Алланың ризашылығы деген не? (ғибрат-хикая)
Алланың ризашылығы деген не? (ғибрат-хикая)
21 күн бұрын 1204
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Ерте заманда елдің шетінде, желдің өтінде, айшылық алыс жолдың бойында шағын ауыл өмір сүріпті. Ауылдың азаматтары арқылы да, қыздары ай маңдайлы ару екен. Олай-бұлай өткен керуендер бұл ауылдың ынтымақ-бірлігіне, тату тірлігіне қызыға қарап, тамсана әңгімелейді екен. Содан күндердің күнінде ауылдың шетіне жын-шайтанмен шатыс арам пиғылды дию келіп қоныпты. Шайтан шатыс дию күнде келіп ауылдың бір қызын тартып алып жеп кетеді. Ауыл ақсақалдары қатты дағдырып, не істерін білмей қиналады. Сол сәтте, жиырма жасар бір жігіт ортаға шығып:

«Қадірлі халайық, береке-бірлігіміз бұзылмаған ел едік, ел шетіне жын қонып, шаңырағымыз шайқала бастады. Егер де,  ақсақалдар батасын беріп Ұлы Жаратушы Ием қолдаса, мен «Алланың ризашылығы үшін» жын-шайтанмен күресейін» дейді.

Халықтың бәрі жиналып құдайдан медет тілеп жігітті аттандырады. Жігіт келген бойда «Аллаһакбар» деп шайтанның жағасынан ала кетеді. Күні бойы күресіп, түс ауғанда шайтан әлсірей бастайды. Жігіт шайтанды қылқындырып, аузынан ақ көбігін ағызады. Шайтан айтады: «Сен мені жеңдің, құлың болайын өлтір ме?» дейді. Жігіт шайтанды босатады.

Сол күннен бастап шайтан ауылдың ала жібін аттамайтын болып, күн сайын жігітке 20 ділдә беріп тұратын шарт орнайды. Осылай өмір өтіп жатады. Жігіт шайтан берген ақшаларды жинап байып кетеді. Ара да бір жылдай уақыт өтеді.

Бір күні жігіт таңертең оянып жастығының астына қолын созса, шайтан күнде әкеліп тастайтын 20 ділдәсі жоқ. Ашуланған жігіт атып тұрып шайтанға жетіп келіп: «Ей, албасты ділдә қайда?» дейді. Шайтан болса «мә, аласың!» деп қолын саптайды. Жігіт  атынан секіріп түсіп екеуі ұстаса кетеді. Бұл жолы шайтан жігітті екі бүктеп астына салып алады. Алқымын сығып, жанын мұрнының ұшына әкеледі. Жігіт аң-таң болып жеңілгенін мойындайды. Шайтаның шартын тыңдайды. Шайтан айтады: «Сен ауылыңды бастап мына шұрайлы жерден көшіп, көз көрмейтін алысқа кет. Әйтпесе, бәріңді жеп құртамын!» дейді. Жігіт шайтанның шартына амалсыз келісе отырып, былай дейді: «Өткен де мен сені жеңіп едім ғой, бұл жолы қалайша сен жеңіп кеттің?». Сонда шайтан былай депті: «Өткен де сен «Алланың ризашылығы үшін» деп айқастың, Алла саған шын риза болып, күш-қуат сыйлады. Бұл жолы ділдә үшін нақтырақ айтқанда, дүние үшін менімен күрестің. Сенің жеңілген себебің осы!».

0 пікір