«Көзінше мақтағанша, көтеріп отқа таста!»
«Көзінше мақтағанша, көтеріп отқа таста!»
23 күн бұрын 805

Мақтансүйгіштік – адам бойына жабысқан кеселдің бірі. Бұл жайында қасиетті Құранда:

«Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» [1], - деп пенденің кеудемсоқтығы Жаратушы иемізге де жақпайтындығы білдірілген.

Өзін үнемі басқалардың қолпаштағанын, қошемет сөз айтуын, әр ісін мақұлдап, оң қабақ танытып жылбырап тұруын тілеп тұратын пендешілік қылықты Пайғамбарымыз  да ұнатпаған. Сол себепті болар, бірде-бір кісіні жер көкке сыйғызбай мақтап жатқан көпшілікті көргенде, Ақиық елші (с.а.у.) қамығып, үш рет қатарынан «Ана бейшараның желкесін үздіңдер ғой», - деген екен[2]. Сірә, мақтаған сайын ол адам бара-бара ісініп-кебініп тәкәппарлыққа салынады, ал тәкаппарлық оны тозаққа сүйрейді ғой деп аяушылық білдірсе керек.

Пайғамбарымыз басқа да хадистерінде бұл турасында: «Бір-біріңді (шектен тыс) мақтаудан абай болыңдар. Ол (мақтау естушіні) өлтіргенмен тең»[3]; «Бір діндес бауырыңздан бір нәрсе сұрағанда, оны мақтамаңыз. Бұл – оның белін сындыру»[4], «Мақтауды жақсы көру – адамды соқыр әрі керең қылады. Өз кемшіліктерін көрмейді. Ақыл айтсаң, тыңдамайтын болады»[5], - деген.

Расында да жұрттан мақтау көп естіген жанның құлағы бітеліп, көзін шел басатыны белгілі. Ондай жан мақтау сөзге әбден семіргені сонша – алда-жалда біреу оған бір кемшілігін айта қалса: «ел байқамағанды сен байқап қалдың ба» дегендей дереу шамданып, ашушаң мінез көрсететін болады. Тіпті әлгі адамды өзіне жау көріп қалуы да ғажап емес. Пайғамбарымыздың хадистерін өмірлік ұстаным деп білген сахабаларымыз да мақтай сөз, қолпаштау, қошаметтен барынша бойларын аулақ ұстаған.

Әзіреті Омар (р.а.) бірде өзін мақтай жөнелген біреуге ашуланып: «Сен мені де, өзіңді де құртпақсың ба?!» - деп ұрысқан екен[6].

Тағы бірде бір ғұлама кісі өзіне мақтау сөзді үйіп-төккен біреуге: «Сен мені қалай мақтайсың? Мені жақсы танымайсың да ғой. Жоқ, ашулы кезімде мені сынап па ең, жоқ менімен сапарлас болып па едің, әлде маған бір нәрсені аманаттап мен оған қиянат жасамап па ем?! Өзің іші-сыртын жақсы танымайтын адамды қалай мақтсайсың?!» - деп, оны сөйлетпей тыйып тастаған екен.

«Көзінше мақтағанша, көтеріп отқа таста»; «Қыранмын деп мақтанба, жаюлы тұрған тор бар. Батырмын деп мақтанба, қазулы тұрған ор бар»; «Мақтаншақтың үйі қысыр сиырдан айран ұйытады»; «Дос сыртыңнан мақтар, дұшпан көзіңе мақтар»; «Ақымақ кісіні мақтасаң – ақылынан айырылады, ақылды кісіні мақтасаң – көп ойланады» деп халық даналығында тілге тиек етілген осы мақтанудың кесірін жақсы білгені болар.

Ертеде қытай басшысы өздерін маңайындағы елдердің біреуі мақтай қалса, дереу жақсы-жайсаңдарын жиып алып: «Ежелден жау көршілес ел бізді мақтап жатқан көрінеді, қане, қай жерде қателік жібердік, жақсылап ойланайықшы», - дейді екен

Осы тұтса мына бір ғибратты мысал да кісіге ой саларлық.

