Мұхаммед Салманның таққа отыру мүмкіндігі кеміп барады
Мұхаммед Салманның таққа отыру мүмкіндігі кеміп барады
1 ай бұрын 610 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Саудияның тақ мұрагері қолына билік тізгіні тимей жатып, елде үлкен өзгерістер орын алып үлгерді. Тақ мұрагерінің тікелей ықпалымен әрі пәрменімен. Ғасырлар бойы қалыптасқан патриархалдық үстемдікке күйрете соққы бермесе де әлеуметтік реформаларымен әрі тың бастамаларымен (мәселен, саудиялық әйелдердің құқықтарын кеңейту), сондай-ақ, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықпен күрес науқанын желеу етіп, жүз млрд-таған қаржыны қазынаға қайтару арқылы аз уақыттың ішінде аталған елдің халықаралық имиджін көтеріп, өзін реформатор тұлға ретінде танытып үлгерді. Десе осы жемқорлықпен күресі арқылы өзі шыққан ортаны өзіне қарсы қойып алғанын, оның осал тұсын бағып, шалынар сәтін аңдып, тісін қайрап жүргендер қарасы көп. Яғни, билікке бастар портфелін бірнеше млрд долларға бағаланған амбициялық жобаларымен (мәселен, болашақтың қаласы атанған NEOM жобасы) қамтамасыз еткенімен оның бұл жаңашылдығы консервативті ортаның іштей наразылығын тудырды. Ол ол ма, естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын хабарлағанымыздай, тақ мұрагерінің мемлекеттік құпия санатындағы ақпаратты жаһанға жар салғаны да (Тақ мұрагері уаххабизмді не үшін насихаттағандарын жайып салды», сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/taq-murageri-uahhabizmdi-ne-ushin-nasihattagandaryn-jaiyp-saldy-9940/#gsc.tab=0) оның плюрализмге бір бүйрегі бұрып тұратын тұлға ретінде танытқан болатын.Десе де тақ мұрагері жемқорлықпен күрес арқылы өзі шыққан ортаны өзіне қарсы қоймай, сонымен қатар, исі мұсылманның наласына қалатын мәлімдемелерімен де (("Тақ мұрагері палестиналықтарды ата жауына жығып берді", "Тақ мұрагері исі мұсылманды өзіне қарсы қоятын мәлімдеме жасады") қадірі қашқанын айта кету керек. Яғни,  Палестина-Израил дағдарысына қатысты мәлімдемелерімен исі мұсылманға жеккөіріншті тұлғаға айналып, сүйкімі қашты. Оның үстіне,, либералды бастамаларымен батыс іш тартқан тақ мұрагерінің орны толмас ағат қадамынан (оппозициялық тілші Жамал Қашықшының Стамбұл шаһарындағы Саудия елшілігінде қастандықпен өлтірілуіне байланысты) соң адам құқығына, демократиялық құндылықтарға құрметпен қарайтын батыс елдері одан іш тартып қалған болатын. Билл Гейтс бастаған тақ мұрагерінен теріс айналған батыстық бизнес әлемінің қаймағы тақ мұрагерінің бастамасымен қолға алынып жатқан жобаларға қаржы құюдан бас тартты. Кісі қанын мойнына жүктеген қылмыскер ретінде танып. Бұл туралы кезінде жазғанбыз. Тақ мұрагерінің жемқорлықпен күресті желеу етіп, тақтан дәмесі бар туыстарын өзіне қарсы қойып алғаны аздай, өзінің портфеліндегі жобаларды жүзеге асыруға жәрдемдесетін батыс элитасын да бездіріп алғанын айтып өттік. Бұл ештеңе емес-ау, қыркүйек айының 14-не қараған түні Саудияның мұнай нысандарына хуситтер тарапынан жасалған шабуылдан кейін Саудияның билік басындағылар мен бизнес элитасы тақ мұрагеріне ту сыртын беріп жатыр. Болашақта Мұхаммед Салман таққа отырып, билік тізгінін басыбүтін қолына алған жағдайда әлемдегі аса ірі мұнай ресурсын қорғай ала ма? Қыркүйектің 14-не қараған түні Саудиядағы мұнай нысандарына жасалған шабуыл өз кезегінде аймақтағы бәскелесі Иранмен арадағы соғыс қатерін жақындата түсті. Иранмен арадағы текетіресті одан ары тереңдетіп жіберді. Десе де әкесі тірі тұрғанда тақ мұрагеріне тікелей қауіп төне қоймайды. Алайда, әкесінің көзі кетісімен оның билікті сақтай алуы неғайбыл. Ең сорақысы, тақ мұрагері әрі қорғаныс министрі болып тұрғанда, ал оның бауыры қорғаныс министрінің орынбасары болған кезде жасалған бұл шабуыл тақ мұрагерінің елді қорғай алатын қабілетіне күмәнмен қарауға итермелеуде.

0 пікір
Мұрағат