Қытайдың аңдуға арналған технологиясын әлемге таратуының қаупі неде
Қытайдың аңдуға арналған технологиясын әлемге таратуының қаупі неде
5 күн бұрын 558 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Соңғы жылдары осы заманғы озық технологиясымен, соның ішінде қадағалау, бақылау технологиясымен көш бастаған Қытай өз өнімдерін экспорттауға мықтап ден қойды. Атап айтқанда, қытайдың Huawei, Hikvision, Dahua және ZTE технологиялық компаниялары жасанды интеллекті негізінде жұмыс істейтін бақылау және қадағалау технологиясын әлемнің 63 еліне жөнелтеді екен. «Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының» қыркүйек айындағы баяндамасында айтылғандай, қытайдың қадағалаушы әрі бақылаушы технологиясы экспортталатын 63 елдің бәрі тарихи Жібек жолының осы заманғы нұсқасына баланған «Бір белдеу – бір жол» ғаламдық жобасына қатысушы елдер. Сарапшылардың пікірінше, Қытай осынау технологиясымен мәліметтерді өзінде жинауы мүмкін. Бұл жайында CNBC ақпарат көзі хабар таратты. Былайша айтқанда, кімнің қолында ақпарат бар, жеңіске сол жетеді, дегенге саятын екіұшты пікір білдірген сарапшылардың қауіптенетіндей жөні бар ма? Бізді толғандыратыны – осы. «Біз Қытайдың бақылау технологиясының экспортталуына қатысты проблеманың қаншалықты ауқымды екенін жете бағаламай отырмыз. Мәселе оны өзге режимдердің Қытайдағы секілді пайдалануында да жатқан жоқ, мәселе Қытайдың коммунистік партиясы оны өз мүддесіне жаратуы мүмкін»,- деп қаупін білдірді CNBC ақпарат көзіне сұхбат берген ASPI кибер орталықтың өкілі Саманта Хоффман. Қытай технологиясы авторитарлы елдерге тиімді. Алайда, авторитарлы елдердің билігі мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін технология ретінде бағалап отырған жоқ. Таяуда ғана АҚШ-тың әділет министрлігі 20 қытайдың қоғамдық қауіпсіздік бюросы мен сегіз компаниясын, соның ішінде, видео бақылау жүйесін құрастыратын  Hikvision компаниясын, сондай-ақ, адамды тану жүйесін жасау саласында көш бастаған SenseTime Group Ltd және Megvii Technology Ltd компанияларын  «қара тізімге» енгізді. АҚШ-тың сауда-саттық министрлігінің мәлімдемесінде айтылғандай, қытайдың бұл ұйымдары адам құқығына қол сұққан әрі қазақтар мен ұйғырларды, өзге де азшылықты құрайтын мұсылмандарды жаппай тұтқындау, репрессияға жол беру секілді науқанға атсалысқан. Статистикалық мәліметке қарағанда, қытайдың видео бақылау құрылғысының нарығы (үйге арналған видео бақылау қондырғысын есептемегенде) өткен жылы 10,6 млрд долларға жеткен, 2023 жылы бұл көрсеткіш 20,1 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. IDC зерттеу компаниясының келтірген дерегі осындай. Қадағалау технологиясы нарығының дамуына ең алдымен ұдайы жетілдіруді талап ететін «ақылды қала» жобасы септігін тигізіп отыр. Қытайдағы қазіргі урбанизацияның қарқын алуына байланысты «ақылды қала» жобасы көпке созылады. Өткен жылы Қытайдың видео бақылау жүйесін сатудан тапқан табысы (18,2 млрд доллар) әлемдегі осы саладан түскен пайданың жартысына жуығын құраған болатын - 45%. Бұл жайында IHS Markit зерттеу фирмасы мәлім етті. 

0 пікір
Мұрағат