«Тә'уиль» Алланың сипаттарын жоққа шығару ма? Сәләфиттер солай дейді.
«Тә'уиль» Алланың сипаттарын жоққа шығару ма? Сәләфиттер солай дейді.
2 ай бұрын 1155
islam.kz

Тәуил жасау және Алланың сипаттарына қатысты көзқарастар

Тәуил – теріске шығару ма, әлде Алланы пәктеу ме (тәнзиһ)? 

Ислам ақидасындағы ең күрделі мәселелердің бірі – Құран мен Сүннетте келген Алла Тағаланың сипаттарына қатысты аят-хадистерді қалай түсіну керектігі. Кейбір топтар «Тәуил (астарлы мағынасын түсіндіру) – бұл Алланың сипаттарын жоққа шығару» деген пікірді ұстанады. Бұл көзқарас қаншалықты негізді?

Шын мәнінде, тәуил – Әһлу сүннет ғалымдарының (сәләф пен халәф буындарының) бірауыздан келіскен әдіснамасы. Оны толықтай теріске шығару – Құранның өзіндік құрылымын түсінбеуден туындайтын қателік. Себебі, Құран аяттары екі түрге бөлінеді:

  • Мухкам аяттар – мағынасы айқын, ешқандай қосымша түсіндірмені қажет етпейтін, діннің негізгі тірегі саналатын аяттар. Олардың ең негізгісі – «Ләйсә кәмислиһи шәй-ун - Еш нәрсе Оған (Аллаға) ұқсамайды» («Шура» сүресі, 11-аят). Бұл аят Алла Тағаланы кез келген жаратылысқа ұқсатудан толықтай пәктейді (бұл қағида «тәнзиһ» деп аталады).
  • Мүтәшәбихат аяттар – мағынасы бірден айқын емес, сыртқы – тікелей мағынасына қарағанда Алланың ұлылығына лайық келмейтін ұғымдарды білдіретін аяттар (мысалы, дене мүшесі, орын, бағыт, отыру, түсу т.б.).

Бұндай (мүтәшәбихат) аяттарға қатысты Әһлу сүннет ғалымдарының ортақ ұстанымы – мүтәшәбихат аяттарды мухкам аяттардың негізінде түсіну. Яғни, сыртқы мағынасы Алланы жаратылысқа ұқсататын кез келген аятты «Еш нәрсе Оған (Аллаға) ұқсамайды» деген негізгі қағидаға сәйкестендіру қажет. Бұл әдіс екі жолмен жүзеге асырылады:

1) Алдыңғы буын "Сәләф салихин" ғалымдарының жолы (жалпылама тәуил немесе тафуид): Олар мүтәшәбихат аяттардың сыртқы мағынасын қабылдамай: «беткі тікелей мағынасында емес екеніне сенеміз, бірақ нақты мағынасын Аллаға тапсырамыз» деген ұстанымда болған. Мысалы, «истиуа етті» деген аяттағы «истиуә» сөзінің мағынасын, олар  (алғашқы буын ғалымдар) - «отыру», «орналасу» емес екенін айта отырып, бірақ оның «қандай екенін білмейміз» деп тоқтаған.

2) Кейінгі буын Хәләф ғалымдарының жолы (толық тәуил): Бұл кейінгі ғалымдар буыны дінге жаңадан келгендерге түсінікті болу үшін және кейбір философтардың құйтұрқы, күмән салушы сауалдарына жауап беру үшін мүтәшәбиһат аяттарға Алланың ұлылығына сай келетін және мүхкәм аяттармен қайшы болмайтын мағыналар берген. Мысалы, «истиуа етті» сөзін «иелік етті, билігіне алды» деп түсіндірген.

Екі топ та (алдыңғы буын сәләф салихин ғалымдары мен кейінгі буын хәләф ғалымдары) Алла Тағаланы мекеннен, бағыттан және дене мүшелері болудан пәк деп сенген. Демек, тәуил – сипатты жоққа шығару емес, керісінше, Алланы жаратылысқа ұқсатудан (тәшбиһ) сақтаудың жолы екен.

Ал қазіргі сәләфит-уахабиттер не дейді? (Сәләфилік ағымның көзқарасы және оған жауап)

Өздерін «сәләф жолындамыз» деп атайтын кейбір ағымдар (яғни, уаһһабизм): "мүтәшәбиһат (екі ұдай мағына қамтитын) аяттарды тікелей, сыртқы мағынасында қабылдау керек" деп санайды. Бұл ұстаным бірнеше іргелі қателіктерге алып келеді. Атап айтқанда: 

1. Аятты таңдап түсінудегі қайшылық.

Олар (сәләфиттер) Алланың жоғарыда екенін білдіретін аяттарды ғана сыртқы мағынасында қабылдайды. Мысалы, «Рахман Аршқа истиуа етті» («Таһа» сүресі, 5-аят) деген қасиетті аятын «Алла Аршқа отырды/орналасты» деп түсіндіреді де, Алланың жоғарыда, белгілі бір бағытта екенін айтады. Алайда, Құранда басқа да мүтәшәбихат аяттар бар. Мысалы:

«Шығыс та, Батыс та Алланікі. Қай жаққа бұрылсаңдар да, Алланың дидары сонда» («Бақара» сүресі, 115-аят). Бұл аяттың сыртқы мағынасы Алланың барлық бағытта, яғни жердің айналасында екенін білдіреді. Немесе «Біз оған күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16-аят). Бұл аяттың сыртқы мағынасы Алланың адамның ішінде екенін меңзейді.

