Оразада орын алған ғажайып оқиға
Оразада орын алған ғажайып оқиға
5 ай бұрын 2474
Мұнайдар БАЛМОЛДА

Бір мұсылман ел қатарлы ораза тұтады. Бірақ бүгін ол қатты қиналып кетті. Күн болса ми қайнатарлықтай ыстық, ал ол кешкілік ауызашарда ішер бір жұтым суға, тіске басар үзім нанға зәру. Дегенмен ол мойымады, ешкімге қол жайып көрмеген мінезімен оразасын жалғап, шаруасын жасай берді. Өзі етікші болатын. Жұрттың ескі-құсқысын жамайды, тігеді, пайдаға асарлық дүние бүтіндейді. Өкінішке қарай соңғы күндері бұл кәсібінен де пайда болмай жүр, елдің бәрі жаңаға әуес пе, тозған нәрсесін жөндеп, жамап-жасқауға бейіл байқатпайтын болған. Соның салдарынан бұл адамның күн көрісі нашарлаған еді.

Бүгін, иә, дәл бүгін оның үйінде талғажау қыларлық дәм қалмады, қалада су да қат, бәрі сатулы. Ол сонда да сергек қалпынан айнымай, "Өлемін деп еңбек ет, өлтірмейтін Құдай бар" деп үмітін өшірмей отыра берді. Иелері алмай жүрген ескі-құсқыны жамап, сөреге шығарып қойды. Күн болса ұзақ, қайнап тұр. Ол бойын жазбаққа кепкен таңдайын, ернін жалап, тысқа шықты. Әрі-бері жүрді. Оған бар ғалам ораза тұтып тұрғандай әсер етті. Барша адамдар да, жапырағы төгілген ағаштар да, үйлер де, алайда көшеде тамақ ішіп, қалағанынша сусын жұтып жатқан адамдарды кездестіруге болатын, соның өзінде бұған солай көрінді...

Содан ағаш саясына барып сәл тынығып еді, кенет бұтаққа ілінген ақшаға көзі түсті. Анау-мынау емес он мыңдық! Бейне сол ағаштан өсіп шығып, көп жапырақтың біріндей сыбдыр қағып тұр!.. Ол таңқалды, алмады, қызықтап біраз тұрды, әлдекім өзімен ойнап тұрғандай жан-жағына қарап, он мыңды алуға асықпады. Ал су жаңа ақша болса, "мені ал" дейтіндей сыбдыр қағады. Төңіркете секем аларлық ешкім болмағасын ол бұтаққа ілінген ақшаны алды, дүңгіршегіне кіргесін мұқият қарады, бәрі дұрыс секілді, кәдімгі он мың теңге. Жарыққа ұстаған, жасырын белгілері де орнында сияқты. Сонда да сеніңкіремей ақшаны қалтасына салды.

Уақыт ақшамға ығысқан. Ал мұның ауызашарлық сусыны, дәмі жоқ, ақыры жақын маңдағы дүкенге барды. Алдымен дүкеншіге ақшасын көрсетті, "қарап жіберіңізші, бұл өзі шын ақша ма, әлде менің қолыма жалған ақша тиген бе?" деп сұрап та алды, жоқ, теңгесі дұрыс теңге екен, арнайы құрылғысына салып тексерген, он мыңдығы су жаңа, барлық талапқа сай келетіндігін көрсетті. Мұсылман ұсақтап жатамын ба деді ме, сол ақшасына келгенше, яғни оразаның аяғына дейін жетерлік дәм-тұз, сусын алып, қомақты жүкпен үйіне оралды. Айтпақшы, дүкенші сұрамаса да дүкеннен шығып бара жатып он мың теңгені қалай тауып алғанын да жайып салды. Дүкенші сонда барып оған біртүрлі көзқараспен қарап қалды. Мұсылман баласы кетті. Дүкенші ол ұзаған соң әлгі "ағашқа өсіп шыққан ақшаға" және бір қайтара көз салмақ болған, ақша ұшты-күйлі жоқ?!. Шошып кетті. Қыруар азық алып кеткен адамның да қайда кеткенін білмейді. Содан бұл оқиға кесір болып тимесін деп (дүкенші адал саудагер еді) басшылығына жеткізді, бәрін жасырмай айтып берді, бірақ кассаға салған ақша орнынан ізім-ғайым жоғалып кеткен, не керек келген шығын он мың ғой, бірақ бір қызығы тұтынушының сатып алған заттарының есеп қағазы бойынша сөрелерді тексергенде алып кетті делінген азық-түліктің мұрты да бұзылмаған болып шықты! Бәрі өз орнында, түп-түгел! Сонда дүкенші нені сатты, сатып алушы адам бұған ақша ұсынып, қандай заттар алып кетті және сөрелер неліктен босамаған?!. Жұмбақ?!.

Дүкеннен бар керегін алған етікшінің дүкендегі бұл жағдайдан еш хабары жоқ, алаңсыз ісін істеп, өмірін сүріп жатты. Дүкеншінің құлағында оның: "Мен ораза едім, бірақ бүгін қатты қиналдым, үзім нан мен қара суға зар боп қалдым, сөйтіп не істерге білмей дағдарғанымда бір ағаш маған су жаңа ақша берді, он мың теңге бұтаққа ілініп қалыпты, құдды сол ағаштан өсіп шыққан дерсің..." деген сөзі қайта жаңғырды. Сонда бұл не болғаны?!. Жұмбақ...

0 пікір