Имам Бәздәуи (р.а.). Тәубе мәселесі
Имам Бәздәуи (р.а.). Тәубе мәселесі
29 күн бұрын 1252 islam.kz/

Тәубе қашан қабыл болады?

Кімде-кім күнәсіна тәубе етсе және оны шындыққа айналдырса, яғни, істеген ісіне өкінсе және болашақта ол күнәні қайталамауға бел буса, Алла Тағала оның тәубесін қабылдайтынына уәде еткен. Алла Тағала айтады: «Құлдарының тәубесін қабылдап, (күнәларын) кешіретін – Алла" (Шура сүресі, [25-аят]). Алла Тағала уәдесіне кереғар әрекет етуі мүмкін емес. Алайда, Алла Тағала қорқытып, үркіткен ескертулерін қоя беруі мүмкін. Өйткені қорқытқан нәрсесін жүзеге асырмауы уәдесіне қарсы тұру емес. Ол – керімдік, ұлылық. Фақиһтердің бірі айтады: «Тәубенің қабыл болуы Алланың қалауында, қаласа қабыл етеді, қаламаса қабыл етпейді» дейді. Бұл дұрыс емес. Бұндай пікір Алла Тағаланың кітабында айтылғанға қайшы және Алла Тағалаға мін тағуға алып келеді. (Алла қабыл етеді, ол уәдесіне қайшы әрекет етпейді).

Бір күнәсіна тәубе етіп, екінші күнә жасап жүрсе, тәубесі қабыл ма?

Бізде Пенде бір күнәсіна тәубе етіп, басқа бір күнәсін жалғастырып жатса, тәубе еткен күнәсі кешіріледі, өйткені Алла Тағала бөліп, жарып жатпастан тәубесін кешіретіндігіне уәде еткен.

Ал мұғтәзилиттердің пікірі бойынша, бір күнәға жасаған тәубесі қабыл болу үшін, өзге күнәларын да доғаруы шарт. Өйткені, олардың пайымынша үлкен күнә істеуші мұсылман мәңгі тозақта қалады, сол себепті кейбір күнәні жалғастырып, кейбіріне тәубе етуі пайда әкелмейді.

Алла Тағала тәубені қабыл етуге міндетті ме?

Әһлу сунна уәл жамағат сенімінде Алла Тағала пендесінің тәубесін қабыл етуге міндетті емес, өйткені ол ақылға қонымсыз. Бірақ уәдесі болғандықтан пенденің тәубесін қабыл етеді. Мұғтәзилиттердің пікір бойынша Алла Тағала пенденің тәубесін қабыл етуге міндетті деген.


Имам Бәздәуи: "Усулуддин". 235 бет. 

 А. Қасым

 

0 пікір