Қазақ ұғымындағы 6 байлық
Қазақ ұғымындағы 6 байлық
3 ай бұрын 1090
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫп

Қазақ халқы ұрпақ тəрбиесінде, тəрбиелік мазмұны бай, қамти- тын көлемі жан-жақтылы, кең болуына баса назар аударып, өмірдің жақсы-жаман тұстарын жүйелі ұғындырып, өмірдің аумалы-төкпелі болатынын, басқа бақ қонып, атақ-даңққа бөленгенде асып-таспай, қиындық көргенде саспай, үнемі кішіпейіл, халықшыл болу қажеттілігін ерекше ескертіп, əрбір адам баласы өз тіршілігінде мынадай алты байлықтың қадірін білу керектігін тəптіштей түсіндіріп отырған.

1. Жастықтың қадірін білу

Жастық шақтың екі айналмас алтын дəуір, өнер-ғылым үйренетін, əрқандай қиындықты бұйым құрлы көрмей, аңсаған арманға жетіп, бақыт-байлық жарататын, арындаған, жалындаған кез екендігін шынайы ұғынып жəне оны ғанибет біліп, жастық шақты мəнді, мағыналы өткізуге күш салу керек. Яғни, «жас болсаң – білім жиып бойлап өс, қартайсаң – қасиетті ойға көш» деген даналықты есте берік сақтап, «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда дəулет бер» дейтін халық даналығының мəніне терең үңіліп, жас дəуренді қадірлеп, аялап, оны бос ойын-күлкімен өткізбей, бойда күш-қайрат бар кезде өнер- ғылым, үлгі-тағылым үйреніп, қартайғанда адал еңбегі мен ащы терінің игілігін көру, халыққа, Отанға, туған жерге бақыт-байлық жарату, яғни, жас дəуренді ойын-күлкімен өткізіп жіберіп, бойдан қуат, бастан ақыл кемігенде «қап!» деп өкініп қалудан сақтану. Жастықты – теңдессіз бақыт-байлық деп білу.

Бұл тəрбиенің де өзіндік маңызы бар. Ол ұрпақтарды жастық шақты қадірлеп мəн-мағыналы өткізуге, жастайынан өнер-білім үйреніп, халқына, Отанына адал қызмет етуге, мəдениетті, өнегелі болуға жетелейді.

2. Денсаулықтың қадірін білу

Қазақ халқы «бірінші байлық – денсаулық» деп денсаулықты бəрінен жоғары қояды əрі үнемі «денімді сау, басымды аман қыл» деген игі тілекте болып, түрлі əдіс-шараларды қолдана отырып, денсаулықтың қадір-қасиетін ұғынуды дəріптейді. «Ауру – астан» деген аталы сөзді есте берік сақтап, тазалық пен ішіп-жемге ерекше көңіл бөлуді; денсаулыққа зиянды нəрселермен, лас, бұзылған азық-түлік пен сусындықты пайдаланбау, шектен тыс тойып тамақ ішпеу, уағында, қалыпты тамақтануға əдеттену; түрлі жұқпалы аурулар мен дене мүшелерін зақымдайтын жаман əдеттерден аулақ болып, денсаулықты сақтауды үйретеді.

Бұл тəрбие ұрпақтарды дені сау болып есейіп-ержетуге жетелейді.

3. Өмірдің қадірін білу

Әрбір адам, өмірге ой көзімен, биік адамдық ақыл-парасатпен қарау, жарық күнді қадірлеп, жақсы өмір сүруге дағдылану, өнер-білім, үлгі-тағылым үйреніп, өмірдің мəн-мағынасын арттыру; əр күн, əр сағаттың қадір-қасиеті мен қымбатын жете түсініп, арайлап атқан таңды ғанибет білу; «ақыры өтетін өмір ғой» деп ойына келгенді істеп, айналаңа лаң салып, адамдық өмірдің қасиеті мен мəн-мағынасын жоғалтып алудан сақтану керек.

Бұл тəрбие ұрпақтарды өмірді мəнді, мағыналы өткізуге, өнер-ғылымды меңгеріп, үлгі-өнегелі болып, өтіп жатқан уақыттың қадір-қасиеттерін арттыруға баулиды. Жаман əдет, жағымсыз іс-қылықтардан аулақ болуға жетелейді.

