Тәубе жайында
Тәубе жайында
29 күн бұрын 1194
Бақтыбай Бейсенбаев

Тәубе – әр пенденің өзі жасаған күнәларына шын жүректен өкiнуі, күйiнуі дегенді білдіретін күллі мұсылман қауымына ортақ араб сөзі. Әрине, күнәсіз пенде кемде-кем. Себебi, Аллаһ тағала Адамды (ғ.с.) жаратқан кезде, оның топырағына жамандық пен жақсылықты қоса илеген деген сөз бар. Ал, жиренішті тірліктерден және жаман әдеттерден арылу тек қана екi оттың бiрiмен: яғни бұл фәниде бiлiп-бiлмей iстеген қателiгiне iштей, шын жүректен қатты өкiнiп, Аллаһқа жалбарынумен немесе ақыреттегi тозақ отымен ғана болады. Сондықтан, ақырет азабынан құтылуды ойлаған әрбір мүміннің бұ дүниеде тәубе еткені абзал.
Тәубе ету, исламда әрбiр мүмiн мұсылман үшiн уәжiп екендiгi туралы аят-хадистер көп. Аллаһ тағала Құран Кәрiмде: «Әй, мүмiндер, түгел Аллаһқа тәубе етiңдер! Мүмкiн  құтыларсыңдар» (“Нұр” сүресi, 31-аят), «Әй, мүмiндер! Аллаһқа шынайы тәубе етiңдер!» ,– деген. («Тахрим» сүресi, 8-аят)

Жаратқан иесiнiң разылығын табудан үмiтті әрбір кiсiнің тәубесі Аллаһ тағаланың пендесiне деген сүйiспеншiлiгiн оятады. Бұған «Бақара» сүресiнiң 222-аяты дәлел:

«Шәксiз Аллаһ тағала тәубе етушiлердi жақсы көредi, әрi таза болушыларды да жақсы көредi».

Тәубе етушi Аллаһтың сүйiктi пендесi болатындығы және тәубе адам баласының бiрде-бiр күнәсiн қалдырмайтындығы жайында Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде: «Тәубе етушi Аллаһтың сүйiктi пендесi, әрi бейкүнә сәбидей таза болады»,– деген. 

Аллаһ тағаланың пенделерiне мейрiмдiлiгi соншалық – егер бiр пендесi тәубе етсе, адам баласы жоғалтқан нәрсесiн тауып алғандағы қуанышынан да артық қуанады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпінде былай деген:

"Мысалы, бiр адам түйесiмен ұзақ шөл далада сапарда келе жатып бiр жерге тоқтап, түйесiнен түсiп демалмақ болады. Бiр уақытта ұйқысынан оянып кетiп жан-жағына қараса, түйесi үстiндегi ас-суымен кетiп қалыпты. Әлгi кiсi айналасына қарап, ары-берi жүгiрiп әбден шаршап-шалдығып, шөлдеп өлер халге жеткенде, қой оданша сол баяғы жайыма барып өлейiн деп, алғашқы түскен тұрағына келеді де, ұйықтап қалады. Біраздан соң оянып кетсе, түйесi үстiндегi бар азығымен келiп тұр екен. Әлгi адам бұған жүрегi жарылардай қуанады. Мiне, Аллаһ тағала мүмiн пендесiнiң тәубесiне осы қуаныштан да артық қуанады»,– деген.
Хасан риуаят еткен хадис құдсийде: «Аллаһ тағала Адамның (ғ.с.) тәубесiн қабыл еткен уақытта, тiптi перiштелер де қуанып Адамға (ғ.с.) сүйiншi айтып құттықтады. Жәбiрейiл (ғ.с.) мен Микәйiл (ғ.с.) Адамға (ғ.с.) келiп: «Әй, Адам, сүйiншi! Аллаһ тағала тәубеңдi қабыл еттi»,– дедi.

Адам (ғ.с.): «Әй, Жәбрейiл, осы тәубеден кейiн сұрақ-жауап болса, ақыретте менiң жайым қай жер болады?»– деп сұрады. Аллаһ тағала уахи етiп: «Ей, Адам! Сенiң ұрпағыңа сынақ ауыртпалығын бердiм. Ал, осы тауқыметтерден өте алмағандарға тәубенi бердiм. Кiмде-кiм маған дұға етсе, саған ләббай дегенiмдей, оларға да ләббай деймiн. Кiмде-кiм кешiрiм сұраса, сараңдық жасамаймын. Себебi, мен оларға жақынмын, әрi дұғаларын қабыл етушiмiн. Ей, Адам! Қиямет күнi тәубе етушiлердi қабiрiнен сүйiнiштi және де дұғаларын қабыл еткен күйі тұрғызамын»,– деген.

