Хадисте айтылған түскі ұйқының медициналық тұрғыда пайдасы анықталды
Хадисте айтылған түскі ұйқының медициналық тұрғыда пайдасы анықталды
28 күн бұрын 3595

Алла елшісінің кезінде үнемі орындап келген әрекеттерінің бірі – түскі ұйқы. Оны хадистерде «Қәйлүлә» деп атаған. Қәйлүлә дегеніміз, бесін уақытында бір сәт мызғып алу дегенді білдіреді. ТІпті ұйықтамаса да түс уақытында демалып алуды «Қәйлулә» дейді.

Пайғамбарымыз түс уақытында үнемі бір пәс жатып демалатын болған, әрі өзінің үмбетіне де түсте демалуды өсиет еткен. Ол (с.а.у.) бір сөзінде былай дейді:

قيلوا فإن الشيطان لا يقيل

«Қәйлүлә жасаңдар (түсте дем алыңдар). Шынында шайтан қәйлүлә жасамайды»[1].

Пайғамбарымыздың әрбір сөзінің астарында үлкен мән-мағына бар екендігі мәлім. Алла елшісінің осы бір өсиетінің де астарында үлкен мағына жатқандығы бүгінде анықталып отыр.  Қазіргі таңдағы медицина саласының мамандары түскі ұйқының адам денсаулығына тигізер пайдасын жарыса жазуда.

Грек еліндегі Asklepieion Voula атты госпиталдағы ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша, түскі ұйқының тек адамның әл-дәрменінің деңгейін көтеріп қана қоймайды, ол жүрек талмасына ұшырау қауіпін де төмендетеді екен.

«Күндізгі ұйқы, қан қысымының деңгейін төмендетеді», - деді зерттеушілердің бірі доктор Манолис Калистратос (Manolis Kallistratos).

Грециялық мамандар орташа жасы 61-62 дегі жоғарғы қан қысымымен ауыратын 212 ер мен әйелдерді зерттеді. Зерттеуге қатысушылардың әрбір төрт адамның бірі темекіге әуес, әрі 2-ші деңгейлі қант ауруының диагнозы анықталғандар.

М. Каллистратос пен оның командасы зерттеуге қатысушыларды түсте ұйықтайтындар және түсте ұйықтамайтындар деп екі топқа бөледі. Зерттеу нәтижесінде, түс мезгілінде бір пәс ұйықтауға мән беретіндердің қан қысымының деңгейі, түсте ұйықтамайтындарға қарағанда бес пайызға төмен (5,3 мм рт. Ст.) екендігі анықталған. Бұл көрсеткіш қан қысымын төмендету үшін ішілетін дәрілердің көрсеткішімен тең.

«Алынған дерек үлкен маңызға ие. Өйткені, қан қысымының 2 мм рт.ст деңгейіне түсуі, жүрек-тамыр ауруларының даму қауіпін 10% дейін төмендетуге мүмкіндігі бар» деп өз пайымын айтып өтеді М. Каллистратос.

Ғалымдардың айтуына қарағанда, күндізгі ұйқының қан қысымына тигізер пайдасының деңгейін зерттеу шарасы алғашқы рет жүргізіліп отыр[2]. 

Ендеше, Ислам мәдениетінде «сүннет» ретінде саналып келген «түскі ұйқының» адам денсаулығына тигізер пайдасының орасан зор екендігінің анықталуы, Алла елшісінің хадистерінің қасиеттілігінің тағы бір дәлелі десек артық айтқан болмаспыз.


[1] Имам Табарани: әл-Муъжәмуль Әусат. Хасан хадис.
[2] apteka.ua

Дайындаған:  islam.kz 
0 пікір