"Қазақтың оқу қуған емес, күзетші жігіттері қаптап кетті": Дулат Исабеков
"Қазақтың оқу қуған емес, күзетші жігіттері қаптап кетті": Дулат Исабеков
5 күн бұрын 544 qazaquni.kz/

Абай заманынан бергі қазақ өзгерді ме? Маған осы сауал жиі қойылады. Бәрі өзгерді. Киген киіміміз, тұратын үйіміз жаңарды. Бірақ жан-дүниеміз, рухымыз құлдырап кетті. Ақша бірінші орынға шықты. Қарапайым халықтың өзі кісіліктен, ұят-намыстан бірте-бірте айырылып жатқан сияқты. Алдап-арбау көп. Базардан бірдеме сатып алсаңыз да, алданып қаласыз. Күн көрудің жолында жастарымыз алаяқ болып алған. Қазақтың оқу қуған емес, күзетші жігіттері қаптап кетті. Кейде ойлаймын, қазақтың жанын күзетшілік сақтап отыр ма деп. Жұмыссыз жігіттеріміздің бәрі – күзетші. Қыздарымыз асхана-мейрамхананың еденін жуып, даяшы болып жүр.

Вокзалға бара қалсаң, жігіттер көлігіңнің астына түсе жаздайды. Қолыңдағы жүгіңді тартып алып кетеді. Енді қайтеді, ақша керек? Күні кеше ғана жол жүріп келдім. Көлігім вокзалдың алдына тоқтағанда-ақ бірнеше жігіт қолымдағы жүкке жабысты. Пойызға жеткізіп берген соң «Қанша аласың?» деймін ғой. Беті бүлк етпей 5000 теңге сұрап тұр. «Айналайындар-ау, сендер бір тиын болса да ақша тапсын» – десем, мына сұрап тұрғаның артық қой» – дедім. Әлгі жігіт «Енді қайтеміз, ақша табу керек? Мұндағы өмір талас-тартыс. Тұрған орнымызға, көтерген жүгімізге қарай «жоғары» жаққа ақша беріп отырамыз. Қарап тұрып өлеміз бе, ақша табу керек» – дейді. Уәжі орынды. Қисынсыз дей алмайсыз…

Қысқасы, адамдарды алдап-арбауға, безбүйректікке, ауыздағыны тартып алатын жауыздыққа ортаның өзі итермелеп, мәжбүрлі түрде үйретіп отыр.Біз соғыс жылдарының ұрпағымыз. Бірақ сол қиын-қыстау, аш-жалаңаш жылдардың өзінде адамдар бүгінгідей емес еді. Бәрі жоққа қанағат, барға сабырмен қарап, ар-ұятты биік қоятын, кісі ақысын жемейтін-ді. Халық бойындағы осындай мінезді көргенде кейде біз «бостандықты осы үшін алған ба едік» – деп кейимін. Тіпті қазір қазақты тәрбиелеп отырған ақсақалдар да жоқ.

Жарас Кемелжан
«Жас қазақ» газетіне берген сұхбатынан үзінді
0 пікір