Жолаушының намазына қатысты сұрақ
Жолаушының намазына қатысты сұрақ
1 ай бұрын 1284

Ассаламуғалейкум! Мен Астанадан Шымкентке 15 күнге қонаққа бардым, намаздарымды толық оқимын ия? Бірақ, сол 15 күннің арасында 1 тәулікке Ташкентке барып қайттым. Сол Ташкентке барған жерімде намазымды толық оқимын ба, әлде қыстқартуым керек пе? Сосын Шымкентке қайтып келгенде ше? Болмаса Шымкентте де Ташкентте де қысқартып оқуым кере пе еді? Себебі 15 күн толық бір жерде болғаным жоқ. Сұрағым түсінікті шығар деген ойдамын. Осындай жағдайларды қайтеміз қаладан-қалаға жүрген кезде, 100 шақырымнан асатын ара-қашықтықтарда? Нұрлыбек

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ең әуелі мына бір ережені есте сақтағанымыз дұрыс: уақытша мекеннің (уатануль иқома) үкімі – өзге уақытша мекенге ауысқан жағдайда немесе ол жерден басқа жерге сапарлап шыққан жағдайда, яки, «асли отанына» оралған жағдайда бұзылады, яғни, уақытша мекен болу статусынан шығады[1]. 

(Уатануль иқома деп, он бес күн не одан көп қалуды ұйғарған уақытша мекенді айтамыз).

Сіздің жағдайда 15 күн қалуды ниет еткен Шымкент қаласы «уақытша мекен» үкімінде болып, намаздар қысқартпай оқылады. Бірақ, арасында Ташкент қаласына сапарлап шыққандық себепті он бес күн қалу ниетіңіз бұзылып, ол жер уақытша мекен статусын жоғалтып отыр. Сондықтан да, Ташкенттен оралған заматта, Шымкентте қанша күн қалатыңызға қайта ниет ету керексіз. Егер, одан былайғы қалатын күндеріңіз 15 күнге толса, намаздарды толық оқисыз, ал он бес күнге жетпесе, жолаушы ретінде намаздарыңызды қысқартып оқисыз. Алдынғы күндер есепке алынбайды.

Бұнымен қатар, сіз Шымкентке шығарда Ташкентке де баратыңызды білсеңіз, онда Шымкентте 15 күн қалу ниетіңіз жарамсыз. Шымкентте намазды қысқартып оқисыз. Ташкентке барғанда да қысқартып оқисыз.

Абдусамат Қасым