4. Халықтың қадірін білу

Халық – күллі бақыт-байлықтың қайнары, өнер-ғылымның қамбасы, дүниенің қожасы екенін шынайы түсіну тиіс. Халықсыз қара жер де құлазитындығын ұғыну; əрдайым: «халқымнан айырма, халқымды қор қылма» деген игі тілекте болу; шен-шекпен, атақ-даңққа бөленіп, қолда қуат, бойда жігер, баста ақыл толық кезде халыққа көбірек қызмет істеу; халықтың ұлылығын, күштілігін, қаһарлылығын ұмытпау; қадір-қасиетін ардақтап, қуанышына қуанып, қайғы-қасіретіне ортақтаса білу; əр кез өзін халықтан жоғары қоймау; ханның ісі – қараға, шалдың ісі – балаға түсетін күндер туатынын ешқашан естен шығармау; қашанда халықпен бірге болып, олармен тағдырлас, тыныстас болу; халықты қараламау, көпке топырақ шашбау керектігін білу тиіс.

Бұл тəрбие ұрпақтарды халықшыл, көпшіл болуға жетелеп, санасын жоғарылатады. Кішіпейіл болуға дағдыландырып, менмендіктен, тəкаппарлықтан аулақ болуға баулиды.

5. Туыс-туған, дос-жаранның қадірін білу

Есейген əрбір адам баласы туыс-туған, дос-жаранның – өзі үшін шексіз байлық, өлшеусіз рухани тірек екендігін жете ұғынып, «туыс- туған, дос-жараның – байлығың, сейілтетін қара бұлтын қайғының» дегендейін, «туыс-туған, дос-жарандарымнан ерте айырма» деген халық даналықтарын есте берік сақтай отырып, қамшының сабындай келте ғұмырда барша адам баласының бір-біріне қонақ екендігін жете ұғынып, əр жолғы дидарласу мен аман-сəлем жасасудың өзін бір ғанибет біліп, бір-бірін қадірлеп, құрметтеп, сыйлап, қолдан келген көмегін жасап отыру керек; аз күндік өмірде өзара аңдысып, дауласып- жауласып жүріп, бір-бірінен айырылып қалған күні: «əттеген-ай!» деп өкініп қалудан сақтану; басыңа бақ қонып, дəулетің мол кезде жат жандардың да маңайыңа құмырысқаша қаптап, басыңа іс түскенде тек туыс-туған, дос-жарандардың ғана қабырғасы қайысатынын ұмытпау; дос-жаран, туыс-туғаннан қол үзіп қалудан аулақ болу керек.

Бұл тəрбие ұрпақтарды бауырмалдыққа, береке-бірлікке, татулық- қа жетелеп, адамдарды, тасбауырлықтан, рақымсыздықтан, қатігез- діктен арылтып, адамдық сүйіс пеншілікті арттырады.

6. Қолда бардың қадірін білу

Қасыңдағы, ауыл-аймағыңдағы үлгі-тағылым, өнер-білімде өзіңнен мойны озық адамдарды қадірлей біл. Оларға құрметпен қара. Білімді адамдар мен ұлы адамдардың өте елеусіз, қарапайым болатынын ұмытпа. Ешқашан да оларды: «кеше менімен бірге жүрген, бірге тұрған, атақ-абыройы мен мал-дүниесі маған жетпейтін» деп олардың даналығын, тапқырлығын, игілігін көргенде көрмеске салма, қызғаншақтыққа, күншілдікке бой алдырма. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай!» деп өкініп қалудан сақтан.

«Барында пара-пара, жоғында жүзі қара» дегеннің аяғын құшпа. Қолыңда бір жармақ болса да шүкірлік қыл. Соның өзін шексіз байлыққа балап үнемдеп, қадірлеп істетсең, соның өзі нысапсыз бен то- йымсыздың шексіз байлығынан мəнді болады. Қолда мал-дүние болса, «болған-толған деген осы» деп албаты шашып, орынсыз жұмсап ысырап қылма. Мал-дүниені үнемдеп жұмса. «Үнемшілдік – байлықтың жартысы» деген даналықты есте берік сақта.

«Қолда бардың қадірін білу» дегендік ұрпақтарды өнер-ғылымды қадірлеуге; өнерлі, білімді адамдарды құрметтеуге; ұқыпты, үнемшіл болуға; мал-дүниені өнер-ғылым жолына жұмсауға жетелейді. Жағымпаздықтан, мал-дүниеге бой ұрып, байлар мен шен-шекпенділерге табынушылықтан тыйып, биік өнер жолын қууға, қолда барды қадірлеуге, кішіпейіл, əдепті, ибалы болуға, нысапты, тойымды болуға баулиды.

0 пікір