Дініміздің сафтығын сақтап, оны келесі ұрпаққа бәз қалпында жеткізуіміз шарт!
Дініміздің сафтығын сақтап, оны келесі ұрпаққа бәз қалпында жеткізуіміз шарт!
2 жыл бұрын 2803
Абдусамат Қасым
"Менен кейін көптеген таластарға куә боласыңдар. Сол кезде Сендер менің сүннетіме жабысыңдар..."  

Хадисші Әбу Дәуідтің хадистер жинағында келтірілген «сахих» бір риуаятта, тәбиғин Абдуррахман ибн Амр әс-Сүләмий мен Хужр ибн Хужр былай әңгімелейді:

«Сахаба Ирбад ибн Сәрияға келдік. Кезінде Ол кісі жайында мына бір аят түскен болатын: «Сондай көліктендіріп жіберуің үшін саған келгенде: «Сендерді аттандыратын көлік таба алмадым» дегеніңде, өздері де сарып қыларлық нәрсе таба алмай көз жастарын күйінген түрде төгіп қайтқандарға да кінә жоқ». («Тәубе» сүресі, 92 аят).

Сахабаға келіп сәлем бердік те Оған (р.а.): «Сізді зияраттап, көңіліңізді сұрайық деп келдік. Әрідесе, Сізден бір нәрсе үйреніп кетейік деп келдік» - дедік. Сонда Ирбад (р.а.) бізге былай деп хадис үйретті:

«Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) бізге намаз өткізді де, намаздан кейін бізге қарап, ағыл-тегіл жылатар, жүректерді тебірентер өте мағыналы уағыз айтты. Сонда арамыздағы біреу (сөз алып): «Уа, Расулалла! Мына уағызыңыз «қоштасу уағызы» секілді. Бізге қандай өсиет қалдырасыз?» - деді. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) былай деп өсиет айтты: «Мен сендерге Аллаға тақуа болуларыңды өсиет қыламын және эфиопилық бір құл болса да, егер басшы болып тағайындалса, оны тыңдап, бойсұнуларыңды өсиет қыламын. Сендерден әлдебіреу егер менен кейін өмір сүрер болса, көптеген талас-тартыстарға куә болады. Сендерге айтарым: Менің сүннетіме және тура жолдағы рашид (әділ төрт) халифалардың жолына жабысыңдар. Азу тістеріңмен тістеп, ол жолдан айрылмаңдар! Және айтарым: Діннің асыл негіздерінде жоқ, оған қайшы жаңа нәрселерден сақтаныңдар. (Діннің асыл негізінде жоқ, бірақ дінге кіріптар етілген) барлық жаңа дүниелер – бидғат. Ал бидғаттың бәрі – адасушылық!» - деп, сахаба Ирбад (с.а.у.) хадисті аяқтаған екен.


Аталмыш хадисте Алланың сүйікті пайғамбары Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болашақтан хабар бере келе, келешекте мұсылман жұртшылығы арасында көптеген талас-тартыстар мен түсініспеушіліктер және көптеген теріс жолдар бой көрсететінін баяндауда. Расында да Алла елшісінің өлімінен көп ұзамай-ақ кейбір араб тайпалары арасында «Мұхаммед өлді, енді зекет бермейміз» дейтіндер шықты. Ол аздай өзін пайғамбармын деп жариялап, кейбір ру басшыларынан қолдау көрген «Мусайләмәтуль Кәззәбтың» бүлігі де өрши түсті. Әзіреті Әлидің кезінде өздерінің ұстанымдарымен келіспейтіндердің бәрін «кәпір» дейтін «Харижиттер» шығып, мұсылмандардың құтын қашырды. Ол аздай Әзіреті Айшаға жалған мәліметтер жеткізіп, мүміндердің анасын Әзіреті Әлиге айдап салушылар да болды. Осылай енді көкке желбіреп жатқан Ислам байрағын құлатқысы келгендер қаптады. Алайда сахабалардың ақыл-парасаттылығының арқасында және пайғамбар өсиеттеріне беріктіктерінің арқасында, тез естерін жиіп, мұсылман қоғамының бөлінбеуін қамтамасыз ете білді.

