Әбу Ханифаның шәкірттері
Әбу Ханифаның шәкірттері
19 күн бұрын 597
Мұхан ИСАХАН

Имам Ағзам Әбу Ханифа тәжірибелік тұрғыда фиқһ мәселелерімен шұғылдана жүріп, арасында уақыт тауып шәкірт тәрбиелей білген ұлағатты ұстаз еді. Ол алғашқыда ұстазы Хаммадтың қасында жүріп, дәріс бере бастаса, ұстазы бақилық болғаннан кейін Куфада өз оқу ордасын қалыптастарды. Фиқһ дәрістерін ерекше баурап алатын әдістермен өтетіндіктен, оның шәкірттерінің саны ұзын-ырғасы 800-ге дейін жетті. Олардың басым көпшілігі Куфа, Басра, Бағдаттан болатын. Қалғандары мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен Әбу Ханифаны іздеп келіп, оған шәкірт болған еді. 

Әбу Ханифа шәкірттерін білім деңгейіне және туабітті қабілеттерін ескере келіп, оларға қызмет ұсынатын. Шәкірттерінің шама-шарқына қарай кейбіріне қазылық, кейбіріне муфти, кейбіріне муддәристік қызметті атқаруға үгіттейтін. Егер, шәкірттерінің қабілеті қазылық немесе муфтилік қызмет жасауға әлі лайықты болмаса, оларға тағы да білімі мен қабілетін жетілдіруді міндеттейтін. Мысалы, Имам Ағзам әлі толық кемеліне келмеген Әбу Юсуфті муддәрис болып қызмет жасаудан тоқтатқан кездері болды. 

Әбу Ханифа туралы манакб жанрындағы еңбектерде оның атақты төрт шәкірті болғандығы баяндалады. Соның бірі «Әбу Юсуф» деген атпен танымал болған Ибраһим әл-Ансари еді. Ол 731 жылы Куфада туылып, 798 жылы Бағдатта қайтыс болды. Әбу Ханифаның қолдау көрсетуімен оның кәусарынан ілім алған Әбу Юсуф кейін өзі де мужтаһид дәрежесіне көтеріліп, кейбір мәселелерде ұстазынан бөлек көзқарастарды ұстанды. Десе де, ол Ханафи мәзһабының танымал болуына көп еңбек сіңірді. Аббаси халифатының бас қазысы деңгейіне дейін көтерілді. Алғаш рет оған «қаду-л қудат» (жоғарғы қазы) атағы берілді. 

Әбу Юсуф артынан Ханафи мәзһабының фиқһ үкімдеріне қатысты мол мұра қалдырды. Халифа Харун Рашиттің ықпал етуімен мемлекеттің кіріс-шығыстары мен қазынасы туралы «Китабу-л хараж» кітабын жазды. Сондай-ақ, ұстазы Әбу Ханифа мен ислам ғұламасы Әби Ләйла арасындағы пікірталасты хатқа түсіріп, «Ихтиләфу Әби Ханифа уә ибни Әби Ләйлә» атты кітапты жазды. Ол бұл рисалада өзінің де фиқһ іліміндегі иждиһаттарын жариялады. 

Имам Ағзам Әбу Ханифаның танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Хасан аш-Шайбани еді. Ол 749 жылы Уаситта дүниеге келіп, 804 жылы Рай қаласында дүниеден өтті. Имам Мұхаммед 14 жасынан бастап Әбу Ханифаның фиқһ және ақида бойынша сабақтарына қатысты. Әбу Ханифадан төрт жыл сабақ алды. Ұстазы 767 жылы қайтыс болған соң Әбу Юсуф және Имам Маликке шәкірт болады. Имам Ағзамның бел шәкірті Әбу Юсуф өмірден өткен соң Ханафи жолын ұстанушы шәкірттерге фиқһ ілімі бойынша ұстаздық жасады. 

Имам Мұхаммед Хасан аш-Шайбанидің фиқһ мәселелерінде терең ілім иесі екенін ескеріп, Аббаси билігі оны Раққаға қазы етіп бекітті. Тіпті, кейін халифа Харун Рашид бас қазы мансабына көтерді.Бірақ, кейінірек Аббаси билігі Мұхаммед Хасан аш-Шайбаниді рабад аймағына жататын Қорасандағы Рай қаласына қазы етіп тағайындады. Мұхаммед Хасан аш-Шайбанидің Мәреннахрға көрші Қорасанға келіп, осында шәкірттер тәрбиелеуі, Ханафи мәзһабының Орталық Азияға таралуына өз септігін тигізді3.

