Сахаба Аюб әл-Ансари неліктен Ыстамбұлда жерленген?
Сахаба Аюб әл-Ансари неліктен Ыстамбұлда жерленген?
4 ай бұрын 3612
Марфуға ШАПИЯН

Дүниеден өткен ізгі адамдардың қабірін зиярат ету, олардың музейлеріне бару, жүрген жолымен жүріп өту маған ерекше ләззат сыйлайды әрі иманымды көтереді. Ыстамбұлға табаным тисе, ең алдымен баруым керек дейтін жер – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) сүйікті сахабасы, Мәдинадағы көршісі, өмірінің соңына дейін Алла жолындағы ешбір соғыстан қалмаған, Түркиядан топырақ бұйырған Әбу Аюб әл-Ансаридің қабірі, мешіті болатын. Алла нәсіп етіп, ол күн де бұйырды. 

Ыстамбұлда бір аудан түгелдей осы Әбу Аюб сахабаның есімімен аталады. Сонау орта ғасырда салынған мешітін де табу оңай. Өйткені мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан мұсылмандар саны ешқашан азайған емес. Біз де сол қалың нөпірдің ішінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабасына деген жүрегіміздегі сүйіспеншілігімізді аялап келе жатыр едік. Көңіліміз Пайғамбар (с.а.у.) заманында, ал көзіміз Әбу Аюбтың күллі мұсылман қызығатын ғажап өмірінің парақтарын ойша оқып келеді...  

Пайғамбарға (с.а.у.) көрші ретінде Алланың өзі таңдаған дәрежесі жоғары сахаба

Әбу Аюб әл-Ансари – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ансарлық сүйікті сахабаларының бірі. Мұсылмандардан Әбу Аюб әл-Ансариді білмейтін кім бар екен? Өзін мұсылман санаған әр адам оны білу керек. Бұл бір дәрежесі көтерілген адам. Адамдардың арасында Алла тағала оның қадірін биік етіп, оның үйін Пайғамбарымыз түскен үй етіп қойды. Осының өзі оның дәрежесінің қандай екенін, қандай сахаба екенін аңдатса керек. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, Мәдина халқы оны үлкен ықыласпен, қуанышпен қарсы алды. Пайғамбарымызды (с.а.у.) күтіп алған топтың көздерінен сүйіспеншілік, жүздерінен махаббат сезілетін. Барлығы да есіктерін айқара ашып Пайғамбарымызға (с.а.у.) қадалған жанарларынан өз үйлеріне түссе екен деген ниеттері сезілетін. Түйемен келе жатқан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алдын әсіресе ауқаттылары кес-кестей берді: “Біздікіне түсіңіз, біздікіне қонақ болыңыз. Сізге ешкімді тиіскізбейміз. Үйіміз сізге қажет жиһазбен жасақталған, адам да көп емес. Сізге барлық жағдайды жасаймыз”, - деп Мәдинаның ұлықтарының жаны қалмай, құрақ ұшты. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Түйеге тиіспеңдер. Бұл – бұйырылған түйе. Алла тағала оны қай жерге тоқтатады, сол жерге түсемін”, - деді. Түйе кетіп бара жатты. Оның артынан “Қай жерге тоқтар екен?” деп жүздеген көз қызығушылықпен тігілді. Түйе жандарына тоқтамай кеткен адамдардың көңіліне мұң ұялаушы еді. Ал түйе тоқтамастан жүре берді. “Қандай бақытты адамның үйіне барып тоқтайды екен?” деген оймен адамдар оның артынан еді отырды. 

Сол жүрген бойы түйе Әбу Аюб әл-Ансаридің үйінің жанындағы бос алаңға келіп шөкті. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.у.) түйеден түспеді. Түйе аз ғана жатты да, орнынан қайта тұрып, қайтадан жүріп кете барды. Түйе сәлден соң қайтадан артына қайтты. Сөйтіп әуелгі шөккен жеріне келіп, қайтадан шөкті. 

