Артынан садақа берілмейтін және дұға жасалмайтын о дүниелік жігіттің оқиғасы
Артынан садақа берілмейтін және дұға жасалмайтын о дүниелік жігіттің оқиғасы
5 күн бұрын 5635

Фақиһ Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахимаһуллаһ) былай дейді:

Мен әкемнің айтқан бір әңгімесін естіген едім. Әкем айтты, бізге жеткен бір әңгімеде Салих әл-Марий** есімді кісі жұманың түнінде таң атпай тұрып, таң намазын үлкен мешітте оқиын деп үйінен шығыпты. Жол-жөнекей бір мазараттың қасынан өтіп бара жатады да «таң намазы кіргенше, осы мазаратта тұра тұрайын» деп қабірстанға кіріп, онда дұғасын жасайды, ыңғайлы бір жерде екі рәкәғат намаз оқып алады. Кейін ойға шомып бір қабірдің бұрышына сүйеніп отырғанда көзі ілініп ұйықтап кетеді. Түсінде мазардағылардың бәрі қабірлерінен шығып, әр-әр жерде шеңбер құрып әңгімелесіп отыра кетіпті. Бірақ арасында киімі кір-кір, жүзі жабырқау бір жас жігіт жалғыз өзі оқшаулау жерге барып отырады.

Көп уақыт өтпей сол жердегілерге беті матамен жабылған табақпен сыйлықтар келе бастайды. Кімнің алдына табақ келсе, ол оны алып, қабіріне қайта кіріп жатты. Осылайша бәрі өздеріне тиесілі сыйлықтарын алып, қабірлеріне оралды. Сыйлық берілмеген бір тек әлгі жас жігіт қана. Қолына еш нәрсе тимеген ол мұңайған күйі орнынан тұрады да қабіріне кіріп бара жатады. Сонда мен оған:

-  Ей, Алланың құлы! Неге мұңаюдасың? Мен қазір көрген нәрселер не нәрсе?» - деп сұрадым. Сонда ол жігіт:

- Табақтарды көрдің бе? – деді.

- Ия, көрдім. Ол не нәрсе еді? – деп сұрадым одан.

- Ол тірілердің мархұмдарына бағыштаған сыйлықтары. Тірілер олардың атынан садақа беріп, дұға жасаған сайын, онысы жұма күні мархұмдарға жеткеріледі, - деп жауап берді де әрі қарай: «Мен Синд халқынан болған бір жігітпін. Қажылық парызымызды орындау үшін анаммен жолға шыққан етінмін. Басраға келгенімде, қайтыс болдым. Мен өлгеннен кейін анам тұрмысқа шықты. Ол күйеуіне баласы болғанын айтпады. Анам дүниеге алданып, мені ауызына алған емес (дұға еткен емес). Мен - қайғыға лайықпын, өйткені артымда мені еске алатын ешкімім жоқ, - деді жігіт.

- Анаңның үйі қай жерде? – деп сұрағанымда, ол мекен-жайын түсіндіріп берді. Сол сәтте өзім де ояндым. Мешітке барып намазымды оқып алдым да әлгі жігіттің анасының үйін іздеуге шықтым.  

Сұрай-сұрай ақырында үйін тауып, есігін қаққанымда бір әйелдің:

- Кім бұл? – деген даусын естідім.

- Есіктің алдында тұрған - Салихуль Марий, - дедім де кіруге рұқсат сұрадым. Кіруге рұқсат берді. Кіргеннен кейін оған: «Сөзімізді ешкім естімеуін қалаймын» деп оған өте жақын бардым, арамызды тек перде ғана бөліп тұрды. Жанына барып:

- Алла сені рахымына бөлесін, сенің балаң бар ма? – деп сұрадым. Ол:

- Жоқ – деп жауап берді.

- Бұрын балаң болды ма? – деп сұрадым тағы. Ол ауыр күрсінді де:

- Ия, менің балам болған еді. Бірақ, қайтыс болып кетті, - дегеннен кейін мен оған түсімдегі көргенімнің бәрін айтып бердім. Әйелдің етегі жасқа толып: Уа, Салих, ол ұлым менің бауыр етім, жүрегім. Менің жатырым - оған пана болды. Омырауым сусын болды, - деді де қолыма мың дирхам күміс ақша ұстатып: «Сүйікті ұлымның атынан, көзімнің қарашығы болған баламның атынан осы ақшаны садақа етіңізші. Енді, қалған өмірімде оны еш үмытпайтын боламын, әрдайым садақа беріп жүретін боламын» деді жылап. 

Ол жерден шыққаннан кейін мархұм жігіттің атынан анасы берген мың дирхам ақшаны садақаға тараттым.

Келесі жұмада әдетімше жұмаға бара жатып, жолдағы қабірстанға дұға етіп шығайын деп кірдім. Дұғамды жасап, сүйеніп отырғанымда тағы да көзім ілініп кетіпті. Түсімде тағы сол қабірдегілердің шыққанын көрдім. Арасында өткендегі жігіт те бар екен. Бірақ, өткендегідей емес, жүзі – жарқын. Үстіндегі киімі - әппақ, тап-таза. Менің қарап тұрғанымды байқап, қасыма жақындады да: «Маған жасаған игілігің үшін, саған Алла жақсылығын берсін, ей Салих! Бізге де сыйлық жетті» деді қуанып[1]...  

Алла бақилық болып кеткен туған-туыстарымызды рахымына алсын! Оларға жасаған дұға-тілектерімізді, бағыштаған Құранымызды, берген садақаларымызды жеткізсін! 

"Тəнбиһуль ғафилин" атты кітаптан.

Араб тілінен аударған: islam.kz


**Салих әл-Мәрий (صالح المري) - Хижри бірінші ғасырлардың орта шеңінде өмір сүрген, тақуа, әулие кісілерден еді. Сәбиттен, Қатададан хадис риуаят еткен. Хадисшілердің кейбірі оны әлсіз хадисшілер қатарына жатқызады, тіпті, хадисы қабыл етілмейді деген хадис ғұламалары да болған. Дегенмен, оның тақуалығына, Аллаға деген қорқынышына, әрі дінге беріктігіне ешкім шүбә келтірмеген. Қайтыс болған жылы Хижри 172 жыл.

0 пікір