Күйеуіңізді құлшылыққа ынталандырудың 11 жолы
Күйеуіңізді құлшылыққа ынталандырудың  11 жолы
6 ай бұрын 1353
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ
  • Ол үшін ең әуелі өзіңіз де құлшылыққа ықтияттылық танытыңыз. Намаз, ораза, Құран оқу т.б. ғибадаттар толық болу керек.

  • Алла разылығы үшін еріңізге бойсұныңыз. Күйеуіңізге лайықты түрде бойсұна білу үшін Алланың разылығы күйеуіңізді разы қылуда екенін ұмытпаңыз.

  • Ғибадат-құлшылық арқылы сіздің жақсы жаққа қарай өзгергеніңіз байқалсын.

  • Алладан үнемі дұға тілеңіз.

  •  Құран аяттары мен басқа да кітаптарды бірге отырып оқуды әдетке айналдырыңыз.

  • Күйеуіңіздің ілім үйренетін сабақтар мен мешіттегі уағыздарға қатысуына себепші болыңыз.

  • Демалыс күндері тыныш бір саябақта қыдыру барысында бір-біріңізбен оқыған кітаптарды бөлісе отырыңыз. Егер ондай әдет жоқ болса, бір мәрте қолға алып көріңіз, қандай керемет нәтиже шығатынын көресіз. Күйеуіңізді ашық-шашық әйелдер жүретін жерден алыс ұстауға барынша күш салыңыз.

  • Ұстаздан шәкірт тәлім алғаны секілді сіз де күйеуіңізден үйреніп жүргеніңізді оған сездіріңіз. Діни немесе басқа да мәселелерді ұстаздан шәкірті сұрағаны секілді сіз де күйеуіңізден сұраңыз. Осы нәрсе күйеуіңізді ізденіске ынталандыратынына күмәніңіз қалмасын. Мысалы, «Отағасы, жәннаттық әйелдердің ерекшеліктері жайында Пайғамбарымыздың қандай хадисі бар екен?» – деп сұраңыз, егер білмейтін болса, «Біліп бересіз бе, ондай ерекшеліктердің менің бойымда да болғанын қалаймын!» – деңіз. Күйеуіңіз ізденеді, сұрастырады. Іздену барысында жәннаттық әйелдердің сипатын, әйелдің күйеуі алдындағы міндетін, сонымен қатар өзінің де әйелі алдындағы міндеттерін үйренеді. Себебі шариғатта көбіне ер мен әйелдің міндеттері қатар айтылып, қатар жазылады. Сіз «бір оқ пен екі қоян атқан» боласыз. Оған қоса сұрағыңызға жауап алу барысында араңызда рухани байланыс орнайды, әрі сізге жауап беру арқылы күйеуіңіз де отбасындағы өзінің маңыздылығын сезініп бір марқайып қалады.

  • Күйеуіңіздің Құран немесе намаз оқуы сізді қатты сүйсіндіретінін сездіріңіз.

  • Жәннат, ондағы нығметтер жайында, ерлі- зайыптылардың ол жерде бақытты ғұмыр кешетінін әңгіме қылуды әдетке айналдырыңыз.

  • Көрген-білген ғибратты оқиғалар мен кітап оқудан алған әсермен өзара бөлісіп отырған жөн.

Рас, көп жағдайда отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар материалдық мәселеде өзара ақылдасып, бір-біріне жәрдемші болып жатады. Мысалы, ақшаны қалай үнемдейміз, не сатып аламыз т.б. Бұл, әрине, өте дұрыс. Рухани мәселеде де дәл осылай бірігіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.Ер мен әйелдің әсіресе құлшылық мәселесінде бір- біріне демеу беруі көптеген проблеманың алдын алады. Себебі құлшылықтағы рухани күш адамға өмір қиындығынан сүрінбей өтуге жағдай жасайды. Ерлі-зайыпты жандар арсындағы рухани байланыс қаншалықты мықты болса, шаңырақтың босағасы соншалықты берік болар еді.

0 пікір