Дәлелдерімен намаз: Ифтитах тәкбірі (намазға бастау) және қиям
Дәлелдерімен намаз: Ифтитах тәкбірі (намазға бастау) және қиям
4 жыл бұрын 5398
Ифтитах тәкбірі

Намазда тік тұру (қиям) – парыз. Алла тағала Құран кәрімде: «Аллаға бойұсынған күйде тұрыңдар»[1], – деген. Ықылас білдіріп, ниет еткеннен кейін тік тұрып, «Аллаһу әкбәр», деп, тәкбір алады. Бұны «Ифтитах тәкбірі» дейміз.

1. Ифтитах – "бастау", "жабық нәрсені ашу" деген мағынаға саяды. Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір, яғни, ниет ете салысымен тік тұрып, «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағуды білдіреді. Әрі бұны «Тахрима тәкбірі» деп те атайды[2]. Тахрима тәкбірі – "харам етуші", "тыйым салушы тәкбір" дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз, «Аллаһу әкбар» деп намазды бастағаннан кейін, одан бұрыңғы уақыттағы рұқсат етілген іс-әрекеттерімізге тыйым салынады деген сөз. Намазды осылай бастау – парыз[3], онсыз намаз оқылмайды[4]. 

Хазірет Әлидің риуаят етуі бойынша Пайғамбар-ымыз (с.а.у.):

"مِفْتَاحُ الصَّلاةِ الطُّهُورُ ، وَتَحْرِيمُهَا التَّكْبِيرُ ، وَتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ " رواه ابو داود

 «Намаздың кілті – дәрет; Тахримі (намаз кезінде одан тыс әрекеттерден тыйылу) – «Аллаһу әкбар» деумен басталады; Намаз (екі жаққа) сәлем берумен бітеді, деген[5].  (Сахих)

2. Ифтитах тәкбірінде ер кісілер екі қолды көтергенде басбармағы құлақтың сырғалығына дейін келетіндей етіп көтереді. Бұл – сүннет[6]. Бұны орындаудың ең жақсы жолы – бармақты құлақ сырғалығына тигізу[7]. Оған мына төмендегі хадистер дәлел:

«Сахих Муслим» атты хадистер жинағында риуаят етілген хадисте сахаба Мәлік ибн әл-Хуәйрис былай дейді:

عن مالك بن الحويرث" أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، كَانَ إِذَا كَبَّرَ ، رَفَعَ يَدَيْهِ ، حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ..." . رواه مسلم

«Алланың Елшісі (с.а.у)(намазда) тәкбір айтқанда екі қолын құлағының тұсына дейін көтеретін....»[8].

Аталмыш хадис кітабында келтірілген тағы бір риуаятта сахаба Қатада Пайғамбарымыздың тәкбір тахриманы қалай  жасағаны туралы айтқан:

عَنْ قَتَادَةَ ، بِهَذَا الإِسْنَادِ ، أَنَّهُ رَأَى نَبِيَّ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، وَقَالَ : حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا فُرُوعَ أُذُنَيْهِ. رواه مسلم

«Ол қолын құлағының жоғарғы тұсына жететіндей етіп көтерді»[9].

Әйгілі хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи өзінің «Шарху Мағанил-Әсәр» атты хадис еңбегінде сахаба Уәил ибн Хужрдан жеткен мына «сахих хадисті» риуаят етеді:

عن وائل بن حجر، قال: "رأيتُ رسولَ الله (صلى الله عليه وسلم) حِينَ يُكبّر لِلصّلاةِ يَرفَعُ يَدَيهِ حِيَالَ أُذُنَيهِ". رواه الطحاوي (طريقه صحيح)

 «Мен Пайғамбарымыздың намазға тәкбір айтқанда екі қолын құлақ тұсына көтергенін көрдім»[10].

Хадисші Имам Нәсәийдің кітабында да  Абдужаббар ибн Уәил (р.а) әкесінен мына хадисті риуаят еткен:

عَن عَبدِ الجَبَّارِ بنِ وَائل عن ابيه اَنَّهُ رَأَى النَّبِيّ صَلَّى اللهُ عَلَيهِ و سلَّم  إِذَا افْتَتَحَ الصَّلَاةَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى تَكَادَ إِبْهَامَاهُ تُحَاذِي شَحْمَةَ أُذُنَيْهِ. رواه النسائي (الحديث في نفسه صحيح)

«Әкесі Алла елшісінің (ифтитах) тәкбір келтірген кезде екі қолын басбармақтары құлақ сырғалығының тұсына келетіндей етіп көтергенін көрген»[11].  Бұл хадиске Нәсәи өзінің «әс-Сүнәнүл-күбра» атты еңбегінде «сахих», яғни, «сенімді» деп баға берген.