Аллаһ тағала Құран Кәрiмде шынайы мүмiндердің қандай екендiгiн баяндай келе, оларға ақыретте ұлық дәрежелi орындар болатындығын айтып сүйiншiлейдi:

«Ал, олар қашан арсыздық iстесе не өздерiне зұлымдық жасаса, Аллаһты естерiне алып, күнәларының жарылқауын тiлейдi. Күнәларды Аллаһтан басқа кiм жарылқайды?! Сондай-ақ олар iстеген iстерiне бiле тұра қасарыспайды. Мiне, солардың сыйлықтары – Раббылары тарапынан жарылқау және астарынан өзендер ағатын ұжмақтар. Олар онда мәңгi қалады. Амал iстеушiлердiң сыйлықтары қандай жақсы!». («Ғимран» сүресi, 135-аят).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзiнiң хадис-шәріпiнде:

«Шынында, Аллаһ тағала пендесiнiң жан тәсiлiм халiне келмей тұрғанда еткен тәубесiн қабыл етедi»,– деген. 

«Иман келтiрiп, әрдайым тәубесiне келiп, күнәлары үшiн Аллаһтан кешiрiм сұрап жүрген пенденiң жан тапсыруы жеңiл болады, әрi оның соңғы сөзi: «Лә илаһа  илаллоһу Мұхаммадур расулуллоһ»,– деген куәлiкті айту болады. Ал иман келтiрмей, тәубесiз жүрген пенделердiң жаны алқымына тығылып, мұны айтуға тiлi келмей, тамағы қырылдап  қалады. Мұндай жағдайда шын жүректен күнәсiне өкiне тәубе етушiнiң тәубесін Аллаһ қабыл етедi»,– деген де хадис бар. Аллаһ тағала пенделерiне аса мейiрiмдi, әрі рахымды, кешiрiмдi, тәубелерді қабыл етушi.

Бір хадис-құдсиде былай әңгімеленеді:

«Бiр күнi пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Жәбiрейiл (ғ.с.) келiп:
– Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.), Аллаһ тағала саған сәлем дедi. «Үмметiңнен кiмде-кiм өлiмiнен бiр жыл бұрын тәубе етсе, тәубесiн қабыл етем»,– дедi.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Үмметiнiң көптiгiнен аңдаусыз қалып қоюы мүмкiн. Сондықтан, үмметiме бiр жыл көп,– дедi.
Жәбiрейiл (ғ.с.) кетiп, кейiн қайта оралып:
– Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Раббың: «Кiмде-кiм өлiмiнен бiр ай алдын тәубе етсе қабыл етемiн»,– дедi.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Әй,  Жәбрейiл, үмметiме бiр ай да көптiк етедi,– дедi.
Жәбiрейiл (ғ.с.) қайта оралып:
– Әй, Мұхаммед! Раббың: «Үмметiңнен кiмде-кiм өлiмiнен бiр күн бұрын тәубе етсе қабыл етемiн»,– дедi.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Үмметiме бұл да көп,– дегенде. 
Жәбiрейiл (ғ.с.) үшiншi мәрте қайта оралып:
– Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.) Аллаһ тағала: «Үмметiңнен кiмде-кiм өлiмiнен бiр жыл бұрын немесе бiр ай, немесе бiр күн, немесе бiр сағат бұрын, тiптi жаны алқымына келiп, тiлi күрмелiп, сөйлей алмай қалған жағдайда да  шын жүректен күнәларына тәубе етсе, күнәсiн кешiремiн»,– дедi»,– деген. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тәубе туралы  қайта-қайта сұрауы, Аллаһ тағаланың Құран Кәрiмде: «Расында, сендерге iштерiңнен ардақты бiр Пайғамбар келдi. Оған, қиналуларың ауыр  тиедi.  Сендерге өте ынтық, мүмiндерге өте жұмсақ, ерекше мейiрiмдi»  («Тәубе» сүресi, 128-аят),– деп сипаттағынындай, үмметтерiне аса рахымды, ерекше мейiрiмдiлігінен еді.

