Баламызды ораза ұстауға қалай үйретеміз?
Баламызды ораза ұстауға қалай үйретеміз?
21 күн бұрын 714 ummet.kz
Индира ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Рамазан айы – кішкентай бүлдіршіндеріміз бен есін біліп қалған балаларымызға құлшылық пен адамгершілік құндылықтарын түсіндіріп, үйретуге үлкен мүмкіндік. Ғалымдар адамның кісілігі яғни тұлғалық ерекшелігі 6 жасқа дейін қалыптасатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Баланың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуы үшін қажетті сүйіспеншілік, сыйластық, жанашырлық, Аллаға және Пайғамбарға (с.а.у.) деген махаббаттың негіздері осы кезеңде қаланады. Келіп жеткен Рамазан айы осы бір асыл қасиеттерді баланың бойына сіңіру үшін ең маңызды кезең. Балаларымыздың «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ескерер болсақ, Рамазан айын үлгі-өнегемізбен, күнделікті сырлы сәресі, ғанибетке толы ауызашарларымен өскелең ұрпақ үшін тәлімі мол айға айналдыра алсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз.  

Жеткіншектердің үйдегі ересектер не істесе соны қайталайтын әдетіне басып, ораза ұстауға деген ниеттерін білдіріп жататын кездері көп. Сондайда баланың бетінен қақпай, кем дегенде жарты күн ораза ұстауға үйренсе, соның өзі бала үшін ерік-жігер тәрбиесі болар еді. Бұл жерде ең маңыздысы, ұйқысын қиып сәресіге тұру және отбасымен бірге ауызашардың тәтті сәттеріне куә болу. Бұл балаң көңілде есейгеннен кейін де ерекше ықыласпен еске алар естелік болып қалары анық. Енді Рамазан айын отбасына, әсіресе көз қуанышымыз – балаларымызға сүйікті ету үшін жасауға болатын амалдардың тізімін ұсынамыз:

  • Рамазан айында мейрам болатындай етіп үйіңізді безендіріп қойсаңыз, балаларыңыз да ерекше кезең басталғанын көңіліне түйеді. Сондай-ақ, Рамазан күндерінің кестесін үлкен етіп шығарып, іліп қоюға болады.
  • Сәресі мен ауызашарға балаларыңыздың сүйікті тағамдары мен тәттілерін арнайы пісіріп беру. Сондай-ақ, балаңызға ауызашар сәттерінде кішігірім сыйлықтар берсеңіз, бұл тұтқан оразасын жалғастыруға одан әрі шабыттандыра түседі.
  • Дастархан басында бірге отырып дұға ету және алдын-ала арнайы дайындаған діни қисса, оқиғаларды айтып, түсіндіру.
  • Балаңызбен бірге мұқтаж кісілерге көмек беру, ауызашар шатырларына апарып жағдайы төмен кісілермен бірге тамақтану.
  • Үйіңізге туыс, дос-жаранды қонаққа шақыру немесе кішкентайыңызбен бірге қонаққа бару арқылы «дұғаның қабыл болуына», «өміріңіздің ұзаруына сеп болатын» туыстық қарым-қатынастың маңыздылығын көрсету.
  • Отбасымен (әр баланың жас шамасын ескере отырып) осы айда жасалатын жаңа сүннет амалдар, үйренетін дұғалардың тізімін жасап, ай бойы соның жасалуын қадағалау.
  • Рамазан айында арнайы жарыстар ұйымдастырып, айт күнінде қалаған немесе алдын-ала келіскен сыйлығын алып берсеңіз балаңыз үшін ұмытылмас шақтардың бірі болары хақ.

Бұл тізімді оқырман қауым өз қалауына қарай толықтыруы немесе өзгертуі әбден мүмкін. Тіпті кей отбасының қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар шығар. Егер  бөлісіп, пікірлеріңізді қалдырсаңыздар тек қуанамыз. 

 

0 пікір