Сонымен қатар, Имам Бұхаридің «Қурратуль айнайн» атты хадис кітапшасында сахаба Барра (р.а.) былай дейді:

عن البَرَّاء رضى الله تعالى عنه قال:"كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ يَرفَعُ يَدَيهِ إذَا كَبَّرَ حَذْوَ أُذُنَيهِ"

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқанда қолын құлақ тұсына дейін көтеретін»[12].

Тағы бір деректе әл-Хаким ән-Нисабури өзінің «әл-Мүстәдрак» атты кітабында риуаят еткен хадисте сахаба Әнәс (р.а.) былай дейді:

عن أنس قال: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَبَّرَ ، فَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ...". رواه الحاكم. (إسناده صحيح، و لا أعرف له علة)

«Мен Пайғамбарымыздың тәкбір келтіргенін көрдім: Ол (с.а.у) (қолын көтергенде) екі басбармағын құлақ тұсына келтірді...»[13].

Бұл хадис жайында жоғарыда аты аталған ғұлама былай дейді: «Бұл айтылғандар Бұхари мен Мүслімнің хадис іріктеудегі талаптарына сай «сахих» жолмен келген. Аталмыш хадистен күмән тудыратындай нәрсені байқамадым».

Осы тақырыпқа қатысты басқа да риуаяттарды хадис кітаптарынан кездестіруге болады[14]. Ендеше, бұл айтылғандар ифтитах тәкбірінде қолды құлақ тұсына дейін көтерудің Алла Елшісінің сүннетінен алынғандығына дәлел бола алады.

Ифтитах тәкбірінде қолды иыққа дейін көтеру жайында

Тәкбір алғанда қолды көкірекке немесе иыққа дейін көтеру мәселесіне келер болсақ, бұл қимыл Пайғамбарымыздың кезінде әрдайым емес, кей жағдайда ғана жасалғанын айта кету керек. Бұған Ханафи ғалымдары сахаба Уаил ибн Хужрдың мына сөзін дәлел ретінде келтіреді. Әбу Дәуідте риуаят етілген сахих хадисте Уаил ибн Хужр былай дейді:

عن وائل بن حجر قال: " رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِينَ افْتَتَحَ الصَّلاةَ رَفَعَ يَدَيْهِ حِيَالَ أُذُنَيْهِ ، قَالَ : ثُمَّ أَتَيْتُهُمْ فَرَأَيْتُهُمْ يَرْفَعُونَ أَيْدِيَهُمْ إِلَى صُدُورِهِمْ وَعَلَيْهِمْ بَرَانِسُ وَأَكْسِيَةٌ ". رواه أبو داود. (صحيح)

«Мен Пайғамбарымызды ифтитах тәкбірінде екі қолын құлақ тұсына көтергенін көргенмін. Кейін  сахабаларға келгенімде намазға бастарда (алғашқы тәкбірде) қолдарын көкірек тұсына көтеріп жатты. Олардың үстерінде (суықта киетін) күләпаралы жамылғылары (капюшонды плащ) және қалың киімдері бар еді»[15].

Уәил ибн Хужрдың сөзіне қарағанда, сахабалар күн суық кезде киім ішінен қолдарын құлаққа дейін көтеру қолайсыздық тудыратындықтан көкірек тұсына дейін ғана көтерумен шектелген. Ал, күн жылы кезде құлақ тұсына дейін көтеретін. Демек, ең дұрысы – қолды құлақ тұсына көтеру.

Сондай-ақ, қолды иық деңгейіне дейін көтеруге байланысты хадисті былай түсінуге де болады. Қолдарын иық тұсына дейін көтерген кісінің саусақ ұшы құлағының сырғалық тұсына дөп келеді. Яғни, алақанын иық тұсына көтерген  кісінің саусақтары да құлақ тұсына дейін көтеріледі. Бұған дәлел ретінде Әбу Дәуіт пен Байхақидің хадис жинағындағы мына риуаятты келтіруге болады:

عن عبد الجبار بن وائل عن أبيه أَنَّهُ أَبْصَرَ النَّبِيَّ صلى الله عليه وسلم حِينَ قَامَ إِلَى الصَّلاَةِ رَفَعَ يَدَيْهِ, حَتَّى كَانَتَا بِحِيَالِ مَنْكِبَيْهِ, وَحَاذَى بِإِبْهَامَيْهِ أُذُنَيْهِ ثُمَّ كَبَّرَ ". رواه البيهقي و أبو داود

«Әбдіжаббар ибн Уәйлдің айтуына қарағанда әкесі былай деген: «Пайғамбарымыз намазға тұрғанда қолын иық тұсына, ал басбармағын  құлақ тұсына дейін көтерді де «Аллаһу әкбәр» деді»[16].

