Заңгер мүйісі: Қолхатсыз берген қарызды қалай қайтаруға болады
Заңгер мүйісі: Қолхатсыз берген қарызды қалай қайтаруға болады
3 ай бұрын 619 Максат Мамбетжан

Көп жағдайда қарыз беруші ақшасын қайтара алмай жүреді. Оның басты себебі - қарыз бергені туралы қолхаттың болмауы. Осыған байланысты қарыз бергендер ақшаны қайтару мүмкін емес деп ойлайды. Tengrinews.kz тілшісі  қолхатсыз берілген ақшаны қайтарудың жолдарын заңгерден сұрады. Заңгер Ербол Ерболатұлы адамдардың қарыз беретін кезде көп мәселені есткермейтінін айтады.

"Құжатсыз қарыз рәсімдеу тәжірибесі біздің елде көп тараған. Онысы аздай кейбіреулер таныстарының сұрауы бойынша қарыз беру үшін несиеге де жүгінеді. Сөйтіп олар несиенің шарттарын өз мойнына алып, кейін өкініп қалатын жағдайлар да кездеседі. Мұндай оқиғалар көбіне сенім мен үміттің кесірінен. Есесіне бұл мәселенің құқық жағы ескерусіз қалады. Қарыз сұраған адам бір жағдайлармен несиені төлей алмаса немесе төлемей қойса, онда бұл жауапкершілік құжат бойынша несиені рәсімдеген адамның мойнына ілінеді", - дейді ол.   

Заңгердің айтуынша, сізден ақшаны қарызға қолхатсыз алып, оны қайтармаған жағдайда, заңды жолдармен қоса қолда бар айла-тәсілдерді пайдалану керек. Мұндай жағдайда тек сот арқылы шешімді өз пайдаңызға асыруға болады.

"Яғни адамның қарыз бергені туралы тікелей немесе жанама айғақтары болса, онда сот бұл мәселені қарыз берушінің пайдасына шешуі әбден мүмкін. Айтар болсақ, сотқа дейін электронды пошта арқылы хат алмасу болса және оны нотариус растап, кейін сотқа жүгініп қарызданушыдан ақшаны сот шешімі арқылы қайтаруына болады. Бұл тізімге ұялы телефон арқылы SMS хат алмасуды, WhatsApp хабарламасында қарыз алушымен қарыз жайлы жазылған ақпаратты да айғақ ретінде қолдануға болады. Сондай-ақ, аудиожазбаны да қолдануға болады, бірақ, мұнда бір ескерту бар, екінші жақ аудиожазба жүріп жатқаны жайлы білуі тиіс. Себебі, заңға сәйкес егер де қарыз беруші аудиожазбаны ескертпей жүргізсе, онда бұл жазба айғақ ретінде жарамсыз деп саналады", - дейді маман.

Оның сөзінше, тағы бір ескерілуі тиіс мәселе, әрбір даулы жағдайдың жекеше қаралуы. Яғни, қарыз беруші мен қарыз алған адам өз айғақтары мен қарсылықтарын келтіреді.

"Мысалы, қарыз беруші банк шотынан үзінді көшірме көрсету арқылы дәл сол соманың алынғанын дәлелдесе, кейін оның қарыз алушыға бергенін дәлелдеуі керек. Егер де ол дәлел (қолхат) болмаса, онда сот басқа келтірілген қосымша айғақтарды ескереді де, заңға және өзінің тәжірибесіне сүйене отырып шешім шығарады. Сондай-ақ, заңда егер қарызды растайтын қолхат болмаса, қарыз алғаны туралы куәгерлердің растауы есепке алынбайды. Сот куәгерлердің айғақтарын ескермейді. Сондықтан қарыз беруші жазбаша немесе басқа да жоғарыда көрсетілген айғақтармен дәлелдеуі тиіс", - дейді ол.    

Заңгердің сөзінше, бұл мәселеде тек қарыз беруші ғана емес, қарызданатын адам да алданып қалуы мүмкін. Қарыз беруші сізді пайдаланып, алаяқтық жасайтын болса мынаны ескеру керек: "Егер де сіз қарыз берушіге ақшаны уақытылы беріп жатсыңыз, ол сізге толықтай немесе жартылай қарыз қайтарылды деген қолхат беруі тиіс. Егер де ол берілмесе, онда қарызданған адамның ақшаны толықтай қайтармауға құқығы бар. Қолхат қарыз алушының қолында болса, ол оның қарызын толықтай өтегенін білдіреді".

Заңгер қарыз берушілерге қолхат талап етуді кеңес береді. Оның айтуынша, осылайша өзіңізді үлкен проблемадан сақтайсыз. Өйткені, қарыз алушы жақын таныс болса да, қарызын бір себептермен немесе қасақана өтемеуі мүмкін.  Қайтсе де заңгер қарыз беру кезінде қолхаттың болғаны дұрыс дейді. 

Қарыз беру туралы қолхаттың үлгісі

1. Құжаттың аты: Қолхат, Қарыз шарты

2. Қолхат қай қалада рәсімделгені 

3. Қолхаттың рәсімделген уақыты

4. Қарыз беруші мен қарыз алушының (Аты-жөні, туған күн тураы мәлімет, ЖСН, жеке куәліктің нөмірі, тіркелген жері)

5. Қарызға берілген ақшаны жазбаша жазу керек, бұл ертеңгі күні сома өзгермеуі үшін жасалады

6. Ақшаның қай уақытта берілгені жайлы ақпарат жазылуы тиіс. Дәл сол уақытта немесе кейін берілгені жайлы

7. Қарыздың өтелу уақыты

8. Қарыз қай жерде қайтарылады. Қала, аудан, толық мекен-жайы

9. Сондай-ақ, қарыз беруші ол ақшаның қайда жұмсалатыны туралы ақпаратты толықтай білуге құқығы бар.

0 пікір
Мұрағат