ЗАР ЗАМАН АҚЫНДАРЫНЫҢ ӨР АЛТАЙДАҒЫ ЗАҢҒАР ӨКІЛІ – АҚЫТ ҮЛІМЖІҰЛЫ
ЗАР ЗАМАН АҚЫНДАРЫНЫҢ ӨР АЛТАЙДАҒЫ ЗАҢҒАР ӨКІЛІ – АҚЫТ ҮЛІМЖІҰЛЫ
2 ай бұрын 2652

Зар заман - қазақ әдебиетіндегі тарихи, әдеби кезеңнің атауы. Энциклопедиялық дереккөздерде, зар заман ағымы - XIX ғасырда Қазақстанның Россияға қосылуы аяқталып, патша үкіметі бұрынғы ел басқару тəртібін жойып, 1867–1868 жылдары қазақтарды басқару жөніндегі ереже бойынша жаңа тəртіп орнатқан кезде туған ағым деген дәйек келтірілген [1].

Бұл дәуір ақын Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» атты зарлы өлеңнің негізінде пайда болған. Ш. Қанайұлынан кейін де сол кезеңде басқа да ақындар осы тақырыпқа көптеген өлең-жырлар шығаруы - қазақ әдебиет тарихында жаңа бір дәуірдің басталуына тарихи алғышарт әзірледі.

Елдік саяси жүйе өзгеріп, отаршылдық билік халық арасында қанау, түбірімен құрту саясатын жүргізіп, халық тағдыры қол жаулыққа айналған тұста Шортанбай Қанайұлы қатарлы ақындар халықты ояту мен отаршылдық жүйеге қарсы шепке қаламмен аттанды. Олардың қаламынан халықтың зары мен шері төгілді. Бұл ақындардың өмір сүрген тарихи кезеңі және өлеңдеріндегі ерекшеліктеріне қарай М. Әуезов 1927 жылы оларды бір атаумен «Зар заман ақындары» деп атады.

Жазушы М. Әуезов дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі зар заман ақындарын тарих сахнасына шығауына басты себеп болды деп баға береді [2].

Бұл топқа Шортанбайдан басқа, Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері және Албан Асан қатарлы ақындар кірді. Доктор, профессор Қ. Мәдібаева  Зар заман ақындары дәуірі Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұласып, Нарманбетпен аяқталатынын алға тартады [3, 43б].

«Зар заман» өлеңімен жаңа бір әдеби кезеңінің шымылдығын ашқан Шортанбай жыраудмен ұқсас тақырыпта 1894 жылы Өр Алтайда Ақыт қажы Үлімжіұлы «Зар заман» өлеңін жазады. Ұқсас тарихи кезең, ұқсас мазмұнда халықтың мұң-зарын жырлаған ақындар таным көкжиегінде тоғыса білді.

Ақыт қажының Абай Құнанбайұлының өлеңдерімен танысқандығы туралы нақты дерек болғанымен, оның зар заман ақындарының өлеңін оқығандығы, танысқандығы туралы бізде бірде-бір нақты дерек жоқ. Тек, Ақыттың Алтай мен Қобда арасында хат тасушы болып жүрген кезінде түркі және Шағатай тілдерінде Қазанда басылған өлеңдерді оқығанын ескере отырып, осы кезде зар заман ақындарының жырларымен танысқан болуы керек деген жорамал ұсынамыз. Немесе, ұлыларда заманды сезіну ортақтығы болады деген тұжырымды қуаттаймыз.

М. Әуезовтің зар заман ақындардындағы ортақ ерекшелік - діншілдік сарын деп атап көрсеткеніндей, «Алла сөзін өлеңмен жырлған» (А. Смақова) Ақыт Үлімжіұлының «Зар заман» өлеңі де діни сарында, имани үлгіде жазылған.

Зар заман ақындарын тудырған басты себеп – өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның бұралаң жағдайы, езілген, тозған халықтың мүң-зары, жалыққа келген жаман әдет пен нашар мінез-құлық деп басында айтып өттік. Ендеше, Ақыт өмір сүрген кезең қандай болды және Ақыттың «Зар заманы» қалай өрнектелді. Соған тоқталайық:

1898 жылы «Деятель» журналында Ресейлік орыс түркітанушысы Н.Ф.Катанов «Ахид бин Уәләд Гүлімжі Алтайский Карымсаков - қазақ ақыны» деп атаған Ақыт Үлімжіұлы 1868 жылы Қазіргі ҚХР-ға қарасты Алтай аймағының Көктоғай ауданында өмірге келіп, 1941 жылы Үрімжіде жергілікті Қытай билігі (Шың Шысәй) тарапынан ауыз азаптан қайтыс болған. Ақыт Үлімжіұлы – қазақ руханиятында исламдық бағытты көтерген ойшыл, ғұлама, кітаби ақын. Сонымен бірге, Ақыт өз дәуірінің шынайы сыншысына айналған ұлы тұлға.

