Хайыз кезінде Құранға қарап, ойша оқуға бола ма?
Хайыз кезінде Құранға қарап, ойша оқуға бола ма?
1 жыл бұрын 3204

Әссәләмуғалейкум! Хайыз кезінде Құранды ашып, ойша оқыса бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи ғалымдарының жазған фәтуә кітаптарында хайыз-нифас кезде немесе жүніп кезінде Құранға назар салып, ішіне қарауға рұқсат екендігі айтылған[1]. Ғалымдарымыздың «Құранға қарау» деген сөздері - Құранды ұстамай, ойша оқуға болады дегенді білдірсе керек. Шафиғи ғұламасы Имам Нәуәуи (р.а.) бұл мәселеде ғалымдар арасында талас жоқ екендігін айтып өткен. Ол (р.а.) құнды еңбектерінің бірінде былай дейді:

 «Жүніп адамға да, хайызы келген әйелге де Құранға қарауға, әрі, оны тілді қимылдатпастан жүрекпен оқуға болады. Бұнда талас жоқ»[2]. 

Ендеше, Хайыз кезінде ұялы телефондағы, не болмаса, компьютердегі Құран сүрелерін, ондағы жекелеген аяттарды тілді қимылдатпастан, ойша оқуға болады десек қателеспеспіз. Алайда, хайызды кезде (жүніпті кезде де) Құранды сыбырлап болсын ауызша оқуға және Құранның өзін еш дәнекерсіз ұстауға әрі мешітке кіруге тыйым салынады.  

Осы орайда, Құран оқытушы мұғалималар мен үнемі Құран жаттап жүретін шәкірт қыздар қайтпек керек? – деген сауал туындауы мүмкін. Бұған байланысты сайтымызға жария етілген «Хайыз кезінде сүрелерді жаттай беруге бола ма?» атты жазбамызды оқысаңыз болады.


[1] Фәтәуә әл-Һиндия – 1/43 бет.
[2] әл-Мәжмүъ шархуль мүһәззәб 

Абдусамат Қасым