Осы хадиске хазреті Омар (р.а.) Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бiрге ансарлардың бiрiнiң үйiне барғандағы оқиғасы дәлел: 

Бiр күнi хазретi Омар ибн Хаттаб (р.а.) пайғамбарымыз Мұхаммедпен (с.ғ.с.) бiрге бір ансар сахабаның үйiне кiрсе, ол кiсiнің жағдайы нашарлап, өлiм төсегiнде жатқан екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһқа тәубе ет!»– дедi. Әлгi кiсi тiлiн икемге келтiре алмай, екi көзiн аспанға қаратқанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күлiмсiредi. Сол уақытта  хазреті Омар (р.а.): «Әй, Аллаһтың пайғамбары, неге күлдiңiз?»– деп сұрады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл кiсi тiлiмен тәубе ете алмай, көзiмен аспанға қарап, шын жүрегiмен өкiнiп тәубе еттi. Аллаһ тағала: «Ей, перiштелерiм, мына пендем, тiлiмен тәубе етуге шамасы келмей шын ықыласымен, жүрегiнен ашынып тәубе еттi. Мен де оның тәубесiн және шын жүректен күйiнгенiн бос қалдырмаймын. Расында, мен оны кешiрiп, тәубесiн қабыл еткендiгiме сендер де куә болыңдар!»– дедi. Осы iстерге қуанып күлiмсiредiм»,– деп жауап бердi.

Бiрақ, бұдан «Өлерiмде бiр тәуба етермiн. Сондықтан, әсіресе ойнап-күлiп өмiр сүрейiн”,– деп ой түюге болмайды. Өйткені, неғұрлым тезірек тәубе етсең, соғұрлым Аллаһтың рахымына бөленесiн, әйтпесе, шайтанның азғыруына арбалып қалуың әбден мүмкін. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәрiпінде: «Мусаууафундер өледi (яғни тозақы болады)»,– деген.  «Мусаууафун» деп "жасым ұлғайғанда тәубе етiп, барлығын тастап намаз оқып, құлшылық етермiн" деп өзiн-өзi жұбатушы адамды айтады. Ол – адам баласының түбiне жететiн, адамды тозақы ететiн түсінік. Ондайдан Құдай сақтасын! 

Себебi, ешбiр адам өзiнiң қашан, қайда көз жұмарын бiлмейдi. Екiншiден, кейбіреулер бұрыннан айналысып келе жатқан iстерiн тастай алмай, тiптi оның күнәларын жеңiл санап, қорықпайды да.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметтерiне былай деп өсиет еткен:

«Ей, үмметерiм! Кәлима шаһадат пен истиғфарды парыз деп бiлiп, ол екеуiн әрдайым айтып жүрiңдер. Себебi, шайтан (оған Аллаһтың лағнетi болсын!) былай дедi: «Мен адамдарға күнә iстер iстетiп, олардың түбiне жетiп тозақы етемiн десем, олар кәлима шахатадпен Аллаһқа истиғфар айтып, менiң түбiме жетпекшi. Осыны көрiп оларды бос, сауапсыз iстермен әуре етіп қойдым. Ендi олар өздерiн тура жолда жүрмiз деп ойлайды да, Аллаһға истиғфар айтпайды».

Басқа бiр хадис-шәріпте: «Аллаһ тағала Адамды (ғ.с.) жаратып, оған перiштелерге және Әзәзiлге сәжде етудi бұйырғанда, Әзәзiл тәкаппарлық жасап, пейiштен қуылған уақытта: «Әй, Раббым! Сенiң құдiретiңе ант етiп айтамын. Адам баласының кеудесiнде жаны бар екен, азғырғаным – азғырған,– дедi. Аллаһ тағала: «Ей, малғұн! Құдыретiм және ұлықтығыммен ант етемiн. Егер пенделерiм тәубе етiп, истиғфар айтса, күнәларын кешiремiн»,– дедi.

Аллаһ тағала Құранда: «Күнәларды Аллаһтан басқа кiм жарылқайды. Сондай-ақ,  олар (мүмiндер) iстеген iстерiне бiле тұра қасарыспайды» (“Ғимран” сүресi, 136-аят),– деген. 

Осы аят түскенде Iбiлiс лағнетi әскерлерiн бар даусымен айқайлап шақырған екен. Сонда  алай-дүлей болып, басына топырақ құйылып кетедi. Шөлдегi, көлдегi барлық жердегi қызметкерлерi келiп: «Әй, жетекшi ұлығымыз! Не болды?»– деп сұрайды.  Шайтан малғұн: «Құранның мына бiр аяты түстi. Ендi адам баласының бiрде бiрiне кесiр тигізе алмайтын болдық»,– дедi. Қызметкерлерi: «Ол – қайсы аят?»– деп сұрағанда, оларға жоғарыдағы аятты оқып бердi. Яғни, бұл аяттың мағынасы «мүмiндер iстеген iсiн мойындап, Аллаһқа әрдайым истиғфар айтып, тәубесiне келiп, тәкәппарлық көрсетпей өзiн төмен санап, ғибадаттарының қабыл болуын Аллаһтан сұрап жүредi деген»,– деп түсiндiредi. Қызметшiлерi: «Олай болса, бiз оларға пайдасы жоқ, сауапсыз iстердi көрсетемiз. Сонда олар өздерiн «Тура жолдамыз» деп ойлап тәубе етпей, истиғфар айтпай жүре бередi»,– дедi. Шайтан лағынет: «Ондай болса, дұрыс екен!»– деп көңiлi жай тауып, қуанып қалады.