Жазушы, тарихшы Ж. Шәкенұлы Ақыт қажының көзі тірісінде-ақ (Абайдан 18 жыл бұрын) 1891-1914 жылдары аралығында Қазан, Орынбор, Семей баспаларында 9 кітабын 17 рет басып шығарғаны туралы айтады [4, 152б].

Ақыт өмір сүрген кезең екі тарихи кезеңнің өларасы еді. Манжурлік Цинь империясы құлап, 1911 жылы Тарих сахнасына Жунхуа Мино (Гоминдаң) билігі келіп жатқан кез-тұғын. Демек, Бұл кезең Қытайда да Патшалық биліктің ыдырап, оның орнын ұлтшыл, отаршыл жүйенің алмасқан кезеңі еді. Алмағайып заманда тонауға, үркінге түскен қазақ халықының жағдайы тіпті де нашарламаса, жақсара түспеді. Ақыт осыны көрді, халықтың ішіне байланған мұң-зарын көзімен де жүрегімен де түйсіне білді.

Ақыт «Зар заман» өлеңін 26 жасында Моңғолия елінде жүргенде жазған. Жас та болса, қоғамдық дүрбелең ерте есейткен ақын өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның шындығын ашына айтты. Жалпы 548 тармақтан тұратын «Зар заман» өлеңінде халықтың мұң-зары мен өкіншін баяндады. Өлең жазылған кездегі өзі туралы нақты мәліметті былай сипаттайды:

Қобдадан сәлем жолдаған,

Алтайдағы еліне,

Қарымсақ байдың ұғылы,

Керейдің Ақыт баласы..

.. Өр Керейге жібердім,

Жиырма алты жасымда. [5, 341б].  

«Зар Заман» өлеңі - Шығыс Түркістан өңірінде патшалық Ресей мен Цинь өкіметі арасында экономикалық және саяси мүдде белең алған кездегі сарасаң болған халық мұңының көрінісі. Екі отаршыл елдің қолдан жасалған «тарихи» келісімдерінің (Петербург келісімі, Құлжа келісімі) әсерінен халыққа түскен зобалаң ауырлап, халықтың күнделікті тұрмыс ритімі өзгеріп, халықтан алатын салық көбейтіліп, халықты тонау мен жою қатар жүріп жатқан кезең еді.

Зар заман ақындарының көтерген елдік тақырбы туралы М. Әуезов былай деп сипаттайды: «Олар қазақ жайлаған сахараның бір шетінен шыққан шоқтай қара бұлтты көріп, соның белгісінен шошып, содан келетін бәле қандай екенін болжап, тұспал қылып айтатын» [2].  

Демек, Ақыттың бұл өлеңі өз халқының жамандыққа үйір, жақсылықтан алыс бейғам қылғына күйініш білдіруден туған.

Ақыттың «Зар заман» өлеңі автордың өз стилімен, яғни, Құран Кәрім үлгісімен «бисмиллә» деп Алланың атымен басталып, өлеңнің тыңдаушыға толық жетуіне, бүкпесіз айтылуына, «Жүректе тұрған көркем сөздің ауыздан шыққанда қиюы қашуынан» сақтану үшін Алладан медет сұрай жазылады.

Ақыт Үлімжіұлы алдымен заманға баға беріп, сол заманның қазіргі бейнесін көрсетеді, қазіргі «заманға» ат қояды:

Ей, зар заман, зар заман.

Зарлатып өткен тар заман.

Байқап тұрсам адам жоқ,

Шын ақылды ойлаған.

Бауыры суық қара жер,

Көрінгенді жалмаған.

Жалмамай да не етеді,

Адамнан ғафыл кетеді [5, 325б].  

Демек, Ақыт айтып тұрған заман – ақырет заманы. ілімнің жоғалып, надандықтың жайылуы - қиямет күнінің он үшінші кіші белгісі.

