Әйелді жұмаққа кіргізетін 4 амал
Әйелді жұмаққа кіргізетін 4 амал
6 ай бұрын 1940
Батыржан МАНСҰРОВ

Әнәс бин Маликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай деген: «Егер әйел кісі бес уақыт намазын оқып, Рамазандағы оразасын ұстап, ар-намысын қорғап, күйеуіне бағынатын болса, жұмаққа кіреді» (Мишкәтул-Мәсабих ІІ том, 202 бет).

Жұмақ - Алла Тағаланың мүмин пендесі үшін дайындаған сый-сияпаты. Оған тек иман келтірген, иланған адам кіре алады. Жүрегінде бидайдың түйіріндей болса да иманы бар адам тозақта мәңгі қалмайды, соңында жұмақпен қауышады. Мүмин кісілердің имандары әр түрлі дәрежеде болғандықтан, барлығы бірден (бір мезетте) жұмаққа кіре алмайды. Олардың кейбірі ешқандай сұраусыз жұмаққа кіреді, сондықтан оларды «жұмаққа алғаш кіргендер, алғашқылар» деп атайды. Әйел затының осы алғашқылардың қатарынан орын алуы үшін, хадисте айтылғандай, екі ерекшеліктері болуы қажет. Біріншісі – Алланың әмірін бұлжытпай орындау; екіншісі – күйеуінің көңілінен шығу. Бірінші міндетіне екіншісін орындау арқылы жетеді. Өйткені, Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.): «Ант етіп ай- тамын! Әйел куйеуінің көңілін таппайынша, Раббысының сүйіспеншілігіне бөлене алмайды» - деген.

Бір күні мұсылман әйелдер жиналып, іштерінен біреуін Пайғамбарымыздың құзырына жібереді. Әлгі әйел: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Мен әйелдердің сізге жіберген елшісімін. Еркектердің жиһадтарына тең келерлік әйелдер үшін қандай амалдар бар? - дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Күйеуіне мойынсұнып өз ісін білсе жетіп жатыр. Мұны орындайтындар өте аз» - деп жауап береді. Алла Тағаланың әмірлерін орындап адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау әрбір кісінің қолынан келе бермейді. Абдуллаһ бин Омардың (р.а.) жеткізген мына бір хадисінде Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) бұл туралы былай деген: «Адамдар жұмысқа жарамайтын жүз түйе секілді». Бұл хадиске әртүрлі түсінік жасалған. Сол түсіндірменің бірі мынадай: дүниеде жүрегін бүтіндей ақыретке арнаған тақуа адамдар өте аз. Бұл мысалы, жұмысқа жарамайтын түйелердің саны көп болғанымен жарайтындарының аздығына ұқсайды деген сөз.

Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленіп, күйеуінің көңілінен шыққан әйелдердің, өзге әйелдерден айырмашылығын Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) былай білдірген: «Салиқалы әйелдің өзге әйелдерден айырмашылығы: олар қос қанатты ақ қарғаға ұқсайды, яғни екі қанатты ақ қарға көзге ерекше көрінгені секілді салиқалы әйел де сондай ерекше көрінеді» дегенге келеді.

 
1 пікір