Мүржиттердің «тозақта азап жоқ» деген сенімі қаншалықты шындыққа жанасады?
Мүржиттердің «тозақта азап жоқ» деген сенімі қаншалықты шындыққа жанасады?
1 ай бұрын 1108 islam.kz
Абдусамат Қасым

Мүржия ағымының өкілдері: «Адам тозаққа түссе де, онда азапталмайды» деп сенген. Бұл сенімнің шариғаттағы орны қандай?

Мүржиттер адамның қанша күнә істесе де, егер жүрегімен иман келтірген болса, Алла оны кешіреді деп есептеген. Олардың ұстанымында амал — иманның бір бөлігі емес. Яғни, адам намаз оқымаса да, ораза тұтпаса да, жүрегімен сенсе жеткілікті. Бұл сенім кейбір жұрттың «жүрегім таза» деп, діни міндеттерге немқұрайлы қарауын еске түсіреді.

Мүржия бағытының сүнниттік сенімге қайшы келетін бірнеше көзқарасы бар. Соның бірі — тозақтағылар азапталмайды деген пікір. Бұл туралы атақты матуриди ғалымы Имам Нәсәфи (р.а.) өзінің еңбектерінің бірінде арнайы тоқталып өтеді.

Мүржиттер былай деген:

«Тозаққа түскен адам тозақ ішінде азап көрмейді. Ол — теңіздің түбінде жай ғана жүзіп жүрген кит секілді күй кешеді».

Олардың ойынша, мүмін мен кәпірдің айырмашылығы тек жаннаттағы нығметтерде ғана. Яғни, мүміндер жұмақта ішіп-жеп рахат көрсе, тозаққа түскендер ештеңе ішіп-жемейді, бірақ та азап та шекпейді.

Бұл көзқарастың шариғатқа, әсіресе Құран аяттарына ашық түрде қарсы екені анық. Құранда тозақ иелерінің ауыр азапқа душар болатыны бірнеше жерде нақты баяндалған.

Мәселен, Фатыр сүресінің 37-аятында:

«Олар тозақта қатты шыңғырып: “Раббымыз! Бізді (мына жерден) шығара гөр...” – дейді».

Ал Талақ сүресінің 9-аятында:

«Сөйтіп, олар істеген істерінің зардабын тартты...»

Сондай-ақ, Ниса сүресінің 56-аятында былай делінеді:

«Аяттарымызға қарсы шыққан кәпірлерді анық отқа кіргіземіз. Терілері күйіп біткен сайын, азапты сезінулері үшін, олардың терілерін басқа терілермен ауыстырамыз. Шын мәнінде, Алла – өте үстем, хикмет иесі».

Аталған аяттар мен сахих хадистерге сүйене отырып, тозақтың — азап орны екені, ал кәпірлердің ол жерде үнемі және ауыр жазаға душар болатыны еш шүбәсіз ақиқат. Сондықтан мүржиттердің бұл сенімі ислам негіздеріне қайшы және адасушылық болып есептеледі.


Имам Нәсәфи: «Бәхруль Кәләм». 172 бет.

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: