Оральды-генитальды қатынасқа рұқсат па? (18+)
Оральды-генитальды қатынасқа рұқсат па? (18+)
1 жыл бұрын 10749

Ассалямуалейкум! Исламда оральды қатынас рұқсат етілген бе? Кейбір сайттарда рұқсат берілсе, кейбіреуінде харам делінген. Қайсысы дұрыс? Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Аталмыш қатынас түріне қатысты Құран мен хадисте нақты үкім айтылмаған. Сол себепті, бүгінде оны мүлдем еркін ұстап, рұқсатқа балайтындар бар. Әйтсе де, мүлдем қарсы шығатындар да аз емес. Мәселен, фиқһ білгірі мархұм Уәхбәту Зухайли аталмыш қатынас түрін адамның таза табиғатына қайшы екендігін айта келе, ондай әрекетке баруды харам деп есептеген[1].   

Деректерге қарағанда, ертеректе өмір кешкен Мәлики және Шафиғи мәзхабының ғалымдары әлгіндей қатынас түріне рұқсат бергендіктерін діни еңбектерінен байқауға болады. Ханбали ғалымдары болса, ондай әрекетке жыныстық қатынастан бұрын рұқсат, жыныстық қатынастан кейін мәкруһ деген[2].   

Ал, Ханафи фиқһ кітаптарында дәл мұндай мәселе төңірегінде ашық айтылған үкім кездестірмедік. Әйтседе, кейбір фәтуа кітаптарындағы мәліметтерді назарға ала отырып, тікелей аталмыш әрекетке барудың Ханафи мәзхабы бойынша, ең жоқ дегенде харамға жақын мәкруһ екендігін тұжырымдауға болады. Оның үстіне, ұлы сөздің ұяттығы жоқ, қатынас барысында «мәзи» (әйелдердікін «القذى-қазәә» дейді), "мәни" т.б. нәжіс саналатын таза емес әртүрлі заттар бөлінетіндігі мәлім. Әлгіндей әрекет арқылы нәжіс жұтылады деген сөз. Шариғатта нәжісті жұту - харам. 

Бұл айтқандарымыз - мәселенің фиқһи жағы.

Медицинада: 

Ал, медициналық тұрғыда, ондай қатынас түрі – ауыз қуысы қатерлі ісігін тудыруы мүмкін екен. Өйткені, жыныс мүшелері арқылы таралатын вирустардың ең әйгілісі ВПЧ-16 «папилом вирусы» - ауыз қуысы рагына, соның ішінде көмей рагына (рак гортани) шалдықтыратындығы бүгінде дәлелденіп отыр. Ашық интернет мәліметтеріне сүйенсек, Франция еліндегі Халықаралық Обыр зерттеу ұйымының жүргізген зерттеу нәтижесінде ВПЧ-16 вирусы ауыз қуысы рагында да кездесетіндігі анықталған. Және де ауыз қуысы рагына шалдыққандардың арасында ВПЧ-16 вирусы анықталғандардың дені аталмыш қатынас түрімен айналысқандықтары белгілі болған.


[1] Проф. Доктор Уахбату Зухайли: Фәтәуә Муғасыра. Дамаск. 237 бет.
[2] Әл-Мәсуғатуль әл-Фиқһия әл-Куәйтия – 32/90 бет. «Фәрж».

Абдусамат Қасым