Умраға барған адамға келесі жылы қажылыққа баруы парыз болып қала ма?
Умраға барған адамға келесі жылы қажылыққа баруы парыз болып қала ма?
6 ай бұрын 2212

Ассаляму Алейкум! Егер адам умраға барса, келесі жылы хадж уаджіп деген ханафи мазхабында бар ма? Гүлсім.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кейбір Ханафи ғалымдары: «бұрын қажылық парызын өтемеген кісі, егер біреудің орнына қажылық жасауға келген болса, немесе умра қажылығын орындаса, келесіде өзі үшін де қажылыққа келуі уәжіп болады, мейлі бай болсын, мейлі кедей» деген. Бұлай пайымдағандардың арасында ғұлама Әбу Суъуд бар.   

Дегенмен, көбіне дұрыс деп қабыл етілген пәтуа бойынша, біреудің орнына қажылыққа барған да, өзі үшін умраға барған да, келесі жылы қажылық жасауға жағдайы жетпесе, уәжіп болмайды[1].  

Бұған қоса, жоғарыдағы мәселені қажылық айларына ғана қатысты дейтін дін мамандары бар. Олардың пайымынша, кімде-кім, қажылық айларында (шәууәл, зилқағда және зилхижжаның алғашқы он күнінде) умра жасаса және одан кейін Мекке қаласынан кетуді керек еттіретін зәру себеп болмаса, ол кісі сол жерде қалып, қажылығын да орындап, бір-ақ қайтуы керек. Алайда, қазіргі таңда умра өтеушілерге жергілікті билік тек бір ай ғана қалуды рұқсат етеді, сондықтан, аталмыш үш айдың бірінде умраға келушіге де қалып, қажылықты орындау міндеті тумайды дейді олар.

Тоқ етерін айтқанда, умраға барған кісінің қажылық парызын орындауға жағдайы жетпесе, келесіде қажылыққа баруы міндет емес.

Осы орайда, қажылық парызын бір рет өтеген мұсылманға жағдайы келіп тұрса да, екінші мәрте қажылыққа баруы парыз емес. Барамын десе де өз еркі.


[1] Ибн Ғабидин: Раддүль Мухтәр. 7/406 бет.

Абдусамат Қасым