Адам баласы әрдайым, жүрсе де, тұрса да Аллаһты есiнен шығармай, шүкiр етiп, жақсылығын тiлеп, сауап үмiт етiп, күнәларының кешiруiн сұрап, тәубе етiп жүрсе, Аллаһ тағала да ол пенденi ерекше жақсы көредi. Бұл адам баласының пенделiк мiндетi болып саналады. Ал, шүкiршiлiк етпей, кешiрiм сұрамай  жүруi – тәкаппарлыққа. Егер  күнәсi көптiгiнен кешiредi ме, әлде жоқ па деп кешiрiм сұрамай, тәубе етпей фәниден өтетiн болса, ақыретте Аллаһ тағала ол пендесiн жеке алып сұрайды. Бұл жайында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай хадисi бар:

«Қиямет күнiнiде Аллаһ тағала: «Ей, адам баласы, менен жақсылық, үмiт етiп дұға етпедiң. Ей, адам баласы, күнәң аспанға жеткен болса да, менен кешiрiм сұрасаң, кешiрер  едiм. Ей, адам баласы, сен жер бетiнде қанша күнә iстесең де маған еш нәрсенi серiк қоспай жолықсаң, Мен саған сонша кешiрiм жасар едiм»,– дейдi.

Сондықтан, әрдайым тәубе етiп, Аллаһқа истиғфар айтып, үмiтiмiздi үзбей, жарылқау сұрап жүрсек, осы дүниенiң өзiнде-ақ Аллаһ тағала бiзге  өз нығметiне бөлеп, барлық қиыншылықтардан құтқарып, ризығын молайтады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде: «Кiмде-кiм  Аллаһтан күнәлары үшiн кешiрiм сұрауды өзiне мiндет тұтса, Аллаһ тағала да ол пенденi барлық қиыншылықтар мен қайғы-қасыреттен құтқарады. Және оған ойламаған жерден несiбесiн бередi»,– деген.

Аллаһ тағала Құран Кәрiмде: «...Мейірім – жан біткеннің бәріне ортақ» (“Әғраф” сүресi, 156-аят),– деген. Осы аят түскен уақытта Шайтан лағынет: «Мен де сол жандардың бiрiмiн. Маған да Аллаһтың рахметiнен несiбе болар»,– деп үмiттендi. Дәл осылай еврейлер мен христиандар да үмiттендi.
Сол уақытта Аллаһ тағала: «Мейiрiм-рахымымды тақуалық еткендерге, зекет бергендерге және аяттарымызға сенгендерге тез жазамын»,– аятын түсiрген едi. Аяттарымызға сенгендер дегенде Шайтан лағынет Аллаһтың рахметiнен үмiтiн үздi.

Еврейлер мен христиандар: «Бiздер, Аллаһқа серiк қосудан қорқамыз, зекетiн беремiз, Аллаһтың аятына сенемiз»,– дедi. Сонда Аллаһ тағала: «Олар (мейірімге қол жеткізетіндер) сондай жандарындағы Тәуратта және Iнжiлде жазулы жiберiлген, умми Пайғамбарға (с.ғ.с.) ергендер едi» (яғни, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын растап, соңынан ергендер),– дедi.  Мiне, сондықтан Аллаһтың рахметi тек тәубе еткен мүмiндерге ғана.

Асығыстық шайтанның iсi дегенiмен, бес нәрсеге:

1. Мәйiттi жерлеуге;

2. Бойжеткен қыздарды ертерек тұрмысқа ұзатуға; 

3. Қарыздан барынша ертерек құтылуға; 

4. Күнә iстен кейiн тез тәубе етуге; 

5. Келген мейманға тағам беруге асығу – сүннет.