Аюб әл-Ансаридің қандай бақытты адам екеніне қараңыздар! Түйе қайтып келді, Әбу Аюбтың жүрегін қуаныш кернеді. Асығып Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып сәлемдесті. Түйенің үстінен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жүктерін алып, үйіне көтеріп кіріп бара жатты. Ал түріне қарасаң, бүкіл әлемнің қазынасын көтеріп бара жатқандай бақытты еді. 

Әбу Аюбтың үйі екі қабаттан тұратын. Екінші қабатын босатпақ болып еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне төменгі қабатты таңдады. Түн болып, Әбу Аюб пен әйелі жоғарғы қабатқа көтеріліп, бөлменің есігін жапқаннан кейін әйеліне бұрылған сахаба: “Біз не істеп қойдық? Пайғамбарымыз бізден төменде жатады да, біз одан жоғары жатамыз ба? Сонда біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төбесінде жүреміз бе? Біз сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен уахидың ортасында қалып қоямыз ба? Құрыдық қой!” – деп сары уайымға салынды. Ерлі-зайыпты екеуі не істерін білмеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төбесінде тұрып қалмайық деп бөлменің бұрыш-бұрышын паналады. Жүрсе де, тек қабырғаны жағалап жүрді. Таң атқаннан кейін Әбу Аюб Пайғамбарымызға (с.а.у.) жүгіріп келіп: “Аллаға серт, бұл түні менің де, Аюбтың анасының да кірпігі ілінбеді. Төбеде жүргенде шаң Пайғамбарымыздың үстіне түссе, уахи мен Пайғамбардың арасына тұрып қалсақ не болмақ?” деген ойда болдық” - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Өз-өзіңді қиыншылыққа сала берме, Әбу Аюб. Біздің төменгі қабатта тұрғанымыз дұрыс, өйткені Мәдина халқының көбі зиярат жасап келеді. Олар қиналып қалмасын”, - дейді. Осыдан кейін тынышталған Әбу Аюб бір жағдайға дейін солай өмір сүріп жатты. 

Ал ол жағдай былай орын алған еді. Бір түні Әбу Аюб пен әйелі жоғарғы қабатта бір ыдысты сындырып алады. Оның ішіндегі су еденге төгіледі. Әйелі екеуі су астыңғы қабатқа тамып кетпесін деп жанталасып, өздерінде бар бір ғана жамылғымен еденді сүрте бастайды. Күн суық еді. Таң атқаннан кейін Әбу Аюб асығып Пайғамбарымызға (с.а.у.) барып: “Ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын, ей Пайғамбар! Сенің төбеңде тұрғанды жақсы көрмеймін”, - деп түндегі оқиғаны баяндап береді. Бұл жолы Пайғамбар (с.а.у.) Әбу Аюбтың сөзін қабыл алып, жоғарғы қабатқа көшеді. 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Аюбтың үйінде 7 айға жуық уақыт тұрды. Кейін Пайғамбарымыздың (с.а.у) түйесі шөккен алаңға мешіт, жанына үй салынды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сонда көшті. Енді Әбу Аюб Пайғамбарымызға (с.а.у.) көрші болды. Бұлар қандай керемет көршілер еді! 

Әбу Аюб әл-Ансари Пайғамбарымызды (с.а.у.) сондай жоғары дәрежеде жақсы көрді, бұл махаббат оның ақылын да, жүрегін де билеп алған еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) да Әбу Аюбқа ықыласы ерекшеб болатын. Әбу Аюбтың үйін өз үйіндей көретін. Көшіп кетсе де, Әбу Аюб Пайғамбарымызға арнап тамақ дайындап қоятын. Олардың сыйластығы Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүниеден өткенге дейін жалғасты.  

Әбу Аюб әл-Ансари Ыстамбұлға қалай келді?

