Гинекологиялық свеча салғанда, еріп сыртқа шығады, сол кезде дәрет бұзыла ма?
Гинекологиялық свеча салғанда, еріп сыртқа шығады, сол кезде дәрет бұзыла ма?
2 жыл бұрын 11680

Сәлеметсіз бе! Менде мынандай сұрақ болып тұр. Әйел адам, ем ретінде свечи салады. Сол іште еріп, сыртқа шығады, енді сол нәрсе дәретті бұза ма? Ол нәжіс емес, мәни емес де, тек салған свечи еріп түседі? Рақмет.

Сәлеметсіз бе!

Алдымен мына нәрсені айта кетелік, свеча салғаны себепті дәрет бұзылмайды. Онда талас жоқ. Ал енді салынған свеча еріп сыртқа шықса, ол жағдайда дәрет не болмақ? Оған қатысты айтар болсақ, свечаны үш түрге бөліп қараған жөн:

1) Артқы жақтан салынатын свеча (ректальный). Бұл жағдайда, егер свеча еріп сыртқа шықса, дәрет бұзылады. Себебі, ерітінді тік ішектегі нәжіспен араласып үлгереді, ол сыртқа шыққанда нәжіспен араласқан күйі шығады, сол себепті дәрет бұзылады. Ескілікті кітаптарда: «егер тік ішекке май жіберіп, май кейін қайтса, дәрет бұзылады» делінген[1].  

2) Еркектік жыныстық мүшеден салынатын свеча (уретральный). Еркектік жыныс мүшеден салынған свеча, егер бір жағдайлармен еріп сыртқа жықса, дәрет бұзылмайды деуге негіз бар, бірақ дәрет жаңалағаны абзалырақ. Өйткені, ескілікті кітаптардағы орын алған мәлімет бойынша, Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.): «егер еркектің жыныс мүшесінен май құйса (дәрі), ол артқа қайтса, дәрет бұзылмайды» деп есептеген. Оның қос шәкірті бұл жағдайда да дәрет бұзылады дейді.  

3) Вагиналды свечалар. Әйелдің қынабына салынған свеча іште еріп, ерітіндісі сыртқа ағып шықса, бүгінде біраз дін маманы дәретті бұзады деп топшылайды. Дейтұрғанмен, Мәлики мәзхабы ғалымдары бойынша бұзылмайды деуге негіз бар. Себебі, аталмыш мәзхабта екі жолдан (артқы және алғы) әдетте шығатын нәжістер шыққан жағдайда ғана дәрет бұзылады, мысалы, зәр, үлкен дәрет, мәни, мәзи, уәди, жел, ал әдетте екі жолдан шықпайтын нәрселер, ол екі жолдың бірінен шыққан жағдайда, дәрет бұзылмайды дейді олар, мысалы, тас шықса, немесе құрт шықса, қанаса т.б[2]. Ендеше, салынған свеча ерітіндісі де, әдетте әйелдің алдыңғы мүшеден шығатын нәжістер қатарынан есептелмейтіндіктен, Имам Мәліктің (р.а.) ережесі негізінде дәретті бұзбайды деуге болады. Оның үстіне, қынаптың құрылымы зәр шығатын каналдан өзгеше, сондықтан да, қынаптан бөлінетін дымқылдық қалайша таза деп саналатын болса, сол қынаптан аққан свеча ерітіндісін де таза десек қателеспеспіз. Аллаһу аъләм.  

Қорыта айтқанда, сауалыңыздағы мәселеде: қынапқа салынған вагиналды свеча ерітіндісі сыртқа шыққан жағдайда, мүмкіндігінше дәретті жаңалағаныңыз абзалырақ (сырт дәретті). Дегенмен, бұл жағдайда дәрет жаңалауға мүмкіндік болмай жатса (мысалы, жұмыс орнында жүрсе т.б.), Имам Мәліктің ережесі негізінде амал етсеңіз де күнәсі жоқ (яғни, дәрет бұзылмау жөнін таңдасаңыз күнәсі жоқ). Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Нужейм: «Бәхрур Раиқ». 1/60 бет; «Фәтәуә Татархания»: Китабут Таһарат. 5/66; Ибн Мәзәһ: «әл-Мұхыйтуль Бұрхани». 1/61 бет.
[2] Ибн Рушд: "Бидәятуль Мүжтәһид". 33 бет. "Нәуақидуль Удуу'. 

Абдусамат Қасым