Егер олардың әдісі дұрыс болса, яғни, беткі мағынасын алу керек болса, онда осы аяттарды да сыртқы мағынасында қабылдаулары керек емес пе еді?! Бірақ олар бұл аяттарға келгенде тәуил жасауға мәжбүр болады. Бұл – олардың ұстанымындағы ішкі қайшылықты және жүйесіздікті көрсетеді. Оларға: «Бұл да Құран, анау да Құран. Неге бір аятты тікелей қабылдап, екіншісін бұрмалайсыңдар?» деп сұрақ қойылса, олар: «Жоғары жақ – ұлықтау, ал төменгі жақ – кемсіту», – деп жауап береді.

Бұл – негізсіз дәлел. Себебі, ұлықтық – мекен мен орынның биіктігінде емес, мәртебенің биіктігінде. Пайғамбарлар – жаратылыстың ең абзалы бола тұра (және періштелерден абзал бола тұра) осы жерде өмір сүрді. Ал кейбір періштелер Арштың айналасында. Егер ұлықтық мекенге байланысты болса, Пайғамбарлардың орны Арштың үстінде болар еді. 

2. «Күң туралы» хадисті қате түсінулері

Олардың Аллаға мекен мен бағыт таңу үшін келтіретін негізгі дәлелі – имам Мүслім келтірген хадис. Онда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір күңнен: «Алла қайда?» – деп сұрайды. Күң: «Аспанда», – деп жауап береді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны «мүмин» деп танытады.

Бұл хадиске Әһлу сүннет ғалымдары былай жауап берген:

а) Хадистің дәрежесі: Бұл хадис – ахад (жекелеген сахабадан жеткен). Ал Исламға кірудің шарты ретінде екі шәһада кәлимасын айтуды талап ететін хадис – мутауатир (он бес сахаба риуаят еткен, шындығында күмән жоқ). Ал ереже бойынша, Ақида мәселесінде мутауатир хадиске қайшы келетін ахад хадистің сыртқы мағынасы негізге алынбайды.

б) Мағыналық қайшылық: «Алла аспанда» деген сенім – яһудилер, христиандар және басқа да пұтқа табынушылардың сенімі. Бұл сөз мұсылманды кәпірден ажырататын негізгі шарт бола алмайды. Исламның негізі – Алланы жаратылыстан пәк деп тану және Оның жалғыздығын мойындау. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күңнің бұл жауабын оның пұттарға емес, жалғыз Жаратушыға сенетінін білдіргені үшін қабыл еткен. Яғни, «аспанда» деуі – оның «жердегі пұттар Құдай емес» дегенін мойындауы еді. 

3. Аллаға «Отыру» сипатын беру – айқын тәшбиһ (Алланың жаратылыстарға ұқсату). 

Кейбір сәләфилер «Алла Аршқа истиуа етті» дегенді «Алла Аршқа отырды» деп түсінеді. Олар «бірақ оның отыруы біздікіндей емес» деп ақталуға тырысады. Бұл сөздің ешқандай мағынасы жоқ және бұл – Алланы жаратылысқа ұқсатудың айқын көрінісі.

Себебі, араб тілінде және жалпы адамзаттық ұғымында «отыру» (الجلوس) сөзі денеге тән қасиет. Ол – жоғарғы және төменгі бөліктері бар дененің бүгілуі арқылы жүзеге асады. Адам, жануар, жын, періште отырады. Ал денесі жоқ нәрсеге «отырды» деп айтылмайды. Мысалы, ағашқа «отырды» демейді, «тұр» дейді.

«Алла отырды» деген кезде, олар білсе де, білмесе де, Аллаға адам сияқты екі бөліктен тұратын дене беріп отыр. Бұл «Еш нәрсе Оған (Аллаға)  ұқсамайды» деген Құранның негізгі қағидасын тікелей жоққа шығару болып табылады. 

Қорытынды

Алланы шынайы ұлықтау – Оған мекен, бағыт, дене мүшелері мен отыру, тұру, қозғалу сияқты жаратылысқа тән сипаттарды таңу арқылы емес, керісінше, Оны осының бәрінен пәк деп тану арқылы жүзеге асады.

Тәуил – Алланың сипаттарын жоққа шығару емес. Ол – Құранның мухкамат аяттарын негізге ала отырып, мүтәшәбихат аяттардың сыртқы мағынасынан туындайтын қате түсініктерден арылудың және Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсатудан сақтаудың бірегей дұрыс жолы. Бұл – ғасырлар бойы келе жатқан Әһлу сүннет ғалымдарының ортақ ұстанымы. Ал сәләфит-уахаббиттердің айтатыныдай мүтәшәбихат аяттардың сыртқы мағынасына жабысу – Құранда қайшылықтар бар деген пікірге алып келеді және ең қауіптісі - Жаратушыны жаратылысқа ұқсатуға алып баратын адасушылық болып табылады. Тауфиқ пен һидаят Алладан! 


Дереккөз: souhnoun.com: " الردّ على من يقول التّأويل تعطيل أي نفي لوجود الله أو صفاته". Мақала ықшамдап аударылды.

0 пікір