Ауызға құсық келіп, әдейі жұтып жіберсең, ораза бұзыла ма?
Ауызға құсық келіп, әдейі жұтып жіберсең, ораза бұзыла ма?
5 ай бұрын 1573

Ассаламуьалайкум! Бір кісі мынадай сұрақ қойды: Аузына еріксіз құсық келіп тұрып, жұтып қойсаң, мысалы, құса алмайтын жерде отырған болса, мұнысы оразаны бұза ма? Бұзбай ма? Аяжан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Еріксіз келген құсық аз болсын, көп болсын, оразаны бұзбайды[1]. Бірақ, жұтылған жағдайда келген құсықтың мөлшеріне қарай үкімі де өзгермек. Дәлірек айтқанда:

  1. Еріксіз келген құсық ауыз толы болмаса, мейлі әдейі жұтқан болсын, мейлі өздігінен жұтылған болсын, ораза бұзылмайды[2]. 
  2. Еріксіз келген құсық ауыз толы болса, оны әдейі жұтқан кісінің оразасы бұзылады. Мұнда талас жоқ. Ал, әдейі емес өздігінен жұтылған жағдайда Имам Мұхаммед бойынша ораза бұзылмайды[3].  

Бұл айтқандарымыз, еріксіз келген құсықтың жұтылуына қатысты еді.

Ендігі жерде, әдейі құсқан болса, үкімі қалай болмақ? Мұны да мөлшеріне қарай анықтаймыз:

  1. Әдейі қолдап құсқан құсық ауыз толы болмаса, оразаны бұзбайды. Бірақ, жұтылған жағдайда Имам Мұхаммед «оразаны бұзады» десе, Имам Әбу Юсуф «бұзылмайды» деген. Дұрысы – Имам Әбу Юсуфтың тұжырымы[4].
  2. Әдейі құсқан құсық ауыз толы болған жағдайда, жұтылсын-жұтылмасын, оразаны бұзады.

[1] Тирмизи сүнәні: Китабус Саум, 720-хадис: «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның) қазасын өтесін».
[2] Бұл жағдайда, құсықты әдейі жұтқан адамның оразасы – Имам Мұхаммед (р.а.) бойынша бұзылады, қазасын өтеуі керек. Имам Әбу Юсуф (р.а.) бойынша, бұзылмайды. Әйткенмен, ең дұрысы - Әбу Юсуфтың тұжырымы делінген. (әз-Зәбиди: әл-Жәуһәра ән-Найра)
[3] Имам Әбу Юсуф бойынша, бұзылады. Десе де, бұл жағдайда Имам Мұхаммедтің тұжырымы - ең дұрысы саналған. (әз-Зәбиди: әл-Жәуһәра ән-Найра)
[4] Имам Шүрүнбүләли: Имдәд – 642 бет.

Абдусамат Қасым