Күйеуімнің атын атауға болмай ма?
Күйеуімнің атын атауға болмай ма?
7 ай бұрын 4409

Ассаламуғалейкум! Сізден сұрайын дегенім, отағасының яғни күйеуімнің атын атауға болмайды дейді. Сол рас па? Шариғат бойынша қалай?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ертеректегі ғалымдарымыз әйел адамның өзінің жарына есімімен емес, «мырза» деген сияқты сөздермен тіл қатуды әдептен санаған. «Дурруль Мухтәр» атты кітапта және оған жазылған түсіндірмеде былай делінеді:

  وَيُكْرَهُ أَنْ يَدْعُوَ الرَّجُلُ أَبَاهُ وَأَنْ تَدْعُوَ الْمَرْأَةُ زَوْجَهَا بِاسْمِهِ - بَلْ لَا بُدَّ مِنْ لَفْظٍ يُفِيدُ التَّعْظِيمَ كَيَا سَيِّدِي وَنَحْوِهِ

«Кісінің өз әкесін (алыстан) шақыруы мәкруһ және әйел адамның да күйеуін есімімен шақыруы мәкруһ – Оның орнына, «мырзам» деген сияқты қадірлеушілікті білдіретін сөздер болуы тиіс»[1].

Кезінде сахабалардың жұбайлары күйеулерін есімімен емес, көбіне тұңғышының есімімен байланыстыра «пәленшенің әкесі» деп, немесе «саииди» - «мырзам» деп тіл қататын. Мысалы, Әбу Дәрданың жұбайы Үмму Дәрдә (р.анһума) күйеуінен естіген хадисті риуаят еткенде де оның атын атамай: «حدثني سيدي» - «маған мырзам былай деп хадис айтты» дейтін болған.

Қазақ салтында да әйел кісі өз ерін отағасы дейтін.

Қорытындылай келе, Исламдағы отбасы мәдениетінде әйел кісінің күйеуіне есімімен емес, құрметтілікті білдіретін сөздермен тіл қатқаны әдептен саналады. Мысалы:  мырзам, отағасы, әкесі т.б. Әсіресе мұның маңыздылығы - тікелей есімін атау құрметсіздік ретінде қаралатын қоғамда анық байқалады.  

Әйтсе де, күйеуін атымен атаған кісіге күнә жазылмайтындығын да айта кету керек.


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр – 9/599 бет.

Абдусамат Қасым