Ізгі адамдардың өлім жайлы айтқан ғибратты сөздері
Ізгі адамдардың өлім жайлы айтқан ғибратты сөздері
28 күн бұрын 1974

Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Дүние арттан, Ақырет алдыдан мінді. Олардың әрбірінің балалары бар. Дүниенің балаларынан болмаңдар, Ақыреттің балаларынан болыңдар. Расында, бүгін – амал бар, есеп жоқ, ал ертең – есеп бар, амал жоқ», – деген.

Әл-Қуртубидің «әт-Тәзкира» атты кітабында: «Ей, дүниеге алданушы! Өлім мен оның арпалысы жайлы және жан берудің қиындығы мен ащылығын ойла! О, ажал! Қандай ақиқат уәде, әділ төреші еді?! Өліммен жүректер үрейге толады, көздерден жас сорғалайды, жамағаттар тарайды, ләззаттар бұзылады, үміттер үзіледі!

Ей, адам баласы! Бір күн болса да өлер күніңді және орныңнан көшетініңді ойладың ба? Егер кеңшіліктен таршылыққа ауыстырылсаң, саған достар мен жора-жолдастар қиянат қылса, жақындарың мен бауырларың тастаса, көрпе-төсегіңде қатерге алынсаң, жылы-жұмсақтан кейін сені топырақ-лаймен ораса (халің не болар еді?)...

Ей, мал-дүние жинаушы! Ғимараттар салушы! Алламен ант етейін! Саған мал-дүниеңнен кебін ғана бұйырады. Дүниең құриды, жоғалады, ал денең топыраққа қайтады.

Қане, жинаған мал-дүниең қайда?! Сені қорқыныштардан құтқарды ма?! Жоқ! Керісінше, сен оларды өзіңді мақтамайтындарға тастадың да, сені кешірмейтінге күнәларыңмен келдің!» – делінген.

Мүміндердің әділетті әміршілерінің бірі – Омар ибн Абдул-Азиз бір жаназадан қайтқанда, біраз қашықтап барып отырған. Онымен бірге адамдар да тізе бүгеді. Содан соң ол адамдарға уағыз айтып: «Қабір мені артымнан шақырды да: «Ей, Омар ибн Абдул-Азиз! Менен сүйіктілерге не істегенімді сұрамайсың ба?» – деді. Мен: «Әрине!» – дедім. Ол: «Кебіндерді паршаладым, денелерді айырдым, қан сордым, еттерді жедім», – деді. Содан соң қабір менен қайтадан: «Менен жіліктер жайлы сұрамайсың ба?» – деді. Мен: «Әрине!» – дедім. Ол: «Екі иықты екі білектен жұлдым. Ал екі білекті екі қардан жұлдым. Ал екі қарды екі иықтан жұлдым. Және екі жамбасты екі саннан жұлдым. Ал екі санды екі тізеден жұлдым. Екі тізені екі сирақтан жұлдым. Ал екі сирақты екі табаннан жұлдым», – деді», – деген.

Осыдан соң Омар ибн Абдул-Азиз көзіне жас алып: «Расында, дүниеде қалу бір тұтам (уақыт) емес пе? Оның (дүниенің) ардақтысы қорланады, байы кедейге, жастары қарияға айналады, тірісі өледі. Оның ықпалы сендерді алдамасын! Сендер оның өте тез теріс айналып кететінін білесіңдер. Нағыз алданушы – дүниемен алданған адам. Бір кездері бұл дүниенің қалаларын салған, өзендерінен су алып ішкен, ағаштарын отырғызған тұрғындары қайда?! Олар дүниеде болмашы ғана күндер тұрақтамады ма? Дүние адамдарды саулықтарымен алдаса, ал олар өздерінің әрекетшілдіктерімен алданды. Солай күнәлар істеді. Алламен ант етейін! Олар дүниеде мал-мүліктерінің көп болғандығынан, байлықтарымен шаттанды. Ал енді топырақ олардың денелеріне, құм тәндеріне, құрттар сүйектері мен жіліктеріне не істеді?! Олар дүниеде жайлы сәкілер мен жұмсақ төсектердің үстерінде, өздеріне құрақ ұшқан қызметкерлердің ортасында, құрмет тұтқан отбасының, ізет көрсеткен көршілердің арасында болды.

