Имам Ғазали (р.а.). «Ықылас» сүресі неге Құранның үштен біріне тең?
Имам Ғазали (р.а.). «Ықылас» сүресі неге Құранның үштен біріне тең?
6 күн бұрын 1100 islam.kz/
А. Қасым

Ұлы ойшыл Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) өзінің «Құран жауһарлары» (Жауаһируль Құран) атты кітабында бұл сұраққа терең әрі мағыналы түрде былайша жауап жазған, аударып оқырмандармен бөліскенді жөн көрдік:

«Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Құл һуаллаһу ахад (Ықылас сүресі) Құранның үштен біріне тең» деген хадисіне келсек, сен мұның мәнін түсіне алмай жүрген шығарсың.

Кейде сен: «Бұл сөз адамдарды Құран оқуға қызықтыру үшін айтылған, әйтпесе нақты өлшем емес» деп ойлайсың. Бірақ пайғамбарлық мәртебе мұндай (негізсіз) сөз айтудан тым биік. Тағы бірде: «Мұны ақылмен түсіну де, жору да қиын. Құранда алты мыңнан астам аят бар, сонда осы бір кішкентай сүре қалайша соның бәрінің үштен бірі болмақ?» — деп таңырқайсың.

Бұлай ойлауың — Құран ақиқаттарын жете білмегендігіңнен және оның тек сыртқы сөздеріне ғана қарауыңнан. Сен Құранның қадірі сөздерінің ұзын-қысқалығына байланысты деп есептейсің. Бұл — алдында тұрған жалғыз асыл тастан гөрі, саны көп тиындарды артық көретін адамның таяз түсінігі іспетті.

Құранның үш негізі

Біліп қой, «Ықылас» сүресі Құранның үштен біріне тең екені — бұлжымас ақиқат. Құранның алдына қойған басты мақсаттарын үш топқа бөлуге болады:

  1. Алла Тағаланы тану (Мағрифатуллаһ) (Оның сипаттары мен бірлігін білу).
  2. Ақыретті тану (О дүниедегі есеп-қисап пен мәңгілік өмірді білу).
  3. Тура жолды (Сиратул мұстақим) тану. (Дұрыс пен бұрысты тану).

Құрандағы барлық білім осы үш негізден тұрады, ал қалған аяттар — осылардың толықтырушысы мен тармақтары.

«Ықылас» сүресінің мәні

«Ықылас» сүресі осы үш негіздің біріншісін, яғни Алланы тану мен Оның таухидын (бірлігін) толық қамтиды. Ол Жаратушыны қай жағынан да ұқсасы болудан, ата-ана мен ұрпақтан (негіз бен тармақтан) және теңдесі болудан пәктейді. Ал сүредегі «Әс-Самад» сипаты — бүкіл болмыстың мұқтаждығы тек Соған ғана барып тірелетін, Одан басқа ешбір мақсат-мұрат жоқ дегенді білдіреді.

Иә, бұл сүреде ақырет немесе тура жолдың ережелері туралы айтылмаған. Бірақ Құранның ең басты үш негізінің бірі — Алланы тану болғандықтан, ол Құранның үштен біріне (яғни негізгі мақсаттарының үштен біріне) тең болып саналады. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Қажылық дегеніміз — Арафат» деген сөзі сияқты. Яғни, қажылықтың ең басты тірегі — Арафат, ал қалған амалдар соған тән қосымшалар»[1].


[1] Имам Ғазали (рахимаһуллаһ): «Жауаһируль Құран». Он бесінші тарау.

0 пікір