Сапар айына байланысты жалған наным-сенімдер
Сапар айына байланысты жалған наным-сенімдер
16 күн бұрын 718
Абдусамат Қасым

Міне Ислам күнтізбесі бойынша, сапар айы да кіріп келді. Сапар айы - Хижри жыл санауы бойынша айлардың екіншісі. Бірінші ай - «Мұхаррам» айы. Одан кейін келетін ай – Сапар айы. Құдіреті шексіз Құдай Тағала былай дейді:  «Шын мәнісінде, Алланың құзырында айлардың саны – он екі.  Жер мен көк  жаратылған  күннен бастап, Алла солай белгілеп қойды. Оның төртеуі соғысуға тыйым салынған айлар (зүлқағда, зүлхиджә, мұхаррам, ережеп)...». [Тәубе сүресі, 36 аят.].

Арапша атауы «Сафар» болып келетін бұл айдың олай аталуының себебін әркім әртүрлі айтады. Бір деректе, көне заманда араптар осы айда азық-түлік жинап қамданатын болған, сондықтан оны «сапар» деп атаған деседі. Осы жөнінен қазақ ұғымындағы «қазан» айы іспетті. Басқа бір дерекке қарағанда осы айда Мекке халқы сапарлап, қала ішінде тірі жан қалмайтындықтан, бұл айды «сафар» деп атаған деседі.

Ислам келмей тұрып көне араб халқында «сапар» айы сәтсіздік айы саналып келді. Олардың нанымынша аталмыш ай – жамандық пен қайғы-қасірет айы етін. Алайда Ислам келгеннен кейін: «Сафар айында сәтсіздікке ұшырау деген нәрсе жоқ. Бұлардың бәрі надандық дәуірдің ырымдары», деп, Сапар айына байланысты наным-сенімдерді жоққа шығарды. Сол негізсіз ырымдардың бірсыпырасын бере кетелік.

Сапар айына қатысты негізсіз наным-сенімдер

1. Қайғы-қасірет айы. Арабтар бұл айды қайғы-қасірет жауатын ай деп есептеді. Өйткені, сапар айы төрт харам айларынан кейінгі ай болғандықтан, алдыңғы төртеуінде тоқтайтын өзара қақтығыстар бұл айда қайта бастап, үдей түсетін. Сол себепті, қайғы-қасірет айы деп атаса керек.

2. Сәтсіздік айы. Ескі арабтар сапар айын «сәтсіз ай» деп санады. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, Ислам келгеннен кейін бұндай нанымның шындықтан ауылы алыс екендігін ескертті.

3. Сапар айында үйленуге болмайды. Арабтарда сапар айында үйленгендер бақытсыздыққа душар болып, отбасылық өмірінде келеңсіздіктер жиі орын алып тұратын болады деп нанды. Алайда, Пайғамбарымыз өзінің сүйікті қызы Фатима анамызды Әзіреті Әлиге осы айда қосқандығын ескерсек, аталмыш айдың отбасылық өмірге келтірер зияны жоқ екендігін әрі әлгіндей нанымды Исламның құптамайтындығын нақты айтуға болады.

4. Бұл айдың белгілі күндері науқастың көңілін сұрамау.

5. Сапар айында жолға шықпау.

6. Сапар айында кіші қажылықты (умраны) орындамау. Сахаба Абдулла ибн Аббастың айтуына қарағанда, арабтар бұл айда умра жасауды ең ауыр күнә санайтын. Алайда, Исламда ондай тыйым жоқ. Сапар айында Умра қажылығын орындаудың еш ағаттығы жоқ.

Сапар айында жасалатын кейбір ғибадаттар

Сапар айында жасалатын арнайы намаз бен дұға түрі хадистерде айтылмаған. Ал, бұл айда арнайы оқылатын намаз бен дұғаға қатысты айтылғандардың дені негізсіз деп танылған.  

Сапар айына байланысты шығарылған жалған хадистер

«Кім мені сапар айының шыққандығымен шүйіншілесе, мен оны пейішпен шүйіншілеймін». (Жалған хадис).

 Сапар айында орын алған Ислам тарихындағы маңызды оқиғалар

1. Хижрет. Пайғамбарымыздың Меккеден Медине қаласына хижрет етуі осы сапар айында орын алған. (Ибн Исхақ).

2. Пайғамбарымыздың Хадиша анамызбен үйленуі. (Ибн Исхақ).

3. Хайбар қамалының алынуы.

4. Әзіреті Әлидің Фатима анамызбен отау құруы.

5. Сыффын соғысы және Хəкім тағайындау оқиғасы

6. Сахабалар Амр ибн Астың, Холид ибн Уалидтің және Осман ибн Талханың Исламға кірулері т.б.

© islam.kz

0 пікір