Жар таңдауда нені ескеру керек?
Жар таңдауда нені ескеру керек?
22 күн бұрын 1643

Кісі өмірінде үлкен жауапкершілікті қажет ететін істің бірі – жар таңдау. Жаратылыстың бәрі жұп-жұбымен жаратылғаннан кейін, жалғыздық тек Құдайға жарасады. Ер мен әйел бір-біріне мұқтаж етіп жаратылған. Бұл – Адам ата мен Хауа анамыздан бері келе жатқан табиғи құбылыс. Кез-келген қауымға пайғамбар боп жіберілген Алланың сүйікті құлдары өз үмбеттеріне үлгі. Сахаба Омар ибн әл Хаттаб (Ала оған разы болсын) айтпақшы: « Аллаға иман келтіргеннен кейін қандайда бір пенде көркем мінезді, өзі ұнататын және бала туатын әйелден өткен жақсылық көрген емес». (Байһақи, «әл Кубро»,7/82, 13257).

Жар таңдау – жауапкершілікті қажет етеді.  Сол себепті, бұл істе  біздерге үлгі болар Алланың пайғамбарлары екені мәлім. Сонымен, Муса пайғамбар туралы төмендегі деректер бізге осы мәселеде көмек беріп, ой саларына сенімім мол.

Сафура – Шұғайып пайғамбардың (Алланың сәлемі болсын) қызы.  Ол әкесінің қартайып, іске жарамауына байланысты өзінің сіңілісімен бірге күн сайын қойларын көкке шығарып бағып келетін еді.  Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) елінен көшіп, Мәдиян еліне келгенде жолшыбай көп ер кісілердің құдық басына жиналып, өздерінің малдарын суғару үшін су шығарып жатқандарын көреді. Бірақ Шұғайыптың  (Алланың оған сәлемі болсын)  қыздары ер кісілермен бірге араласып, көзге түсуден ұялатын еді. Осыны байқаған Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) қыздарға көмек беріп,  қойларын суғарып және ыдыстарын да суға толтырып береді. Үйге келген қыздарынан әкелері не себепті күндегіден ерте келгендерін сұрайды. Қыздары себебін баяндап бергеннен кейін, рақмет айту үшін қыздарын Мұсаға (Алланың оған сәлемі болсын) оны шақырып келуге жібереді. Сол кезде, екі қыздың біреуі ұялған күйде Мұсаға келіп (Алланың оған сәлемі болсын) істің мәнін баяндайды. Мұса: «Сен артымда жүр. Мен адасып кетпес үшін артымнан ишара қылып тас лақтырып отыр. Сөйтіп, үйіңе жетерміз»,-дейді. Көзін төмен салып, әйелдің бетіне де қарамайды. 

Осы жерде ең әуелі көңіл аударатын нәрсе. Аятта:

  فَجَاءَتْهُ إِحْدَاهُمَا تَمْشِي عَلَى اسْتِحْيَاء

«Сонда екі бойжеткеннің бірі ұялған күйде келіп...». («Қасас», 25 аят),-делінген. Бұл жердегі мәселе – Шұғайып пайғамбардың (Алланың оған сәлемі болсын) қызының инабаттылығында. Өйткені ұяттылық пен арлылық – әйел заттың басты байлығы, құрметі мен абыройы.

Демек, ер адамдар болашақ зайыбын таңдайтын кезде ұяттылығына да назар аударғаны жөн екен. Өйткені, ұят – иманнан. «Ұялмасаң, қалағаныңды істей бер» деп Пайғамбарымыз (с.а.у.) жақсылықтың басы – ұят екендігіне ишара еткен.

Қыз баласы да өз кезегінде өзіне жар болатын жігіттің бойынан көркем мінезімен қоса, күштілігі мен сенімділік қасиетіне мән бергені абзал. Өйткені, жоғарыдағы аяттың жалғасында Шұғайбтың қызы әкесіне: «Әкетайым! Оны жалдап ал! Расында ол жалданған адамдардың ең кұштісі және ең сенімдісі»,- ( Қасас, 26-аят) деп сөйлейді.  

Тек физикалық тұрғыда емес, рухани тұрғыда да күштілік маңызды. Мәселен, қиындыққа төтеп беріп, оған мойымай сабырлылық таныту да күштілік. Сенімділік – қиналғанда жаныңыздан табылар, жығылғанда таяныш, сүрінгенде сүйеніш бола білу. Қиянат жасамас, арқа сүйеріңіз бола білуі.   

Алла баршамызды ұятты, сенімді әрі күшті, асыл жар, аяулы әке болуымызды нәсіп етсін!!!

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ, 
Ақтөбе облысы, Темір ауданы, «Шұбарқұдық  кәсіпшілігі» мешітінің  бас имамы,
Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі

0 пікір