Вахталық әдіспен қаладан 10-15 шақырым ұзақта жұмыс істеймін, жұмаға келу парыз ба?
Вахталық әдіспен қаладан 10-15 шақырым ұзақта жұмыс істеймін, жұмаға келу парыз ба?
5 күн бұрын 1161

Ассаляму алейкум! Менде бір киын жағдай болып тұр. Мен Ақтаудың «Құрық» деген ауданында жұмыс жасауға келдім вахталык əдіспен. Енді менің жұмысым сол ауданнан 10-15 км жырақта. Жұма намазымыз калай болады? Бастықтар жібермейді екен ұзақ уакыт кетеді деп. Енді не істесек болады? Ортада ешқандай елді мекен жоқ. Бізге жұма намазы парыз бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шафиғи мәзһабы бойынша, қала сыртында болып, айтылған азанды естімесе (сондай ұзақтықта болса), оған жұма міндет емес. Мысалы, егіншілер. Өйткені, хадисте: «Жұма намазы – азанды естігендерге міндет» делінеді[1].

Ханафи фиқһ кітаптарына қарағанда, Имам Мұхаммедтің (р.а.) мынадай пәтуасы келтіріледі: Егер, ол адам мен қала арасы бір немесе екі яки үш мил ұзақтықта болса, оған жұма міндет емес. (1 миль=1610 мт). 

Имам Мұхаммедтің басқа бір тұжырымында: "Егер, ол адам мен қала тұрғындары арасы екі фәрсахтан аз қашықтықта болса, оған жұма намазына қатысу керек. Ал, одан көп болса, қатыспайды", - делінеді.

Имам Әбу Юсуфтың мынадай тұжырымы кітаптарда орын алған: «Қала халқына мүшрик әскері шабуылдап қаланы қоршап алса, қала халқы да оларға қарсы қаладан шығып, жолаушылықты ниет етпей екі миль не үш миль ұзақтықта әскери лагер құрса, оларға сол әскери лагерде жұма намазын оқулары керек» деген. Имам Әбу Юсуф бұл жерде әскерлер тұрақтаған жерді, яғни, екі-үш милдік жерді, қаланың үкімінде санап тұр[2].  «Фина-уль Мыср», яғни, Қаланың шегарасына кіретін аймақтағы адамға жұмаға бару міндет.

Уәһбәту Зәһайли Ханафи мәзхабының жұма шарттарын түсіндіру барысында былай деп өтеді:

«Фина-уль Мысрдағы» адамға да  жұма намазы парыз, яғни, қаланың айналасына созылған жерлердегіге. Оның қашықтығы таңдалған пәтуа бойынша, шамамен бір фәрсәх (5544 метр). Ал, қаланың сыртындағы адамға, егер ол мұнаралардан жоғарғы дауыспен айтылған азанды еститін болса, жұма намазы парыз. Бұл – Имам Мұхаммедтің сөзі. Пәтуа да осыған орай беріледі. Әбу Дәуідте келтірген хадисте: «Жұма – азанды естігеннің бәріне парыз» делінген"[3].

Қорытындылай келе айтарымыз, сіздің жұмыс орныңыз қала сыртынан (не қала үкіміндегі аудан сыртынан) 10-15 км қашықтықта болғандықтан, сіз үшін жұмысыңызды тастап, жұмаға келуіңіз міндет емес. Оның орнына бесінді оқисыз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  


[1] Маърифатуль Сунән уәл Әсәр. биһәмишиһи.
[2] Әл-Мухитуль Бурхани: 2/68 бет.
[3] Уәһбәту Зухайли: әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу.

Абдусамат Қасым