Қармен ағзаларды ысқылап, дәрет алуға бола ма?
Қармен ағзаларды ысқылап, дәрет алуға бола ма?
4 ай бұрын 3674

Су жоқ кезде дәретте жуылатын жерлерімді қармен ысқыласам, дәрет орнына жүре ме?  

Дәретте «жуу» ісі жүзеге асқан болуы керек. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Әй мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар (сипаңдар.) Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуыңдар..»[1].

Аталмыш аятта «жуыңдар» деп тұр. Жуу іс-қимылы судың ағуымен жүзеге асады. Ал «ысқылау» ісі – жуу емес.  Сондықтан да, дәретте жуылатын жерлерді (бет, қол, аяқ) қармен ысқалау – дәрет алғандық болып саналмайды.

Бірақ, қармен ысқылап жатқанда қар еріп, ағзадан екі-уш тамшы су таматын болса, бұл әрекет дәрет орнына жүреді дейді ғалымдар. Ысқылаған ағзалардан су тамшыламаса, дәрет алған болып есептелмейді. Ханафи ғұламасы Әбу Жаъфар әл-Һәндәуәниден (х.392 ж.) қармен дәрет алу мәселесі сұралған кезде: «Ол дегеніңіз – жуу емес, сүрту. Бірақ, қарды ысқылаған кезде еріп су ағатын болса, саналады», - деп жауап берген[2].


[1] Құран Кәрім: «Маида» сүресі, 6 аят.
[2] Имам Аләуддин әл-Кәсәни: «Бадаиғус-Санаиъ» - 1 том. 92 бет. "даруль кутубиль илмия". Бейрут-Ливан. 2002 ж.

Абдусамат Қасым