Исламның 1400 жылдық тарихы бар. Сол уақыт ішінде көптеген бүліктер, көптеген ағымдар пайда болғандығы мәлім. Ең қызығы барлығы өздерін дұрыс, өздерін ақиқаттың жаршысы деп білді. Қай ағымды алсақ та ешкім өздерін «біз адасқанбыз, біздің мына жеріміз қате» демеген, керісінше, Ислам дінінің іргелі сенім-негіздеріне ең жақыны әрі ең дұрысы өздерінің насихаттаған ұстанымдары екендігін тамақ жырта дәлелдеуге тырысқан. Қуанышқа орай, кімнің кім екенін, қай жолдың дұрыс, ал қай жолдың бұрыс екендігін айырар қолда екі негізгі жолкөрсеткіш болды. Олар – Құран мен хадис шәріфтер. Бұл екеуіне сахабалардың сара жолын қоссақ, үшеу болады. Көпшілік мұсылмандар, өз уақыттарында бой көрсетіп жатқан теріс ағымдар мен секталарды аталмыш үш қайнаркөздің таразысына салып, дұрысын бұрысынан айырып отырды. Осы жолда көптеген суннит ғұламалары тер төкті. Қаншамасы осы жолда қыршын кетті.

"Міндетіміз төл дініміздің сафтығын қорғап, келесі ұрпаққа бәз қалпында жеткізу"

 

Осылайша, 14 ғасыр өтсе де Исламның өзіндік саф, кіршіксіз дүниетанымы мен сенім-негіздері өзгеріссіз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келді. Енді біздің міндетіміз, бізге мұра болып қалған төл дініміздің бұл сафтығын қорғап, келесі ұрпаққа бәз қалпында жеткізу.

Өкінішке орай соңғы екі ғасырда да түрлі ағымдар пайда болғаны жасырын емес. Атап айтсақ, Ахмадиттер, Уахабиттер, Бахаилар т.б. айта берсек көп. Бірақ, Құдайға шүкір, оның бәрімен Құран, хадисті және сахаба жолын насихаттаған ертеректегі Суннит ғұламаларының үйреткен тағылымының арқасында кімнің кім екендігін біліп, мұсылман жұртшылығының көпшілігі адасқан ағымдардың шырмауларына түсіп қалудан аман қалды.

Ендігі жерде, біздің қазақ елінде де, соңғы кездері бір шеті – Ислам діні арабтікі, қазақтың діні «тәңіршілдік» деп ұрандағандар шығып жатса, бір шеті – "дінді қазақиландыру керекпіз" деген қағиданы асыра сілтеп, төл дініміздің кіршіксіз сенім-негіздеріне қазақтың кейбір шаманизмнен қалған элементтерді Исламға кіріптар еткісі келетіндер де ішін-ара байқалады. Ондай кісілерге Пайғамбарымыздың өзі жоғарыдағы хадисінде былай деп ескерту жасаған: «Діннің асыл негіздерінде жоқ жаңа нәрселерден сақтаныңдар. (Діннің асыл негізінде жоқ, бірақ дінге кіріптар етілген) барлық жаңа дүниелер – бидғат. Ал бидғаттың бәрі – адасушылық!». 

Яғни, діннің дүниетанымы мен сенім-негіздерінде жоқ немесе олармен ұштаспайтын дүниелерді "дінге сай" қылып көрсетуге, не болмаса, оларды діни сенімнің бір бөлшегі қылып көрсетуге ешкімнің ақысы жоқ екен. Ол үлкен адасушылық болмақ. Адасушылық - тозаққа жетелейтін нәрсе. Нақшибанди тариқатының бетке ұстар ғұламасы Имам Раббани сынды ғұламаларымыз, өз уақытында осындай "бидғаттармен" күресіп өткен.

