Дәлелдерімен намаз: Азан мен қамат
Дәлелдерімен намаз: Азан мен қамат
3 жыл бұрын 15099

«Азан» сөзінің этимологиялық мағынасы «құлақтандыру, хабарлау» дегенге саяды. Ал, діндегі анықтамасы: шариғат бекіткен арнайы сөздерді айту арқылы намаз уақытының кіргендігін құлақтандыру, хабарлау деген сөз. Бес уақыт намаз бен жұма намазына азан шақыру ерлер үшін – бекітілген сүннет1

1. Намазын үйде оқыған ер адам азан айтып, қамат түсірмесе де болады2.

Өйткені, сахаба Ибн Мәсғуд (р.а.): «Қалада түсірілген қамат жеткілікті», – деп, үйінде жолдастарымен бірге намазды азансыз және қаматсыз оқығандығы риуаят етілген3. Бұл риуаяттың арапша нұсқасы мынадай:

أن ابن مسعود : صَلَى بِأَصحَابِهِ فيِ دَارِه بِغَيرِ إقامَةٍ ، وقال : “إِقامَةُ المِصرِ تَكفي” رواه عبد الرزاق

Алайда, азан айтып, қамат түсіру – жеке адамға міндет болмағанымен сауап екенін естен шығармағанымыз жөн. 

2. Таң намазына азан шақырылғанда «ас-Саләту хайрум минән нәуум» дегенді міндетті түрде қосып айту керек.

عن بلال قال قال لي رسول الله صلى الله عليه وسلم: “ لاَ تُثَوِّبَنَّ فِي شَيْءٍ مِنَ الصَّلَوَاتِ إِلاَّ فِي صَلاَةِ الْفَجْرِ “. رواه الترمذي

Сахаба Біләлдің айтуынша, Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Ассалату хайрум минән наум» (намаз ұйқыдан артық) сөзін тек таң намазында ғана айт». Тирмизи сүнәні – №198 хадис.

3. Азаншы азан айтқанда саусағымен құлағын бітеп тұрады. Бұл дауысының қаттырақ әрі зор шығуы үшін істелінетін әрекет5. 

Ибн Мәжәнің хадистер жинағында келтірілген хадисте сахаба Әбу Жухайфа (р.а.) әкесінің былай дегенін риуаят етеді:

عن عون بن أبي جحيفة عن أبيه قال: “رَأَيْتُ بِلَالاً يُؤَذِّنُ ويَدُور وَيُتبِعُ فَاهُ هَاهُنَا وَهَاهُنَا وَإِصْبَعَاهُ فِي أُذُنَيْهِ”.  (صحيح

«Мен Біләлдің азан айтқанын көрдім. (Жұрт есту үшін) денесімен бірге аузын оңға, солға кезектестіріп бұрған еді. Сонда екі құлағын саусағымен бітеп тұрған болатын». (Сахих) Тирмизи, Китабус сала – 144-баб, 197-хадис; Ибн Мәжә – 329-бет/№711 хадис.

4. Азан айтқан кісі құбылаға беттейді. «Хайә алас салаһ» дегенде оң жаққа, ал «Хайә алаль фалах» дегенде сол жаққа мойынын бұрады7.

Әбу Дәуідттің хадистер жинағында келтірілген риуаятта Мұса ибн Исмаил былай дейді:

وقال موسى قال(أبو جحيفة) رَأَيْتُ بِلَالًا خَرَجَ إِلَى الْأَبْطَحِ فَأَذَّنَ ، فَلَمَّا بَلَغَ حَيَّ عَلَى الصَّلَاةِ ، حَيَّ عَلَى الْفَلَاحِ ، لَوَى عُنُقَهُ يَمِينًا وَشِمَالًا وَلَمْ يَسْتَدِرْ 

«Әбу Жухайфа былай дейді: Біләлдің «Әбтахқа» шығып, азан айтқанын көрдім. Ол «Хайә алал фалах» және «Хайә алас салаһ» дегенде мойынын оңға және солға бұрған еді. Айналып жүрмеді»Әбу Дәуіт, – 1/391-бет, 34-баб, №520 хадис. Ғаунуль Мағбуд.    

5. Қамат түсіргенде «Хайә алал фалах» сөзінен кейін: «Қад қаматис салату» деп қосып айту керек.

6. Азан шақырған кісі дауысын барынша қатты шығарып, созып айтады, ал қаматта бұлай істеу шарт емес.

Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) Біләлға:

عن جابر بن عبد الله ، أن رسول الله - صلى الله عليه وآله وسلم - قال لِبِلالٍ : “ يَا بِلَالُ إِذَا أَذَّنْتَ فَتَرَسَّلْ فِي أَذَانِكَ ، وَإِذَا أَقَمْتَ فَاحْدُرْ” 

 «Азан шақырғанда оны созып айт. Ал қамат айтарда, қамат сөзін тездетіп айт», – деген болатын. әл-ХакІм, әл-Мүстадрак, «Китабус Сала», (292) №760-хадис.

7. Қаза намаздарына азан шақырып, қамат түсіру – сауапты іс. Егер бірнеше қаза намаз бірінен кейін бірі оқылатын болса, қаласа әрқайсысына азан шақырып, қамат түсіреді, қаламаса алғашқысында бір мәрте азан шақырып, қалғандарына тек қамат түсірумен шектеледі10.

Имам Тирмизи мен Имам Ахметтің кітаптарында келтірілген риуаяттардың бірінде Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді: 

أنَّ المُشركين شَغَلُوا النّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ أَرْبَعِ صَلَوَاتٍ يَوْمَ الْخَنْدَقِ حَتَّى ذَهَبَ مِنْ اللَّيْلِ مَا شَاءَ اللَّهُ فَأَمَرَ بِلَالًا فَأَذَّنَ ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الظُّهْرَ ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الْعَصْرَ ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الْمَغْرِبَ ثُمَّ أَقَامَ فَصَلَّى الْعِشَاءَ

«Хандақ» соғысында мүшріктердің кесірінен Алла Елшісі (с.а.у.) төрт намазын уақытында оқи алма-ды. Алланың қалауымен түннің бір уағында, Алла Елшісі (с.а.у.) Біләлға азан шақыруын бұйырды. Азан шақырылғаннан кейін қамат түсіріп, бесін намазын оқыды. Сосын қайта қамат түсіріп, екінтіні оқыды. Және қамат түсіріп, ақшам намазын оқыды. Одан соң қайта қамат түсіріп құптан намазын оқыды». Тирмизи – 1/194-бет, 132 – баб, №179 хадис; Ахмет – 520.

8. Азанды дәретсіз шақыру – мәкрүһ12.

9. Қаматтың сөздері де азан сияқты екі мәрте қайталанады («Аллаһу әкбәр», «Аллаһу әкбәр» деп екі мәрте қайталап айтуымыз бір рет айтқан болып есептеледі). 

Имам Байһақидің кітабында келтірілген хадисте сахаба Абдулла ибн Зәйд былай дейді:

اِنَّ عَبدَ اللهِ بنَ زَيدٍ الأنصارِي جَاءَ إلى النّبِيَّ صَلَّى اللهُ عليه وسلّم فقال : يا رَسولَ الله ، رَأَيتُ في المَنَامِ كَأَنَّ رَجَلاً قَامَ وَعَلَيهِ بَردَانِ أَخضَرَانِ فَقَامَ عَلَى حَائِطٍ فَأَذَّنَ مَثنَى مَثنَى وَأَقَامَ مَثنَى مَثنَى . وأخرَجَهُ البَيهَقِي

«Мен Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Уа, Расулаллаһ! Мен түсімде бір адамды көрдім. Үстінде екі қабат жасыл жамылғы киімі бар еді. Ол бақшада тұрып (немесе дуалға шығып) азан шақырды, (азан сөздерін) екі мәрте қайталап айтты. Қамат сөздерін де екі реттен айтты».  Бәйһақи риуаят еткен.  


[1] Ихтияр – 1/71-бет.
[2] Ихтияр – 1/140-бет.
[3] ас-Санағани, Мұсаннаф – №1961 хадис.
[4] Ихтияр – 1/143-бет.    
[5] Ихтияр – 1/143-бет    
[6] Хисамұддин әр-Рази, Хүләса – 1/73-бет.
[7] Хисамуддин әр-Рази, Хүләса – 1/73-бет.  
[8] "Аллаһу әкбар", деп, екі рет айту бір рет айтылған болып саналады.            

  "Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі" 
Авторы: Абдусамат Қасым. 
«Дәуір» баспасы. Алматы, 2013 ж.
(Түзетулер мен толықтырулар енгізілген)