Әбу Аюб әл-Ансаридің өмірі мүшріктермен күресумен өтті. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманынан Мұғауия халифалық еткен тұсқа дейін мұсылмандар қатысқан бір соғыстан да қалып көрмеген деседі. Әбу Аюбтың соғыстарының ең ақырғысы Мұғауия (р.а.) өзінің баласы Язидтің басшылығымен мұсылман әскерін сонау Константинопольді азат ету үшін жіберген соғыс болды. Ол уақытта Әбу Аюбтың жасы 80-ге таяп қалған. Жасының кекселігі оның Язидтің туының астында бірге соғысуға, тіпті теңіз толқындарын жарып өтуге де кедергі бола алмады. Бірақ тағдыр солай болды, дұшпанмен соғысудан аз ғана уақыт бұрын хазіреті Әбу Аюб қатты ауырып қалды. Әскербасы Язид келіп: “Қандай да бір қажетің бар ма, Әбу Аюб?” – деп сұрағанда ол: “Мұсылман әскеріне мына өсиетімді жеткіз. Ей, мұсылман әскерлері! Дұшпанның шекарасын бұзып, барынша сүңгіп кіріңіздер. Және өздеріңізбен бірге менің сүйегімді алып жүріңіздер. Сосын мені Константинопольдің дуалдарының астына көміңіздер”, - деп, өзінің соңғы демін шығарды. 

Мұсылман әскерлері Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүйікті сахабасы Әбу Аюбтың үмітін ақтады. Олар жауға қайта-қайта шабуыл жасап, Константинопольдің қамалдарының түбіне дейін жетті. Сол жерге дейін Әбу Аюбты да өздерімен бірге алып келді. Қамал түбінен қабір қазып, Әбу Аюбты жерледі. Сол үшін қазір Түркияда 36 сахабаның қабірі бар. 

Әрине, мұсылман әскері ол кезде Константинопольді толықтай жаулап ала алған жоқ. Алайда Пайғамбарымыздың (с.а.у.): “Константинополь бір күні азат етіледі. Оны алған әскербасы қандай жақсы әскербасы, оны алған әскер қандай жақсы әскер!” деген сөзіне қарап, бұл ғажап қаланың бір күні мұсылман қолына өтетінін бәрі білетін. Және сол әскердің құрамында болудан бәрі үміт ететін. Әбу Аюбты да жасы келіп қалғанына қарамастан арадағы талай теңізді кесіп өткізген осы үміт еді. 

Константинополь арада бірнеше ғасыр өткенде барып азат етілді. Оны алған әскербасы – ІІ Мехмед Сұлтан Фатих еді. Қала мұсылмандардың қолына өткеннен кейін Мехмед Сұлтан ұстазы Ақшамсаддинге Әбу Аюб әл-Ансаридің қабірін тауып беруді өтінеді. Ал халыққа белгілісі – қамал түбіне көмілгендігі ғана. Бізге жеткен деректер бойынша, Ақшамсаддин ұстаз қамалдардың жанында 2 рәкағат намаз оқып, бір қабірді нұсқайды. Кейін сол жерді қазғанда астынан жасыл тас шығып, таста сахабаның есімі жазылғанын көреді. Ал сахабаның денесі шафранға боялған кейпінде сол күйі жатыр екен. Мехмед Сұлтан қабірді жаптырып, қоршап, жанына мешіт, медресе салдырған екен. 

Ал біз сол мешіт пен қабірді зиярат етіп тұрып Пайғамбар (с.а.у.) заманына, ізгілер әлеміне ойша саяхат жасағандай болдық. Иманымыз артты. Аллаға “Я, Жаратушы Ием! Біз сенің ізгі пенделеріңді жақсы көреміз. Ақыретте адам жақсы көретіндерімен бірге дейді ғой. Бізді олармен бірге тірілт!” деп дұға еттік. Алла тілегімізді қабыл еткей! 

0 пікір