Кармин (Е120) тағамдық қоспасы харам ба?
Кармин (Е120) тағамдық қоспасы харам ба?
3 ай бұрын 1642

Әссәләмуғалейкум! Маған халал емес азық-түлік тізімі керек еді. Биосиммун халал ма? Және кармин дегеннің құрамы халал ма? Осы кармин көп затта бар? Жанерке.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кармин – мексикалық кошениль қоңызынан экстракциялау арқылы өндірілетін қызыл бояғыштың атауы. Е120 таңбасымен белгілі.

Өңделуі:

Мексика, Перу, Чили аймақтарында өсетін кактустерден ұрғашы кошениль қоңыздарын жинап, ыстық суға салады да, оны алдымен кептіреді. Одан соң, кептірілген қоңыздарды ұнтақтап, қызыл түсті затты алу үшін кейбір химиялық сұйықтықтармен (аммиак, карбонат натрия) қайнатылады, кейін экстракциялау арқылы кармин қышқылы алынады. Кармин қышқылы қоңыздардың қанынан емес, көкірек тұсынан және жұмыртқаларынан өңдіріледі екен. 1 (бір) килограмм кармин өңдіру үшін 150-160 мың кошениль қоңызы керек деседі.

Ерте заманда Орталық және Солтүстік Аммерикада кошениль қоңыздарын жергілікті тайпалар бояу ретінде қолданатын болған. Кейінірек Орталық Аммерика испандықтардың билігіне өтісімен кошениль бояуы европаға да тарай бастайды.

Кармин кейбір адамдарда астма, терінің қабынуы, ұйқысыздық сияқты сырқаттықтар тудыруы мүмкін. Тіпті, кейбір деректерде қатерлі ісіктің де тууына септігін тигізуі мүмкін екендігі айтылады.

Кармин бүгінде, азық-түлік, косметика және текстиль өнімдерінде қолданылуда.

Карминның жасанды түрі де бар, оның белгісі - Е124.

Шариғи үкімі:

Шариғи үкіміне келер болсақ, Ханафи, Шафиғи және Ханбали мәзхабы ғұламалары бойынша, шегірткеден өзге барлық жәндіктерді азық ретінде пайдалану харам болып саналады. Шегірткені Алла елшісі халал еткендіктен Ислам дінінде шегіртке адал. Одан өзге жәндіктер харам.

Ал Мәлики мәзхабы бойынша, шегірткеден өзге жәндіктер де «бисмилла» айтылып өлтірілген болса, адал.

Осыған орай, кошениль қоңыздары үш мәзхабта харам саналғандықтан, бүгінде көпшілік дін мамандарынша одан алынған «кармин» қоспасы да харам болып табылады.

Осы тұрғыда, бірен-саран дін мамандары карминнің өңделу процесінде өзіндік табиғи құрылымын өзгертуі ықтимал екендігін назарға ала отырып, оны халал деп тұжырымдаған. Өйткені, фиқһ ғылымындағы «инқиләбуль айн» (истихләль) қағидасына сәйкес, әлдебір харам зат өндіріс процесі кезінде өзінің табиғаты мен болмысын (химиялық структурасын) түбегейлі жоғалтып, басқа бір затқа өзгеретін болса (реакцияға ұшыраса), оның харам үкімі де жойылып, халал үкімін алады.

Десе де, карминның ондай өзгеріске ұшырайтындығы күмәнді, сондықтан да, көпшілік ғалымдардың тұжырымын негізге алып, "Е120" қоспасы бар азық-түліктерді барынша алмаған жөн.  

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 

Абдусамат Қасым