Ақыт Алтайды мекен еткен халықының төбесінде пайда болған қара бұлтты көріп, белгісінен шошынып, содан келетін бәленің елге зобалаңын жырлайды, халықты оянуға шақырады. Өркөкірек бай мен кербез кедейдің, құдайдан қорықпайтын дінсіздің, зұлым ұлықтың, әділетсіз заңның халық арасына салған зұлымдығын жырлайды, бетпақ келін мен тілазар ұлдың кежірлігін айыптайды. Осыдан келіп:

Сонан тозып береке,

Елде елдік азайды.

Жақынды жат жаулайды,

Нелер боздақ тарланды,

Ішқұста қылып байлайды – деп ескертеді [5, 327б].  .

Өлеңде көп жерде айтылатын бай кедейді көрмейтін, ағайынан көмек болмайтын жағдайлар мен өсекшіл, имансыз адамдардың көбеюі де ақыр заманның белігілерінен деп көрсетеді. Алла Тағала қияметте сөйлеспейпейтін, ақтамайын, мейірім көзімен қарамайтын үш адамның бірі такаппар кедей адам» - деп имам Муслим жеткізген хадиспен  үндесе үн қатады.

Биі ғадыл болмайды,

Нысапсыз қорқау болған соң,

Ғаділет оған қонбайды.

Айналып кеп құтсыз би,

Құрамай хауіп сорлайды [5, 334б]  – деп Ақыт ел билеушілердің халық арасына салған ылаңын айыптайды, және осыдан келіп ел арасында бүлік боларын, береке кетерін болжайды:

Тыныштықсыз, тидаусыз,

Берекесіз, байлаусыз,

Кеткен ел түбі оңбайды,

Мұның өзі білгенге,

Заман ақыр болғаны [5, 335б].  

Ойшыл ақын қазақ даласындағы отбасы институтының құлап бара жатқанына қынжылады, бұл түбі қазақтың тамырына балта шабатын індетке айнаулынан сақтануға шақырады. Қыздың шешеге, ұлдың әкеге қарап бой түзеуіне, әйелдің күйеуіне бойсұнуына назар аударады.

Жиылып жұрты айтса да,

Алдап жүр деп сенбейді.

Үлкендер ақыл жөн айтса,

Жөн екен деп білмейді.

Моллалар айтса шариғат,

Құлағына ілмейді – деп күйеуін силамайтын, дінсіз әйелдердің көбеюінен қазақ жанұясындағы отананың береке мен бірілкті сақатудағы рөлінің жойылып кетуіне алаңдаушылығын білдіреді [5, 334б].  

Ақыт өлеңінде өзі сынаған жамандықтың барлығын заман ақырдың белгілері деп қорытынды жасайды. Бес күндік өмірдің өтпелі, алдамшы екенін ескеріп, қара жерге кірмей тұрғанда адам баласы жақсылық, адамдық парызын өтеуге тиісті деп санайды:

Аялы жоқ жалғанның,

Баяны жоқ арманның,

Соңына еріп тентіреп,

Септігі барма қылғанның.

Арманда болып өлген соң,

Кеудеңнен жаның берген соң,

Қара жерге көмген соң,

Мұндай еркін күн қайда [5, 325б].  

Барлық зар заман ақындары сияқты, Ақыт та «ат майын сұрап міне алмайтын зар заман адамдарына», «берекеге шақырса келмейтін ығыр еліне», «арлы азып, арсыз тойынған азған заманға», «аштан өлген жарлыдан нәпақа дәметкен моллалар мен залым билерге» қарсы шара таба алмай, аһ ұрады. Өзегін жалмаған өкініштен ел ағаларынан:

Артық талап менде жоқ,

Сұрайтындай хан тағын.

Жамандықты көп айтып,

Жағым талып шаршадым.

Ойлап көрсең, ағалар,

Мұның қайда дауасы?! – деп торыға ақыл, кеңес сұрайды [5, 338б].  

Ақыт Үлімжіұлы тек Алтай төсін жайлаған аз ғана Абақ Керейдің мұңын жоқтап ғана қоймайды, қайта күллі қазақтың мұң-зарын қағазға түсірген зар заман ақындарымен рухани үндестік танытады, олармен «қалың елі, қазағы» туралы айтар ойлары, көрсетер нысаналары бір төбеден шығып жатады.

