Қиямет жақындағанда Иса пайғамбардың көктен түсетіндігі хақ («әл-Фиқһул Әкбар»).
Қиямет жақындағанда Иса пайғамбардың көктен түсетіндігі хақ («әл-Фиқһул Әкбар»).
30 күн бұрын 1382
Абдусамат Қасым

 Имам Ағзам Әбу Ханифаның «әл-Фиқһуль Әкбәр» атты кітабы мен оның Мулла Алиюль Қари тарапынан жасалған түсіндірмесінен үзінді.

«Көктен Иса ғалейһиссәләмның түсетіндігі хақ...».
Имам Ағзам Әбу Ханифа (радияллаһу анһ).

Алла Тағала Құран Кәрімде айтқандай: «Шынында Ол», яғни, Иса «Қияметтің ғаламаты»(Зүхруф сүресі, 61 аят). Яғни, Қиямет Қайымның белгісі.

Және Алла Тағала былай деген: «Шынында Кітаб иелерінен ол өлмей тұрып, оған иман етпеген қалмайды». (Ниса сүресі, 159 аят). Яғни, Иса ғалейһиссәләм қиямет болар кезде жерге түскеннен соң, ол өлмей тұрып өзге діндер бір дін болады. Ол – ақиқи Ислам діні.

(Кітаптың басқа нұсқасында «күннің батыстан шығу мәселесі» бәрінен бұрын айтылған. Қалай болғанда да мұндағы «уау атфы»  (кезекті емес) жалпы топтастырылып айтылғанды білдіреді. Ал, егер, кезегімен айтар болсақ:)

Одан бұрын Мәһди ғалейһиссәләм әуелі екі шарапатты қалада бой көрсетеді (Мекке мен Мединеде). Кейін ол жақтан шығып, «бәйтуль Мақтиске» (Палестинадағы Құдыс қаласына) барады. Оның артынан Даджәл (Тажал) келіп, оны (Мәһдиді) сол хәлде (Құдустегі кезінде) қоршауға алады. Содан Иса ғалейһиссәләм Шам жеріндегі Димаш қаласының шығысында орналасқан мұнараға түседі де Дәджалды өлтіру үшін келіп, оны бір соққымен бірден өлтіреді. Иса ғалейһиссәләм көктен түскен кезде Даджал суда еріген тұз сияқты ери бастайды.

Иса ғалейһиссәләм Мәһди радияллаһу анһумен кездеседі. Сол кезде намазға қамат айтылады. Мәһди Иса ғалейһиссәләмға алдыға шығуын ишарамен білдіреді. Иса ғалейһиссәләм «Бұл намазға сен имам болсын деп қамат түсірілді. Бұл мақамда имам болуға сең лайықтысың» деген себеппен, онысын қабыл етпейді. Осылайша Иса ғалейһиссәләм пайғамбарымыз Мұхамметтің (саллалаһу алейһи уә сәлләм) жолына еретіндігін көрсету үшін Мәһдиге ұйыды. Осыны меңзеп Алла елшісі бір сөзінде былай деген: «Егер, Иса (арамызда) тірі жүргенде маған еруден басқа шарасы болмас еді»[1].

Оның қалай боларын «Шифаның шархы»[2] атты кітапта және одан басқа кітаптарда Алла Тағаланың мына сөзін түсіндірер барысында айтып өткенмін: «Сол уақытта Алла (Т.) пайғамбарлардан: «Сендерге Кітап, хикмет бердім, соңыра жандарыңдағыны растаушы Пайғамбар келсе, әлбетте оған иман келтіріп, оған жәрдем етесіңдер! Мойындап ауыр міндетімді қабыл алдыңдар ма?» - дегенде, олар: «Қабыл алдық!»,- деген. (Алла): «Ендеше куә болыңдар. Мен де сендермен бірге куә болушыларданмын» деді». (Әли Имран сүресі, 81 аят).

Иса ғалейһиссәләм көктен түскеннен кейін жер бетінде қырық жыл өмір кешетіндігі риуаятта айтылған. Таялисидің «Мүснәдіндағы»[3] риуаят бойынша, Иса қайтыс болғаннан кейін мұсылмандар жаназасын шығарып, оны (мұсылманша) жерлейді. Таялисиден өзгесі келтірген риуаятта, Оның (Исаның) Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір Сыддықтың ортасына жерленетіндігі айтылады. Тағы бір риуаятта екі шейхтың (Әбу Бәкір мен Омар) ортасына жерленетіндігі айтылған. Екі пайғамбардың арасында жататын екі шейх неткен бақытты.

«Шархул ъақаид» кітабында: «Ең дұрысы: Иса ғалеһис саләту уәссәләм адамдарға намаз оқытып, имамдық етеді. Мәһди оның артында ұйып тұрады. Өйткені ол одан (пайғамбар ретінде) абзалырақ, сондықтан имамдыққа лайығырақ» делінген. Бұл мәліметтің біздің жоғарыда айтып кеткенімізге теріс еместігі жасырын емес.

Кейін Яжуж бен Мәжүж тайпасы шығады. Олардың бәрін Алла Тағала Иса ғалейһиссәләмның оларға қарсы жасаған дұғасының берекетімен тып-типыл етіп жоқ қылады.

«Минәхур Раудиль Әзһәр фи шархиль Фиқһиль Әкбәр» атты кітаптан.
Авторы: Ғұлама хадисші әрі фиқһшы Әли ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Қари.
Қайтыс болған жылы: Хижри 1014 жыл.


[1] Дұрысы «Егер Мұса арамызда тірі жүргенде...» деген нұсқасы, Имам Ахмадтің Мүснәдінда келтірілгендей.
[2] Шархуш Шифа лильҚадый Айяз. Авторы: Нуруддин Мулла  ибн Сұлтан Мұхаммед әл-Һәрәуи әл-Қари.
[3] Әбу Дәуід Сүлеймен ибн Дәуід ибн Жәруд ат-Таялиси әл-Басри. Қ.б.ж.: Х.204 ж. «Мүснәд»: хадис жинағы.

0 пікір