Егер олардың (қабірлерінің) жандарынан өтсең, оларға дауыста, саптарынан жүр, мекендерінің бір-біріне жақындығына назар таста. Сөйтіп, оларға сұрақ қой! Олардың дәулетінен, байлығынан не қалғандығын, пақырлығынан, кедейлігінен не қалғандығын сұра! Олардың сөйлеген тілдері, қараған көздері жайлы сұра. Нәзік терілері, ажарлы келбеттері мен жұмсақ денелеріне құрттардың не істегендігін сұра. (Қабір) сұлулықты жойды, омыртқаларды сындырды, ішектерді ақтарды, еттерді жыртты. Ал оның күзетшілері мен жәрдемшілері қайда? Қызметшілері мен құлдары қайда? Жамағаты мен тобыры қайда? Алламен ант етейін! Олар оған төсеніш те салмады, онда тіреу жасамады, ағаш отырғызбады. Олар оңаша мекендерде емес пе?! Оларға күн мен түннің айырмасы бірдей емес пе?! Олар өздері мен амалдарының арасын айырған, сүйіктілерді ажыратқан қараңғылықта емес пе?! Игілікте күн кешкен қаншама еркек пен әйелдің беттері іріді, тәндері мойнынан үзілді, жіліктері бөлшектеніп, көздері самай бойлап ақты, ауыздары қан мен іріңге толды. Жер жәндіктері тәндерінде жорғалап, дене мүшелерін ажыратты. Алламен ант етейін! Содан азғана уақыт өтпей-ақ, олардың сүйектері шіріген күлге айналды. Олар бау-бақшалардан айырылды, кеңшіліктен таршылыққа тап болды. Мұрагерлер оның үйін және артында қалғанын бөліске салды. Бірақ Алламен ант етейін! Олардың арасында қабірі кеңейтілгендері бар. Ол онда жас, нұрланған, ләззаттарымен рақаттанған күйде. Ей, ертең қабірге түсуші! Сені дүниеде не алдады? Өзіңнің қалар-қалмасыңды білесің бе? Зәулім үйің, дәмді жемістерің, мақпал киімдерің қайда? Хош иісің мен аңқыған жұпарың қайда? Қысқы және жазғы киімдерің қайда? Көрмейсің бе?.. Әлбетте, сенен алдыңғыға да ақиқат әмірі келді! Ал ол өз-өзін қорғай алмады. Білмейсің бе, оның өлім арпалысында дөңбекшіп, таңдайы кеуіп қара терге түскенін... Оған көктен әмір келді, тағдыр келді және қаза келді. Қайтарылмайтын ажал әмірі келді! Қайдан?!.

Ей, әке көзін жабушы! Ей, бауырыңның не балаңның көзін жапқан (жан)! Ей, мәйітті жуып, кебіндеуші! Ей, оны көтеріп, оңаша қабіріне тастап, артқа қайтушы! Жердің қаттылығында қалай болатыныңды, қай жағыңнан сынаққа алынатыныңды, қай көзіңнің бірінші ағатынын білсем ғой...

Ей, апаттарға жақындаушы! Өлілердің мекеніне таядың. Өлім періштесі маған немен жолығатынын білсем еді?! Ертең дүниеден кетерімде және ол Раббымның тапсырмасынан нені әкелетінін білгенімде ғой!...» – деп еңіреп жылаған. Осыдан соң, Омар ибн Абдул-Азиз бір апта уақыт өтпестен дүниеден өтіпті.

Алаңсыз ойнап-күлетіндей біздің ешқайсымыздың ертеңге дейін өмір сүрерімізге кепілдігіміз жоқ. Біз ертеңгі күніміздің өзін көрер-көрмесімізді білмейміз. Сондықтан әрбір адам әрдайым өлімге дайын жүруі керек! Өйткені оның бұйрық келген күні Раббысына жолығары хақ.

0 пікір