Бір мезетте айтылған үш талақ қанша талаққа саналады?
Бір мезетте айтылған үш талақ қанша талаққа саналады?
2 ай бұрын 1497

Әссәләмуғалейкум! Осыдан 8-9 жыл бұрын күйеміммен ұрысып қалған жағдай бар еді. Маған 3 талақ қойған болатын. Ол кезде оның мағынасын түсінбеген екенмін. Енді, бес уақыт намаз оқып, ол нәрсенің жаман екенін түсініп отырмын. Не істесе болады? Шешімі бар ма? Анон.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Деректерге қарағанда, бір мезгілде айтылған үш талаққа қатысты Фақиһтерден (фиқһ білгірлерінен) үш түрлі тұжырым жеткен. Олар қысқаша төмендегідей:

  1. Бір мезетте айтылған үш талақтан - үш талақ үкімі туындайды. Бұл – көпшілік ғұламалардың тоқтамы. Олардың арасында, төрт мәзхаб имамдары және Зәһирия мәзхабының ғалымдары бар. Сондай-ақ, Әбу Бәкір Сыддық пен төрт Абдулланы айтпағанда (Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Амр, Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Мәсғұд) сахабалардың көпшілігінің тұжырымы да осыған саяды. Тәбиғиндердің де көбі осыны құп көрген.
  2. Екінші тұжырым бойынша, ондайда ешқандай талақ үкімі туындамайды. Бұл – шиіттердегі «имамия» бағытының өкілдері ұстанатын тұжырым. (Имамия шиіттері – Иран Ислам республикасының ресми діни ұстанымы).
  3. Бір мезетте айтылған үш талақтан – бір талақ қана туындайды. Мұндай тұжырымды көлденең тартушылар – Зәйдия мазхабы өкілдері, кейбір Заһирия мәзхабының ғалымдары, Ибн Исхақ, Таус және де Ибн Тәймия мен оның шәкірті Ибн Қаюм әл-Жәузий[1].

Ендігі жерде, бұл мәселеде көпшілік ғұламалардың тұжырымы негіз екендігін айта кету керек. Бірақ, мәжбүр жағдайларда, мысалы, арада бала болып, ажырасқан жағдайда балалардың хәлі қиындап кететін болса, сондай-ақ, болашағынан үлкен үміт күттіретін отбасылардың ажырасқандарынан, ажыраспағандары дұрыс көріліп, әрі ері өкініп, енді ондай оқылыққа бармайтынына сенім білдірсе - бір мезетте айтылған үш талақты "бір талақ" ретінде санайтын пәтуаға сүйенуге рұқсат дейтін дін ғалымдарымыз бар[2].  

Осынының негізінде айтқанда, сіздердің некелеріңіз бұзылмады. Егер, одан бері талақ айтылмаған болса, еріңіздің бір мезгілде айтқан үш талағын бір талақ деп санауға болады.  

Дегенмен, келешекте өз-өзіне бекем болып, ондай оғаш қылыққа бармауға тырысуы керек. Оғаш деуімнің себебі, бір мезгілде үш талақ айту – күнә саналған. Сондықтан да, ашулана қалса талақ айта салу – қате. Тәубе керек еттіретін әрекет. Әйелі де өз кезегінде парасаттылық танытып, күйеуін талақ айтатындай дәрежеге жеткізбеуі тиіс. Шайтанның ең үлкен жетістігі - ерлі-зайыптылардың арасын бұзу делінген. Ендеше, шайтанның араласуына жол берілмеуі ләзім. 

Өмірлеріңізге сәттілік тілеймін!


[1] Уаһбәту Зухәйли: әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу. 7/406 бет.
[2] Уаһбату Зухайли: Фәтәуә Муъасыйра. 182 бет.

Абдусамат Қасым