Тараздық ғалым – Алтынхан төре
Тараздық ғалым – Алтынхан төре
2 ай бұрын 1035 azan.kz/
Бауыржан МЫРЗАҚҰЛ

Түркістан өлкесінен шығып, ХХ ғасыр мұсылман әлеміне танылған отандас дін ғұламаларымыздың бірі ретінде – сейіт Махмұт ибн Нәзір Тарази, яғни Алтынхан төрені айтсақ болады. Ол – 1895 жылы Тараз (қазіргі Жамбыл облысы) қаласында дүниеге келген. 

Әкесі сейіт Нәзір (Ишанхан домла) – Құран Кәрімді толық жаттаған қари, хадис ілімінің білгірі әрі діни қызметте ишандық дәрежеге жеткен адам болған. Тарихи деректерде сейіт Нәзір кәмпескелеу жылдары жазықсыз тұтқындалып, дерексіз кеткен делінеді. 

Алтынхан төре жастайынан ерекше қарым-қабілетімен көзге түседі. Ол шығыс әдебиетінің жарық жұлдыздары – Хафиз бен Сағдидің шығармаларымен сусындап, Құран ілімдерін үйрену мен Құран жаттауға да ерекше ден қояды. Алғаш білімді әкесінен алған ол өсе келе Шейх ибн Камал ибн Насырхан төре Касани мен өз заманындағы ірі ғалымдарға шәкірт түседі. Одан әрі Ташкенттегі Көгалдаш және Бұхара медреселерінде білімін жетілдіреді. Құран, хадис сынды дін ілімдерін меңгерумен қатар араб, түрік, парсы тілдерін жетік білген. 

Алтынхан төре 1917 жылдан бастап Таразда шәкірттер оқыта бастайды. Кейіннен қала медресесіне ұстаздық қызметке тағайындалып, осы жылдары аралығында оның аты Түркістан, Шымкент, Сайрам, Меркі өлкелеріне танылып үлгіреді. 

Бірақ сол тұста орын алған саяси қозғалыстар мен қудалаулардың кесірінен Алтынхан төре 1930 жылы елді тастап шығуға мәжбүр болады. Содан ол бас сауғалап Ауғанстанға өтеді. 1932 жылы Кабулда тұрақтап, Ауғанстанның білім министрлігінің кеңесші қызметін атқарады. 

Ғалым реті келгенде қажылық сапарына шығып, қайтар жолда Үндістанға соғады. Бомбайдың мұсылмандар өмір сүретін жеріне аялдап, ауылдық мешіттердің біріне имамдық қызметке тұрады. Сөйтіп ол 10 жылдың ішінде Бомбайдағы ірі тасаууфтанушы, хадистанушы ғалым ретінде аты шығады. 

Одан әрі ол Үндістандағы саяси тұрақсыздықтан Арабстанға қоныс аударады. Алғашында Меккеде арнайы оқыту мектебін ашып, өзі сияқты тағдыр тауқіметімен келген адамдардың балаларына дәріс береді. Кейінен оған әл-Харам мешітінде сабақ беруге ұсыныс түседі... 

Алтынхан төре 1991 жылы 26 маусым күні 94 жасында бақиға аттанды. Ал, 1995 жылдың қараша айында Тараз қаласында Алтынхан төренің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. 

Ғалым Алтынхан төренің артына қалдырған бай ғылыми, әдеби мұралары:

  • Құран Кәрім мағыналарының түркі тіліндегі аудармасы;
  • Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибаратты ғұмыры суреттелген «Нурул басар (Көз нұры)» кітабы; 
  • Имам Науауидің «Риядус салихин» кітабының түсіндірмесі;
  • Имам Ағзамның «Әл-фиқһул акбар» кітабының түсіндірмесі;
  • Абу Иса Термизидің «Шамайли Мұхаммадия» еңбегінің түсіндірмесі және т.б.
  • Арабстан және шетел басылым беттерінде жарияланған мақалалары мен өлеңдері. 

 

0 пікір