3. Ер кісі тәкбір алғанда саусақтарын бүкпей, алақандарын құбылаға қаратып, ашып ұстайды[17]. Тирмизидің риуаят етуі бойынша сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді:

عن أبي هريرة كَانَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم إِذَا كَبَّرَ نَشَرَ أَصَابِعِهُ " رواه الترمذي (حسن) 

«Пайғамбарымыз (намазда) тәкбір алғанда саусақтарын бүкпейтін»[18] (Хасан хадис).

 Қиям

 1. Қиямда сәжде жасайтын жерден көз айырмау – мұстахаб[19].

عن عائشة قالت:لما دَخَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْكَعْبَةَ مَا خَلَفَ بَصَرُهُ مَوْضِعَ سُجُودِهِ حَتَّى خَرَجَ مِنْهَا

Айша анамыз: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) Қағбаға кіргенде намаз оқыды. Намазда сәжде жасайтын жерінен жанарын айырмаған еді», – дейді[20]. 

2. Көзді жұмып, намаз оқу – жеңіл мәкрүһ.

عن ابن عباس، قال: قال رسول الله (صلى الله عليه و سلم): "إِذَا قَامَ أَحَدُكُمْ فِي الصَّلاةِ فَلا يُغْمِضْ عَيْنَيْهِ". رواه الطبراني                 

Абдулла ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.): «Кім де кім намаз оқыса, көзін жұмбасын», деген хадисін риуаят еткен[21].


[1]. «Бақара» сүресі, 238-аят.
[2]. М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, 139-бет.
[3]. Марғинани, Хидая, Бабу Сыффатис-салә – 1/302-бет.
[4]. әл-Мәйдани, Лүбаб – 1/65-бет.
[5]. Әбу Дәуіт, Салә, №618 хадис; Тирмизи өзінің сүнәнінде бұл хадисты Әбу Сағидтан келген хадистен әлдеқайда дұрысырақ (асаһ) деген: Бабу: Сыффатус-салә, №238 хадис.
[6]. Марғинани, Хидая, Бабу Сыффатис-салә, 1/307-бет;
[7]. Мәйдани, Лиубаб, 1/67-бет.
[8]. Сахих Мүслім, Китабус Сала – (391) – 25-хадис.
[9]. Сахих Мүслім, Китабус Сала –(391) – 26-хадис. 183-бет.
"فرع الأذن": أعلاها
[10]. Имам Тахауи, Шарху Мағанил-Әсәр, 3/512-бет. әл-Айни шархы.
[11]. Нәсәи, Ифтитах, Тақырыбы:– 365-баб/958-хадис;  Әбу Дәуіт, №724 хадис. Хасан.
[12]. Имам Бұхари, Қурратул айнайн, №34 хадис.
[13]. әл-Хаким, Мүстадрак – 1/349-бет, (149) №822 хадис.
[14]. Табарани, «әл-Мұғжамул Кәбір»: 22/36 – №85; Даруқутни: 1/292 №14; Әбу Дәуіт: 1/315 – №957.
[15]. Әбу Дәуіт сүнәні – 728, 727-хадис. 2/49-бет.
[16]. Әл-Бахақи – 2/38-бет. №2306 хадис; Әбу Дәуіт - №724-хадис.
[17]. Айни, Биная шархул Хидая – 1/167-бет.
[18]. Тирмизи сүнәні –1/247-бет, 239-бабы.
[19]. Нурул Изах – 28-бет, Намаздың әдептері.
[20]. әл-Хаким, әл-Мүстадрак, Китабүл-Манасик, №1804 хадис.
[21]. Хайсами, Мәжмағуз-зәуәид – 2/192-бет, №2450 хадис.

 
"Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі". 
Авторы: А. Қасымов. «Дәуір» баспасы.
Алматы, 2013 ж.
Абдусамат Қасым