«Мен де кінәлімін» деп айтуды үйреніңіз
«Мен де кінәлімін» деп айтуды үйреніңіз
30 күн бұрын 1630
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

Алдындағы адамның қателігі себепті көңілі қалған адам «Сен» деп емес, «Мен» деп айтуды да үйренуі қажет. Басқаны кінәлау, кінәлай салу оңай, бірақ адам өзін де кінәлай алуды білгені жөн. Өзін кінәлай білетін адам кемелдікке қарай қадам басты деген сөз. Отбасылық өмірде қандай да бір проблема орын алғанда, кінәні бір адамға артпай, екі жақ та қателігін мойындап, «менің де кінәм бар» дейтін болса, оп-оңай ымыраға келеді әрі қауіптің алдын алады.

Екінші бір мәселе, қарым-қатынаста адамның өзі емес, қателігі сыналуы қажет. Себебі адам өзі сыналған уақытта қорланғаны себепті қорғанысқа көшіп, тіпті өзін сынаған адаммен байланысын үзуі де мүмкін.

Ерлі-зайыптылар осы мәселені ескергені жөн. Мысалы, әйелі тазалыққа аз көңіл бөлетін ер адам әйеліне: «Сен мұншалықты салақ болар ма едің, тазалыққа біраз көңіл бөлмейсің бе, әбден шаршадым, үйге қонақ келсе, не дейді ертең, дәл осылай шашылып жататынын ойлағанымда, үйге оралғым да келмейді», – дейтін болса, әйел тарапына үлкен соққы боп тиеді. Бір мәселені бұлай сөз ету адамды қорлау болып саналады. Қорланғанын сезінген әйел қорғанысқа көшіп, тіпті қарсы реакция көрсетуі де мүмкін. Әйел кісі бәлкім ерінен қорыққаны себепті немесе отбасы тыныштығын сақтау үшін тазалыққа көңіл бөлуі мүмкін, бірақ жүрекке түскен жара араға салқындық түсірді емес пе?

Дәл осы жағдайда ер адам әйеліне: «Үй шашылып жатқан кезде, өзімді біртүрлі жаман сезінемін» – деп, «Мен» сөзін қолдану арқылы жұмсақ қана қайыратын болса, жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Әйелінің де көңіліне қаяу түсірмейді. Керісінше, әйелінің: «Үйдің шашылып жатқаны күйеуіме ұнамайды, үйді таза ұстайын» – деген «жауапкершілік» сезімін оятады. Сынау немесе мін тағу осы кейіпте қолданылса, ешкімнің көңілі қалмай-ақ кемшіліктің түзелуіне мүмкіндік туады. Дәл осы мәселе әйел кісіге де қатысты.

0 пікір