Имам Мәтуриди «тәпсір» мен «тә'уилдің» айырмашылығы жайында
Имам Мәтуриди «тәпсір» мен «тә'уилдің» айырмашылығы жайында
10 ай бұрын 1745

Бисмилләһир рахманир рахим

Шәйх Имам Әбу Мансур әл-Мәтуриди (Алла одан разы болсын) айтады:

Тә'уил мен тәпсірдің айырмашылығы жайында мынадай сөз бар: «Тәпсір - сахабаларға тән (тәсіл), Алла оларға разы болсын, ал тә'уил - фақиһ ғалымдарға тән». Мұның мәнін ашып айтар болсақ:

Сахабалар - сол кездегі уақиғаларды өз көздерімен көріп куә болған жандар. Олар (р.а.) Құран аяттарының түсуіне түрткі болған жағдайларды жақсы білді. Сондықтан, сахабалардың (р.а.) аяттарға жасаған тәпсірлері - маңызды, себебі олар мәселені көздерімен көріп, аяттың түсуіне түрткі болған жағдаяттарға куә болған.

Тәпсір - аяттың шынайы мәнін ашу, яғни, Алланың аяттан не мақсат еткенін білдіру дегендік. Осы жөнінен алғанда тәпсір - әлдекімнің өз көзімен көргенін айтқаны секілді. Бұл болса, күмәнсіз мәселенің төркінін анық білетіндерге ғана тән іс. «Кім Құранды өз ойымен тәпсірлесе, тозақтағы орнына дайындала берсін» делінуі сондықтан. Өйткені, аятты тәпсірлеуші кісі шын мәнісінде, жасаған тәпсіріне Алланы куә етіп тұр.

(Ал енді Фақиһ ғалымдарға тән етілетін) Тә'уил болса, мәселенің соңғы шегін түсіндіру дегендік. «Тә'уил» сөзі тілдік тұрғыдан алғанда - «әәлә», «йә'улу» (يَؤُولُ) етістігінен шыққан. Мағынасы: «кейін оралу» дегендік.

Тә'уил жасаудың анықтамасына келсек, «егер (Алладан) өзгенің сөзі болғанда, ол мынадай, мынадай мағыналарға келер еді» деп Әбу Зәйд айтқандай тә'уил деген - сөзді астарындағы әртүрлі мағынаға бағыттау дегенді білдіреді (арасындағы біреуін таңдау емес). Сондықтан да, тә'уилде, тәпсірдегідей (бір мағынада) табанды болу жоқ. Ендеше, мұнда Алланы куә етушілік те жоқ. Өйткені, тәуил жасаушы «Алла бұл аятта былай дегісі келеді» деп, аяттың астарындағы Алланың мақсат-мұратын жеткізуді көздемейді. Оның орнына ол (тәуил жасаушы) «аят мынадай және мынадай мағыналарды білдіреді» деп (аяттың әртүрлі мағынасымен таныстырады, яғни, мағынасы мынадай деп кесіп айтпайды).

Осы айтылғандар түсініктілеу болуы үшін мысал берелік.

Мысалы, тәпсірші ғалымдар Алла Тағаланың «Әлхамдулилләһи» деген сөзін әртүрлі тәпсірлеген. Кейбіреулері «Алла Тағала өзін мадақтап тұр» десе, кейбір тәпсіршілер «Алла өзін мадақтауды бұйырып тұр» деген немесе «Алла оны емес, мынаны айтқысы келеді» дейтіндер де бар.

Ал тә'уил жасаушы болса әлгі Алланың сөзіне қатысты: "Мұндағы «хәмд» сөзі - «қолпаштау», «мадақтау», «шүкір етуді бұйыру» деген мағыналарды қамтиды. Алайда, осылардың дәл қайсысы мақсат етіліп тұрғаны бір Аллаға аян!" - дейді (яғни, тәуилші аяттың астарындағы мағыналардың бірін "мағынасы осылай" деп кесіп айтпайды, нақты мағынасын Аллаға қалдырады.) 

Демек, тәпсір - бір жөнді, ал тәуил - көп жөнді екен»1.


 1) Имам Мәтуриди рахимаһуллаһ, «Тәуиләту Әһли сунна» атты тәпсір кітабы. 1 том. Алғы сөзі.

Абдусамат Қасым

 

0 пікір