Құран Кәрімде айтылған «Рух әл-Құдус» деген кім? Құрандағы "Рух" сөзі "әруақты" білдіре ме?
Құран Кәрімде айтылған «Рух әл-Құдус» деген кім? Құрандағы "Рух" сөзі "әруақты" білдіре ме?
2 жыл бұрын 6439
  • Қураны Кариймде '' руухул-қудус '' исими менен спатланған периште ким?
  • Құрандағы Рух сөзі әруақты білдіре ме?

Құран Кәрімдегі «Қасиетті Рух» немесе «Кіршіксіз таза Рух» яки «Берекелі Рух»1деген мағыналарға саятын «Рух әл-Құдус» (Рухуль-Құдус) сөзі Құранның төрт жерінде орын алған. Оның екеуі - «Бақара» сүресінде (87, 253 аяттар), біреуі - «Мәида» сүресінде (110 аяты) және біреуі - «Нәхл» сүресінде (102 аяты).

Ал енді Құран «Рух әл-Құдус» деп кімді айтқан?

Ислам тәпсіршілерінің басым бөлігі Рух әл-Құдус сөзінің «Жебірейіл» періште (ғалейһиссәләм) екендігін айтады2. Атақты Құран тәпсіршісі Имам Әбу Жәъфар ат-Табари (рахимаһуллаһ) былай деген:

«Ол мәселедегі ең дұрыс жорамал,"бұл жердегі «Рух» - Жебірейіл періште" деушілердікі»3.

Құранның басқа бір аятында Жебірейіл ғалейһиссәләмды «Рух әл-Әмин» дейді, сондай-ақ ешқандай тіркессіз жай «Рух» деп келтірген аяттар да бар4.

Рух әл-Құдус немесе Рухуль-Құдус сөзінің Жебірейіл ғалейһиссәләм екендігін Құранның «Нәхл» сүресінен де анық түсінуге болады. Онда былай делінген: «Оны (Құранды) - иман еткендерді бекемдеу үшін әрі оларға тура жол ретінде, сондай-ақ мұсылмандарға сүйінші болсын деп Раббыңнан Рухуль Құдус түсірді»5. Осы аятта Рухуль-Құдустың Жебірейіл періште екендігін анық ұғудамыз (ғалейһиссәләм). Өйткені "Құранды Рухуль Құдус" түсірді деп отыр. Құран аяттарын түсірген періште - Жебірейіл періште еді. 

Неге Жебірейіл періштені «Рух» деп атаған?

Жебірейіл ғалейһиссәләмды «Рух» деп атауының бір себебі, Алланың алдындағы ұлы мәртебесін көрсету үшін. Қалайша дене рухпен жанданса, дін де уахиді жеткізуші Жебірейіл періште арқылы тіріледі, сол себепті, оған да «Рух» деген атау берілген. Және оған байланысты тәпсір кітаптарында былай да түсініктеме беріледі: «Алла Тағала Жебірейілге «Рух» деп есім тағуының себебі – Құдай Тағаланың өзі тарапынан оның бойына бір рух жаратқандығынан болса керек. Құдды Иса ғалейһиссәләмды әкесіз жаратып, оған Өзі жағынан рух жаратқаннан кейін оны да «Рух» деп атағаны сияқты»6.

Құрандағы "Рух" сөзі "әруақты" білдіре ме? 

"Рух" сөзі Құранның біраз жерінде келген, бірақ әрқайсысы бөлек-бөлек мағыналарда қолданылған. Мысалы, бір аятта "рух" деп Құранды айтқан. Басқа бір аятта рух деп "дәлелді" айтады, тағы бір аятта рух деп Алла Тағаланың құдірет күшін айтқан, Жебірейіл періштені "рух" деп атаған бірнеше аят кездеседі, мысалы, Қадір сүресінде келтірілген "рух" сөзі Жебірейіл періштені білдіреді. 

Ал енді мұны "әруақ" деп жорамалдау қате. Неге десеңіз, біріншіден - ешбір беделді тәпсір кітабында "әруақ" деп жорамалдамаған, Құранды ең жақсы түсінетін олар ма, әлде біз бе? Екіншіден - "әруақ" деп жорамалдау қисынсыз, өйткені, әруақтар "уахи" түсірмейді. Ал Құранның бір аятында Құранды "Рух" түсіреді делінген. Рухтардың "барзах" әлемінен оралатындығына қатысты нақты дәлел жоқ. Мүмкін бірен-саран әулие, шейіт кісілердің рухына бу дүниеге оралу мүмкіндігі танылуы ықтимал, бірақ мұның өзі нақты емес. Болжам ғана. Исламда болжамдардан үкім шығарылмайды. Құранда: "Һәти бурһанакум, иң кунтум содиқин" - "Егер шыншыл болсаңдар, нақты бұлтартпас дәлелдеріңді әкеліңдерші!" - деп бұйырады. 

Жәрайды, Құрандағы "Рух" сөзі "Әруақты" білдіреді деп бір сәтке қабыл етелік. Сонда айтыңыздаршы, желеп-жебеп жүруші әруақтар жалғыз ба, әлде көп пе? Егер "көп" десеңіз, Құранда "рух" сөзі жекеше түрде айтылады, ал қазақта "ата-баба әруағы қолдасын" деп көптеген әруақты айтады. Сонда Құранда айтылған бұл "рух" - кімнің ата-бабасының әруағы болды? Ал егер қолдаушы әруақ жалғыз десеңіз, бұл жалғыз қай бабаның әруағы? 

Ендеше, қадірлі мұсылмандар, Құранда айтылған "Рух" сөзін негізсіз түрде, тисе терекке, тимесе бұдаққа дегеннің кейіпін келтіріп "әруах" деп жорамалдап және оны негізсіз "әруақ қолдайды" деген сенімге дәлел қылып көрсету діни сауатсыздықтың нышаны, әріберіденсоң, дінбұзарлықтан басқа ештеңе емес. Мұның сұрауы ауыр болады. Ақыретке иман еткен мұсылман мұндай әбес тірлікке бармауы керек еді. Қазақта ондай наным бар екен, оны сол қазақтың наным-сенімі ретінде қалдырған дұрыс шығар (мұсылман дінінде "әруақ қолдасын" деген наным жоқ), ал ондай нанымды айналдырып әкеліп саф дінімізге кіріптар етуге тырысу дін бұзу болып саналады. Дін бұзу - иманы бар кісінің тірлігі емес. Алла сақтасын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


 

1Имам Табари тәпсірі, «Бақара» 87 аят тәпсірі.
2Яһуди дінінде де Рух әл-Құдусты Жебірейіл дейді екен.
3Имам Табари тәпсірі, «Бақара» 87 аят тәпсірі.
4Құран Кәрім: «Қадір» сүресі, т.б.
5Құран Кәрім: «Нәхл» сүресі, 110 аят.
6Имам Табари тәпсірі, «Бақара» 87 аят тәпсірі.

 

Абдусамат Қасым