мәзхабы бойынша субути сипаттардың саны – 8. Олар:

  1. Хаят (тірі болу). Алла тірі. Ол әуелден тірі, өмір иесі және мәңгілік тірі қалпында бола бермек.
  2. Ілім (білу). Ілім сипаты Алла Тағаланың барша құбылысты, бүкіл табиғатты білетіндігін, бүкіл ғылымның Иесі екендігін білдіреді. Алла өткен, кеткенді, болғанды, болатынды, жарияны, жасырынды, бүтінді, бөлшекті, мысқалдай сыбырды т.б. блоатын һәм болуы мүмкін әрекеттер мен құбылыстарды біледі. Оның білгіштігінің шегі жоқ.  
  3. Сәмиъ (есту). Алла Тағаланың субути сипаттарының бірі – самиъ, яғни, есту сипаты. Алла Тағала мейлі ашық, мейлі жасырын болса, барлық нәрсені естиді. Бұл есту сипатында да Жаратушы ешбір нәрсеге мұқтаж емес (жаратылыстағы тіршілік иелері секілді көмекші құралға, есту мүшелеріне т.б. мұқтаж емес).
  4. Басыйр (көруші). Алла тіршілік атаулының бәрін, бүкіл ғаламшарды (планеталар мен жұлдыздар т.б. бізге беймәлім әлемдерді де) түгелдей көреді. Алланың көруші сипатынан ешбір нәрсе тыс қалмайды.
  5. Ирада (қалау, ерік). Алла Тағала бір нәрсенің қашан, қайда, қай уақытта болатындығын өз қалауы бойынша жасайды. Алланың қалағаны болып, қаламағаны болмайды және ешбір күш те, құдірет те бұл істе жарасыз, яғни, еш нәрсе Оның қалауындағы нәрсеге кедергі бола алмақ емес. Бүкіл ғаламшардың және бізге беймәлім басқа да әлемдердің басқарылуы мен ішінде болып жатқан әрбір іс тек Алла Тағаланың қалаымен жүзеге асады. «Шынында Раббың қалағанын толық орындаушы». («Һүд» сүресі, 107 аят).
  6. Құдірет (құдіреті күшті Жаратушы). Алла Тағаланың құдірет сипаты оның шексіз күш пен құдірет иесі екендігін білдіреді. Алла Тағаланің күші жетпейтін еш нәрсе жоқ. Бүкіл әлем Алланың құдіретіне, ілімі мен қалауына бағынышты.
  7. Кәләм (сөйлеуші). Алла Тағала сөз Иесі болғандықтан, «сөйлейді». Әрине, оның сөйлеуі дыбыстарға, әріптерге және әріптерден құралған сөздер мен сөйлемдерді құрастыруға мұқтаж емес. Оның сөйлеуі әріптер мен дыбыстардан құралмайды. Оның сөйлеуі біздің ұғымымыздағы сөйлеуге мүлде ұқсамайды.
  8. Тәкуин (жаратушы, жоқ нәрсені болдыру, бар ету). Тәкуин – жоқтан бар ету деген мағынаны білдіреді. Шексіз құдірет иесі Алла Тағала тәкуин сипатымен қалаған нәрсесін жаратады, жоқтан бар етеді. Әлемде Алланың жаратуынсыз пайда болған ешбір нәрсе жоқ.

"Иман негіздері" атты кітаптан. 
Авторы: Смайыл Сейтбеков.
(Ықшамдап алынды).

0 пікір