Айталдық, Ақыт айтады:

Зар Заманның тұсында,

Ел іргесі сөгілді.

Алтайдай асыл мекеннен,

Ауып кетті ел не қыилы [5, 339б]  – деп мың өліп мың тірілген қазақтың Алтай бетіндегі бөлімінің сан қилы жағдайынан хабар берсе, зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы:

Кірін жуып, кіндігін кескен жерден,

Қысылмай, ер кете ме еркіменен.

Бұрын да адыра қалғыр құтсыз еді,

Егескен ердің бәрі жер тіреген, – деп екі алып ел мәселесі, замана қайғысы туралы ортақ үн қатады [6, 168б].

Ел билеуші, халықтың сөзін сөйлеуші би, шонжарлардың халыққа салған ылаңы барлық зар замандар ақындарына ортақ тақырып десек қателеспейміз. Бұл туралы да Ақыт Үлімжіұлы:

Ендігі билер байқасаң,

Іші кір түгел қарынбай.

Үйінде тыныш жата алмай,

Елді үркіткен сауырлай.

Сонан елі тарады,

Сабағы кепкен қауындай [5, 339б]– деп тозған елдің мұңын өлеңмен жеткізсе, жырау Шортанбай Қанайұлы бұл туралы:

Нашарға қылған зорлығың.

Кінәзді көрдің піріндей,

Тілмәшті көрдің биіңдей,

Дуанды көрдің үйіндей,

Абақты тұр қасында,

Қазылып қойған көріндей.

Байлар ұрлық қылады,

Көзіне мал көрінбей.

Билер жейді параны,

Сақтап қойған сүріңдей – деп елдің мұңын тіпті арыдан қозғайды [7, 17б].

Қорыта айтқанда, әр ел, әр өңірде өмір сүрсе де, жалпы қазақтың мұңы ортақ, сыры-біреу. Ол болса да бостандыққа талпынған, елдік бірілкке ұмтылған ұлттық еркіндік.

Қазақ әдебиет тарихында зар заман ақындары деген атпен танымал ақындар шоғырына Ақыт Үлімжіұлының аты аталмауын біз Ақыт есімінің қазақ даласына бейтаныстығы мен Ақыт еңбектерінің қазақ еліне кеңінен таралмауынан деп санаймыз.

Шортанбай, Дулат, Мұрат, Әбубәкір және Ақыт қатарлы ақындардың сөз қылған жағдайлары басқа-басқа болғанымен, айтар ойлары ортақ. Яғни, барлығы да қазақ халқының басынан кешіп жатқан ауыр халін өзекке толған өкінішпен, аһ ұра отырып жырлайды, алдағы бұлыңғыр болашақ пен көз алдындағы келеңісз жағдайдан түңіле отырып, елдің ертеңінен уайымдайды, уайымдай отырып, заман туралы зарлы шер толғайды.

Демек, Алтай өңірінде туылып, күллі қазақтың Абай мен Шәкәрімнен кейінгі рухани тұлғасы болған Ақыт Үлімжіұлын зар заман ақындарының шоғырына қосуға толық негіз бар деп айта аламыз.

МАХМЕТ МҰРАТХАН  
Нұр-Мүбарак университеті


Пайдаланылған әдебиеттер: 

  1. Қазақ Совет энциклопедиясы. - 4т. – Алматы - 1974ж. -581 бет.
  2. М. Әуезов. Зар заман ақындары. – https://bilim-all.kz/article/7061-Zar-zaman-aqyndary.
  3. Қ. Мәдібаева. Мұхтар Әуезовтің әдебиет тарихын зерттеу еңбегі. ҚазҰУ хабаршысы, Филология сериясы. № 4 (138). 2012ж. -272 бет.
  4. Ж. Шәкенұлы. Қытай қазақтарының әдебиеті. Алматы, 2018. – 304бет.,
  5. А.Үлімжіұлы.Шығармаларының толық жинағы: екі томдық. – Кония-2011. Т-1. - 652 бет.
  6. Қ. Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы. Шығармалары – Алматы «Нұрлы Press.kz», 2014. - 288 бет.
  7. Ш. Қанайұлы.  Шығармалары: Толғаулар, айтыстар, дастандар. Шортанбай мұрасы: сын-зерттеулер, мақалалар / Шортанбай Қанайұлы. – Алматы: “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2013. – 384 бет.
0 пікір