"Садақа Жәрия" сөзінің мән-мағынасы
"Садақа Жәрия" сөзінің мән-мағынасы
1 ай бұрын 1048
Абдусамат Қасым

 Бисмиллаһир рахманир рахим 

إذَا مَاتَ الإِنْسَانُ انْقَطَعَ عَمَلُهُ إلاَّ مِنْ ثَلاَثٍ : صَدَقَةٍ جَارِيَةٍ ، أَوْ عِلْمٍ يُنْتَفَعُ بِهِ ، أَوْ وَلَدٍ صَالِحٍ يَدْعُو لَهُ
"Адам өлгеннен кейін жасаған амалы тоқтайды (сауабы бармайды). Бірақ, мына үш нәрсенің сауабы тоқтаусыз барып тұрады: "Садақа жария, пайдаланылатын ілім және ол үшін дұға жасап жүретін бала".  ("Сахих Мүслім").

Бүгінгі жазбамызда "садақа жария" сөзінің мән-мағынасы жайында тоқталамыз. Садақа жария дегеніміз не? Ол нені білдіреді? 

"Садақа жария" дегенді көпшілігіміз «жария түрде», яғни «ашық түрде» жасалған садақа деп ұғынып жүрміз. Шын мәнісінде, оның мәні басқа.

"Садақа жария" дегеніміз: التي لا ينقطع ثوابها ولا يتوقفсауабы үзілмейтін және тоқтамайтын садақа. Яғни, өлгеннен кейін де сауабы тоқтаусыз барып тұратын садақа түрі.

Мысал ретінде айтар болсақ, мешіт тұрғызу, көпір соғу, аурухана соғу, кітап жазып қалдыру, бау-бақша өсіру т.б. бұлар - садақа жария. 

Ал, мәселен, пақырды тамақтандыру - ол да үлкен сауап, бірақ «садақа жарияға» жатпайды. Өйткені, берген асыңыздың сауабы - ішіп-жегеннен кейін тоқтайды. Алайда, пақырлар ас ішер асхана соқсаңыз, ол - садақа жария болмақ. Соққан асханаңыз құлап қалғанша немесе тегін ас таратуын тоқтатқанша сауабы иесіне жазылып тұрады. Өлген жағдайда да, сауабы үзілмейді.

Тағы бір мысал: Сусаған адамға ішетін су апарып берсеңіз, оныңыз сауапты іс болса да садақа жарияға жатпайды. Себебі, оның сауабы суды ішкеннен кейін тоқтамақ. Ал, су тапшылығын көріп жүргендерге құдық қазып берсеңіз, оныңыз - «садақа жария». 

Мұндағы «жария» сөзі қазақ тіліне аударғанда: «ағымдағы», «тоқтаусыз», «ағушы» деген ұғымдарға саяды. Оны қазақ тіліндегі «жасырын» сөзінің антонимы саналатын «жария» сөзімен шатастырмау керек. Қазақшадағы "жария" сөзінің арапшадағы баламасы «жәһр» (جَهْرٌ)

Ислам ғалымдарының бірі Ибн Хазм садақа жарияға былай деп анықтама берген:

«Садақа Жария – өлгеннен кейін де сауабы тоқтамайтын садақа»[1].

Имам Нәуәи: 

«Садақа Жария, ол – уақф» дейді[2]. 

Уақф – қайырымдылық мақсатында халық игілігіне тапсырылған дүние. Уакф етілген дүниенің де сауабы үзілмей барып тұрады. Сондықтан да Имам Нәуәуи «уақф» деп түсініктеме беріп отыр.

Демек, Садақа Жария деп, өлгеннен кейін де сауабы тоқтаусыз барып тұратын садақа түрін айтады екенбіз. Садақа жария – ашық та, жасырын да болуы мүмкін. 

Ал, ондай садақа түрінің ең үлкені қайсысы десеңіз, атақты Ислам ойшылы, сопы Мухиддин Араби (қ.с.) ол жайында былай деген:

«Садақа-и Жарияның ең ұлығы – біреудің үйленуіне себепкер болу. Өйткені, олардың ұрпағынан кім игі іс жасаса, соның бір сауабы себепші болған адамға жазылып тұрады». 

Сөзіміздің соңын Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір хадис шәрифімен аяқтайық:

إِنَّ مِمَّا يَلْحَقُ الْمُؤْمِنَ مِنْ عَمَلِهِ وَحَسَنَاتِهِ بَعْدَ مَوْتِهِ : عِلْمًا عَلَّمَهُ وَنَشَرَهُ ، وَوَلَدًا صَالِحًا تَرَكَهُ ، وَمُصْحَفًا وَرَّثَهُ ، أَوْ مَسْجِدًا بَنَاهُ ، أَوْ بَيْتًا لِابْنِ السَّبِيلِ بَنَاهُ ، أَوْ نَهْرًا أَجْرَاهُ ، أَوْ صَدَقَةً أَخْرَجَهَا مِنْ مَالِهِ فِي صِحَّتِهِ وَحَيَاتِهِ يَلْحَقُهُ مِنْ بَعْدِ مَوْتِهِ 

«Мүмінге өлгеннен кейін де сауабы барып тұратын игі амалы мен жақсылықтарының кейбірі мыналар: үйретіп, тарқатқан ілім, артында қалдырған салиқалы бала, мұраға қалдырған Құран, тұрғызған мешіт не жолда қалғандар үшін соққан үй немесе ағызған өзен (басқа риуаятта құдық делінеді), яки өлгеннен кейін артынан барар есен-саулығында дүниесінен шығарып берген садақа»[3].  


[1] Ибн Хазм: әл-Мухалла.
[2] Имам Нәуәуи: Сахих Мүслим шархы.
[3] Ибн Мәжә: Сүнән. №242 хадис.

0 пікір