Жүктілік кезінде төсек қатынасына түсуге рұқсат етілген бе?
Жүктілік кезінде төсек қатынасына түсуге рұқсат етілген бе?
24 күн бұрын 6846

Әйелім жүкті кезде бірге болуға рұқсат етілген бе, әлде күнә ма? Сәкен. 

Дінімізде зайыбымен жүктілік кезінде жақындасуға рұқсат етіледі. Бастысы әйелге немесе балаға зияны болмаса болғаны. Оған дәлел ретінде Алла елшісінің мына бір сөзін келтіруге болады. Әбу Дәуіттің кітабында орын алған сахих бір хадисте Пайғамбарымыз былай деген:

«Аллаға және ақырет күніне сенетін адам өзінің суымен өзгенің көшетін суғармасын...»[1] .

Алла елшісі аталмыш хадисте «өзгенің көшеті» деп іштегі баланы айтып тұр. Яғни, ажырасқан аяғы ауыр әйелді өз некесіне алғысы келсе, босанғанын күтуі керек. Оған дейін некелесе алмайды деген сөз[2]. Хадистің астарынан «іштегі өзінің баласы болса, қатынасқа түсе беруге рұқсат» дегенді ұғынуға болады. Бұл өз кезегінде жүктілік кезінде өз жұбайымен төсек қатынасына түсе беруге болатындығын білдіреді.   

Медициналық тұрғысынан айтар болсақ, қазіргі медицина мамандары да жүктілік кезеңінің қай сатысында болса да қатынасқа түсудің зияны жоқтығын айтады. Өйткені жатырдың бұлшық еттері мен қағанақ суы қатынас барысында іштегі балаға зиян келуіне жол бермейді екен. Дегенмен, кей жағдайларда медицинада қатынасқа түсуден тыйым салынады. Мәселен:

- Өздігінен түсік тастау қауіпі туындаса; 

- Ерлі-зайыптының бірінде жұқпалы аурудың белгілері байқалса;

- Әйелде қанның бөлінуі; 

- Жатыр мойыны саңылауының ашықтығы;

- Бала жолдасының дұрыс емес орналасуы;

- Бұрынғы жүктілік кезеңдерінде өздігінен түсік тастау жағдайының орын алуы[3].


[1] Әбу Дәуід: Сүнән – Китабун никах. №2158 хадис.
[2] Басқа біреумен зина жасап көтерген әйелді аяғы ауыр күйі некесіне алуға болады, бірақ босанғанша қатынасқа түспеуі шарт. Ал ажырасқан бірақ аяғы ауыр әйелді босанғанға дейін некесіне ала алмайды.
[3] mamsy.ru

Абдусамат Қасым