Бірде Харун Рашид пен данышпан Шақиқи Бәлхи әңгімелесіп отырса керек. Бір мезет патшаға данышпан оқыстан былай деп сұрақ қойыпты: «Патшам, ұшы-қиырсыз шөл далаға тап болдыңыз. Неше күн жүріп шөл қысып өліп бара жатқан жайыңыз бар. Алда-жалда алдыңыздан біреу шығып: «Бір жұтым су берем, ажалдан аман қаласың. Бірақ маған байлығыңның жартысын бер», - десе, берер ме едіңіз?». Патша ойланбастан: «Құ жанымнан қымбат па, берер едім», - депті. Данышпан: «Дұрыс айттыңыз», - депті де, артынша: «Уа, патшам, - депті, - сіз ол суды ішкенмен әлден уақытта дәрет қысып өлер болдыңыз. Өздігіңізден шамаңыз келер емес. Әлден уақытта біреу келіп: «Маған қалған жарты байлығыңды бер, ішкен суыңды қайта сыртқа шығарасың», - десе, берер ме едіңіз?». Патша: «Иә, бермеске амал бар ма?» - депті. Сонда данышпан: «Әй Харұн! Ендеше, басыңа іс түскенде ішіп қайта сыртқа шығарар бір жұтым су құрлы құны жоқ байлығыңа есіріп, ешқашан мастанушы болма!» - деп үлкен ой салған екен.  

Асыра мақтау ешқашан да адамды жақсылыққа апармаған, керісінше, күнәға батырған. Осыдан болар Пайғамбарымыз бірде сахабаларына: «Мәриямұлы Исаны мақтағандай мені мақтауда тым шектен шықпаңдар. Мен бар болғаны Алланың құлы әрі елшісі ғанамын», - деп ескерткен еді.[7] Расында да Иса пайғамбары асыра мақтаған христиандар оны «Құдайдың ұлы» деуге дейін барып, адасушылыққа ұрынды.

Әзіреті Әли (р.а.) мақтау сөз естігенде: «Я, Алла Тағалам! Мына айтылған сөздерге еріп, желігіп кетуден сақта! Оларға белгісіз тұстарымды кешіре гөр! Мені олар айтқаннан да жақсырақ қыла гөр!»[8] - деген дұға оқитын болған. Біле білгенге бұл дұғаның терең мағынасы бар екені аян.

Алайда, бұл дегеніміз өмірі ешкімге жақсы сөз қимау дегенді білдірмейді. Пайғамбарымыз бір кісінің жақсылығын көргенде, оны оған айту керектігін, өйткені сіз айтқан жағдайда ол адамның жақсылық жасауға деген құлшынысы артатындығын білдірген. Бұл өз кезегінде халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенге саяды...

Сөз соңында көпті көрген, аузы дуалы данышпан бабаларымыздың бірі Шал ақынның айтқан мына бір өнегел сөзін келтірелік:

Біреуді жақсы деме сен,
Біреуді жаман деме сен.
Бұл дүниеден өткен соң,
Шын дүниеге жеткен соң,
Көтеріп көрге салған соң,
Көр қараңғы болған соң,
Кімнің жақсы-жаманын,
Бір жаратқан Хақ білер!

«Ислам және өнеге» атты кітаптан ықшамдалып алынды.
Кітап авторы: Құдайберді Бағашар 



[1] Лұқпан сүресі, 18 аят.
[2] Бұхари, сахих. 2/946.
[3] Ибн Мәжә, Әдәп. 36.
[4] Ибн Ләйлә жеткізген.
[5] Дәйләми жеткізген.
[6] Имам Ғазали, «ихияу-улумиддин». 3т.395 б. Бәдр баспасы. Стамбул-1974ж.
[7] Бұхари, Әнбия, 48; Тирмизи, әш-Шәмәил, 172 б.
[8] Имам Ғазали, Ихияу – улумиддин. 3 т. 359 б.

0 пікір