Бесік жырын қалай айтқан дұрыс?
Бесік жырын қалай айтқан дұрыс?
19 күн бұрын 1007
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

Нəрестенің кіндігі түскен соң, оны бесікке салып, көрші-қолаң, туыс-туғандардың əйелдерін түгел шақырып, «бесік той» жасайды. Ал, той жасауға жағдайы келмегендер, өз əлдеріне қарай баласын қуана-қуана бесікке салады.

Қалыптасқан қазақ салты бойынша баланы бесікке ауылдағы жолы, жасы үлкен, үлгі-тағылымды, балалы-шағалы əйелдің бірі салады немесе білікті, өнерлі, ел-жұртқа сыйлы əйелдердің біріне баланы бесікке салуына үлкен кісілер жол береді. Баланы бесікке салатын адам алдымен бесікті аластап, «бісміллə» деп жөргегін салады, бесіктің түбекқояр тесігінен «тыштыма» ырымын жасап, онан соң түбегін салып, бесікті жасап, сəбиді бесікке салып: "ағаш бесікке түстің, адам қатарына қосылдың; ата-анаңа опалы, ел-жұртыңа қайырлы азамат бол!" – деп игі тілек білдіріп бөлеп тастайды. Баланы бесікке салған əйелге баланың анасы сый-сияпатын жасайды.

Баланы бесікке салып, бөлеп болған соң, келген қонақтар тойға əзірленген ас-тағамдардан дəм татып, əзілдесіп, өлең айтып, көңіл көтеріп қайтады. Бесік тойға келгендер сəбиге арнап көйлек-көншек, шашу апарады. Жанкүйер туыстары қой-қозы, тай-тайынша атайды.

Тəрбиелі де тəлімгер қазақ аналары баланы бесікке салған күннен бастап «Бесік жырын» айтып, перзенттерінің көкірегі ояу, елін сүйген азамат болып есеюін тілеп, қасиетті халық жырын ұрпақтар құлақтарына құя берген.

Бесікке сүйеніп отырған ана ақ сүтімен қоса:

– Əлди-əлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Балапандай мұзбалақ,

Қанатыңды қақ, бөпем!

Арыстандай жауыңа,

Айбаттанып шап, бөпем!

Қай-қашанда халқыңды,

Қамқоршы боп бақ, бөпем!

Өз құрбыңның алды боп,

Өнер шамын жақ, бөпем!

Ата-бабаң таппаған

Тапқырлықтар тап, бөпем!

Кең бол байтақ далаңдай,

Далаң жомарт – анаңдай.

Сүйсең Отан, жеріңді,

Болар анаң көңілі жай,

Əлди-əлди, əлди-ай!

Аспандағы жұлдызым,

Суда жүзген құндызым.

Ізгі ісіңе ел сүйінер,

Қас қырандай шүйілер,

Азамат бол, əлди-ай! – деп бесік жырын тамылжыта төгіп, ұрпақтарына мол рухани азық беріп отырған.

Қазақ аналары бесік жырын ермек үшін немесе баласын жұбату үшін ғана айтпаған. Қайта, халықтың ауыз əдебиетін ұтымды пайдаланып, ұрпақтарының құлағына халықтық салт-дəстүр мен адамгершіліктің, ізгіліктің өркенін сіңіріп, даналық тағылымдарын құю үшін айтқан.

Бесік жырын айтқан ана көңілі көтеріліп, «бесік жырымен» бірге болашақ өмірге алып ұшып, талпынған бесіктегі бөбегіне: «Өскенде, есейгенде кім боласың?» – деп жыр аяғын мынадай игі тілектерге ұластырып отырған:

– Балғын қолың іс алып,

Балдыр мойның күш алып.

Бізді бағар ма екенсің?!

Сом құрықты майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан елді айырып,

Жігіт болар ма екенсің?!

Дулыға-сауыт киініп,

Жауға батыл тиісіп.

Батыр болар ма екенсің?!

Өлең сөзден дес бермес,

Нөсерлетер төске өрлеп,

Ақын болар ма екенсің?!

Таңдайларың тақылдап,

Шешендерді тақымдап.

Сөз сөйлейтін тақпақтап,

Шешен болар ма екенсің?!

Дүйім елді бастайтын,

Қиын жерде саспайтын.

Бақ-дəулетке таспайтын,

Көсем болар ма екенсің?!

Ал, баланы бесіктен шешіп аларда:

– Бөпемді шешіп алайын,

Нұр жүзіне қарайын.

Емін-еркін керіліп,

Қуандырсын маңайын.

Атасын іздеп барса екен,

Барып асыр салса екен.

Қайта келіп жатқанша,

Бесікте ұйқы қалса екен! – деп сəби жанын қуаныш пен шаттыққа бөлеуге тырысады.

Тарихта «Бесік жыры» ғаламат тəрбие құралы болған, ұрпақтарды адамгершілікке, ізгілікке, береке-бірлікке, достыққа жетелеп, ұлттық салт-дəстүрдің нəрімен сусындатқан.

Пікір білдірілмейді.