Мұндай ұлық нығмет тек пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметiне берiлген. Iлгергi пайғамбарлардың барлығы да Аллаһтың Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметiне берiлетiн нығметiне тамсанып өткен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде, бүкiл адам баласының атасы болған Адамның (ғ.с.) былай дегенiн: «Аллаһ тағала Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметiне маған бермеген бес нарсенi бердi: бiрiншiден – менiң тәубем Меккеде ғана қабыл болды.  Яғни, Аллаһ тағала Адамның (ғ.с.) тәубесiн Меккеде Арафат тауында қабыл еткен. Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметi қай жерде тәубе етсе де Аллаһ тағала олардың тәубелерiн қабыл етедi. Басқа үмметерден артықшылығының бiрi осында. Алдыңғы өткен үмметтердiң ғибадат, тәубе тағы басқа Аллаһқа жалбарыну сияқты амалдары шiркеу сияқты белгiлi бiр орындармен шектелген. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның үмметiне жер бетiнiң кез келген орнында ғибадат етуге рұқсат берiп, тәубелерiн қабыл болатын етiп қойды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде: «Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның үмметi басқа үмметтерден барлық жер намаз оқитын жай етiлумен ерекшелендi. Басқа үмметер ғибадаттарын тек қана шiркеулерiнде оқыған»,– деген.
Екiншiсi – мен киiмдi едiм. Аллаһ тағалаға күнә жасап едiм, Аллаһ менi жалаңаш етiп қойды. Ал  Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметi тыржалаңаш болып күнә iстесе де, Аллаһ оларды киiндiредi.
Үшiншiсi – мен Аллаһ тағалаға күнә iстегенiмде, Аллаһ менен әйелiмдi ажыратты. Адам (ғ.с.) мен Хауа анамызды жерге түсiргенде, екеуiн екi жаққа адастырып жiберген. Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметтерi күнә iс iстесе де Аллаһ олардың орталарын ажыратпайды.
Төртiншiсi – мен пейiште жүрiп күнә iстеп қойған едiм, Аллаһ тағала менi пейiштен шығарып жiбердi. Мұхамммедтiң (с.ғ.с.) үмметi пейiштiң сыртында (жерде) жүрiп күнә iстеп, кейiн тәубе етсе, Аллаһ тағала оларды пейiшке кiргiзедi,– деп айтқан.

Бұл уәделердiң барлығы ақыретте болатын нәрселер. "Мен көп күнә жасаған адаммын. Аллаһ менi кешiрiп, тәубемдi қабыл ете ме" деп күмәндану – шайтанның iсi. Аллаһ тағала тәубенiң жемiсiн, тек ақыретте ғана емес, осы дүниенiң өзiнде де көрсетедi. Бұл да болса тәубенiң қасиеттерiнiң – бiрi. Егер де тәубе еткеннен кейiн, күнә iске қайта бармаса, Аллаһ тағала ондай адамға басқа нығметтерiмен бiрге, ата-анасына мейiрiмдi, жанашыр, өте зерек, дана перзенттер бередi. Әрбiр адамның өмiрдегi үлкен армандарының бiрi де – осы емес пе?

Бухаридың кiтабында тәубенiң берекесi жайлы ислам данышпандары былай деген:

«Кiмде-кiмге Аллаһ төрт нәрсенi нәсiп етсе, ол адам және төрт нәрседен құр қалмайды. Аллаһқа жалбарынып дұға етудi нәсiп етсе, дұғасының қабыл болуы сөзсiз».

Аллаһ тағала Құран Кәрiмде: «Маған дұға етiңдер, тiлектерiңдi қабыл етемiн»,– деген.
Аллаһтан күнәсiнiң кешiруiн сұрайтын болса, күмәнсiз кешiрiледi. Аллаһ тағаланың: «Расында, Аллаһ күнәларды кешiрушi»,– деген сөзi бар.
Аллаһтың нығметiне шүкiр етсе, Аллаһ тағала нығметтерiн және де көбейтедi.
Аллаһ тағала Құранда: «Егер шүкiр етсеңдер, сендерге нығметiмдi көбейтiп беремiн»,– деген.
Кiмде-кiм тәубе етсе, тәубесi қабыл болады. Аллаһ тағаланың Құран Кәрiмде мынадай сөзi бар: «Аллаһ пенделерiнiн тәубесiн қабыл етiп, күнәларын кешiредi»,– деген.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) өзi әр күнi 70 рет истиғфар айтып, тәубе етiп және үмметiне де тәубе етiп жүрудi бұйырған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде: «Аллаһқа ант етiп айтамын. Мен де күнiне 70 реттен аса Аллаһтан кешiрiм сұрап, тәубе етемiн»,– дедi.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бiр хадисiнде: «Ей адамдар, Аллаһқа тәубе етiңдер. Расында, мен де күнiне жүз мәрте тәубе етемiн»,– деген.

Сондықтан, құрметті жамағат, бұл дүниеде біліп-білмей жасаған әрбір бейәдеп істеріміз үшін тәубеге келіп, Аллаһ тағаланың рахымына бөленуге асығайық.

"Жұма мінбері"

0 пікір