Имам жұма хұтпасын оқығанда не үшін таяқ ұстайды?
Имам жұма хұтпасын оқығанда не үшін таяқ ұстайды?
4 күн бұрын 2179

Ассаламуғалейком! Имам жұма күні құтпа оқығанда не үшін таяқ ұстап тұрады?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ислам ғұламаларының көпшілігі жұма күні хұтба оқылу барысында имамның сол жағымен аса таяққа немесе қылышқа немесе садаққа сүйеніп тұруын сүннет санаған[1].   

Өйткені сахаба әл-Хакәм ибн Хәзн әл-Күләфиден (р.а.) жеткен хадисте былай делінеді:

«Пайғамбарымызға келген едім. Біршама күн аялдадым. Сол күндері жұма намазын Алла елшісімен бірге оқыдық. Алла елшісі (хұтбада) аса таяққа немесе садаққа сүйенген күйі тұрып, Аллаға хамд-сәнәлар айтты, жеңіл және мән-мағыналы әдемі сөздер айтты (яғни, хұтба оқыды)»[2].

«Алла елшісі (хұтбаға) тұрғанда қолына аса таяқ алатын да минбарда тұрғанда сол таяққа сүйеніп тұратын. Кейіннен Әбу Бәкір Сыддық, Омар ибн Хаттаб және Осман ибн Аффан солай істейтін». Ибн Шиһәб.

Бүгінде имамдардың хұтба оқығанда қолдарына аса таяқ ұстап тұруы осы сүннеттен бастау алады. Негізгі себебі сол.

Ал, оның мәнісін әртүрлі айтуға болады. Мәселен, биік минберде тұрған адам ағаш сүйеніп тұруы арқылы өзін мығым ұстайды. Алда-жалда басы айналып құлап кету қауіпі туындаса, қолындағы аса таяғы сүйеніш болмақ т.б. 

Ханафи ғалымдары хұтба оқығанда аса таяққа сүйеніп тұруға қатысты екі түрлі тұжырым білдірген деуге болады. Аса таяққа сүйенуді сүннетке қайшы деп, жеңіл мәкруһке балағандар болғаны секілді[3], оны хұтбаның сүннетінен санаған ғалымдар да бар[4].


[1] Уһбату Зухайли: әл-Фиқһуль Исләми. 2/293
[2] Әбу Дәуід-№1096 хадис.
[3] Фәтәуә Тәтәрхания.
[4] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр  - 3/41 бет.

Абдусамат Қасым