Дұрыс, дінді қазақи тілмен, қазақи түсінікпен жеткізген жақсы, оны қос қолдап қолдаймын. Сондай-ақ, дінге қайшылығы жоқ салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтау керектігін де жоққа шығармаймын. Бірақ, бұл дегеніміз – «әруаққа сыйыну», "әруақ қолдай гөр" деген сияқты дінде жоқ кейбір наным-сенімдерді Исламға кіріптар ету керек дегенді білдірмейді немесе ондай нанымдарға Ислами бояу қосып, діннің бір бөлшегі ұқсатып көрсету керек дегенді білдірмейді. Бұлай Христиандар істеп, адасқан еді. Олар бастапқыда жергілікті Рим империясынан қалған кейбір наным-сенімдерге қатысты "христиандандыру" саясатын ұстанып, осылай Иса пайғамбар алып келген хақ дінді бұзды. Және де Исламдағы "шиизм" бағытындағылар да дінде жоқ нәрселерге діни статус беріп, Ислам дінін атала қылған болатын. Ал неге біз біле тұра, олардың қателіктерін қайталауымыз керек? Дін дұшпандарының да қалайтыны сол емес пе?  

Исламның ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан өзіндік дүниетанымы мен сенім-негіздері бар. Бұлар саф күйінше бәз қалпында сақталуы тиіс. Ақ пен қараны айырар әділ таразымыз - Құран мен сүннет болуы ләзім. "Қашан мүміндерді өз араларында үкім айтсын деп Алла мен Расуліне шақырылғанда, олардың сөзі "Естідік, бойсұндық!" деу болады. Міне солар - (тозақтан) құтылғандар". ("Нұр", 51 аят). Сүннит жолы – осы. Жолымыз «Әһлу сунна уәл жамағат» жолы десек, бұл жол – Құран, хадис және сахабалардың жолына сүйенеді. Амалда – Ханафиміз. Сенімде – Мәтуридиміз. 

"Мәтуриди мәзхабында дінде жоқ наным-сенімдер былай тұрсын, "ахад" хадистердің өзін "ақидаға" алмайды"

Мәтуриди мәзхабында негізсіз наным-сенімдер былай тұрсын, "ахад" хадистердің өзін "занни" деп "ақида" (сенім) мәселелеріне алмаған. Мәтуриди мәзхабының ақида мәселелерінде қабыл ететін хадистері - "Мүтәуәтір хадистер" мен "Мәшһур" хадистер. "Ахад" хадистер "сахих" болса да іргелі-сенім негіздеріне дәлел бола алмайды біздің мәзхабта. Оған кітаптарындағы жазбалары дәлел. Ал енді, қазақтың негізі жоқ кейбір наным-сенімдерді Исламға кіріптар ету қай мәзхабқа сай? Әлде Мәтуриди мәзхабын жетік білмейсіңдер ме? Не болмаса Мәтуриди ғалымдарынан білімдерің асып түсті ме? Мәтуриди ғалымдарының ешбірі Құран және сүннеттің жолынан айырылмаған. 

Ақыретін ойлайтын иманды мұсылман бұдан өзге жолды таңдамаса керек. Құран Кәрімде Алла Тағала, өзінің соңғы елшісіне «былай айт» деп бұйырады: «Айт: Менің жолым – осы! Адамдарды Аллаға шақырамын. Мен және маған ергендер дәлелге сүйенеміз. Алланы барлық кемшіліктерден пәктеймін. Мен – серік қосушылардан емеспін!». («Юсуф» сүресі, 108 аят).

Алла Тағала біздерді Мұхаммед пайғамбардың жолынан адастырмасын! Адасып жүргендерге тауфиқ берсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

 

0 пікір