Әбу Юсуфке қарағанда Имам Мұхаммед Хасан аш-Шайбани өз ой-тұжырымдарын хатқа түсіріп, арнайы тақырыптар аясында рисалалар жазуға бейімді болды. Ол өзінің теориялық ілімі мен бай тәжірибесін ұштастыра отырып, Ханафи мәзһабының үкімдерін алғаш рет жүйелеп, оның кодификациясын жасады. Имам Мұхаммед өзінің еңбектерінде әл-әһлі хадис пен әл-әһлі рай мектептерінің ұстанымдарын қақтығыстырмай, бір арнада тоғыстыруға күш жұмсады. 

Имам Ағзам Әбу Ханифаның сүйікті шәкірттерінің бірі Зуфәр ибн әл-Хузәйл еді. Ол 728 жылы Куфада туылып,  775 жылы Басрада бақилыққа аттанды. Әу баста ол хадисші болатын. Әбу Ханифаға шәкірт болған соң қияспен үкім беруді жақтап, әл-әһлі рай өкіліне айналды. Әбу Ханифа туралы деректерде оның қияспен үкім берудегі ең озат шәкірті болғаны айтылады. Зуфәр ибн әл-Хузәйл Басрада қазылық қызмет атқарып, осында Ханафи мәзһабының таралуына елеулі еңбек сіңірді.

Әбу Ханифаның тағы бір сүйікті шәкірті Хасан ибн Зияд әл-Луғлуий еді. Ол Куфада туылып, Бағдатта 819 жылы қайтыс болды. Бағдатта Ханафи мәзһабының танымал болуына бар күш жігерін салды. Әл-Луғлуий ұстазының фиқһтық көзқарастарын терістеушілермен пікірталастырып, Ханафи фиқһын барын салып қорғайтын. Бірақ, мужтаһид дәрежесіне жете алған жоқ. Ол Әбу Ханифаның хадистанушылық қырын көп зерттеп, хадистер риуаят етті. Кейін Әбу Ханифадан естіген хадистерін жинақтап «Муснаду Әбу Ханифа» атты трактатты жазды.                       

Ханафи мәзһабының негізгі кітаптарына Имам Ағзам мен Әбу Юсуф және Имам Мұхаммедтің фиқһ мәселелеріндегі ижтиһаттары енгізілген. Аталмыш жинақтардағы деректер тауатир жолмен жеткізілген. Бұл кітаптарды «заһир-у риуая» деп атайды. «Заһир-у риуая» кітаптарының саны алтау: 

1. Әл-Асл. Имам Мұхаммед жинақтаған бұл кітапта Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың фиқһ тармақтарына қатысты көзқарастарын келтірілген және Имам Мұхаммед өзінің де ижтиһадтарын қосқан.

2. Әл-Жамиғу-с сағир. Аталмыш кітапта фиқһтағы мың бес жүз екі мәселе бар қарастырылған. Оның ішінде даулы (ихтиләф) деген жүз жетпіс мәселеге тоқталып өткен. Екі мәселеде ғана қияс пен истихсан айтылған. 

3. Әл-Жамиғиу-л кәбир. Бұл кітапта фиқһ мәселелеріне түсіндірмелер мен талдаулар жасалған. 

4. Әс-Сияру-с сағир. Аталмыш еңбекте мемлекетаралық жалпы құқықтар баяндалған. 

5. Әс-Сияру-л кәбир. Бұл еңбек «әс-Сияру-с сағирдің» жалғасы болып есептеледі. 

6. Әз-Зиядат уә Зиядәту-з зиядат. Алдыңғы кітаптарда қамтылмай қалған түсіндірмелер мен талдаулар жасалған. 

«Заһиру-р риуая» кітаптарына әл-Хаким әш-Шәһид Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Мәрзәуи қысқартып «әл-Кәфи» және әс-Сарахси  «әл-Мәбсут» атты отыз екі том кітаппен шәрх жасаған. 

Ханафи мәзһабында «заһир-у риуая» секілді деректері тауатир емес жолмен жеткізілген кітаптар «надиру-р риуая» деп аталады. Оған Имам Мұхаммед жинақтаған «әр-Раққит», «әл-Кәйсаният», «әл-Харуният», «әл-Хиләл уә-л мәхариж» секілді кітаптар жатады.  

Ханафи мәзһәбындағы «заһиру-р риуая» және «надиру-р риуаядан» өзге де маңызды еңбектердің қатарына мына кітаптар жатады: 

     1. Бәдаиу-с Сәнағи (Қасани)

     2. әл-Һидая (Марғинани)

     3. әл-Әсрар (Дабуси) 

     4. Фәтху-л қадир (Кәмаләддин Ибну-л Хумам)

     5. Тәбиину-л Хақаиқ (     әз-Зәйләғи)

     6. әл-Бахру-р Раиқ (ибн Нужәйм)

     7.  Радду-л Мухтар (ибн Абидин) 

0 пікір