Түсінде жылан шағып алса, ол нені білдіреді?
Түсінде жылан шағып алса, ол нені білдіреді?
1 ай бұрын 2399 islam.kz/ Фото © Freepik
А. Қасым

Атақты түс жорушы тәбиғин Ибн Сириннің пайымдауынша, түсте жыланның шағуы – түс көрушінің дұшпаны тарапынан зиян шегетінін немесе ұнамсыз бір жәйтқа ұшырайтынын білдіретін негізгі белгі. Ал зиянның немесе зардаптың ауқымы түстегі шағудың күшіне және түс көрушінің сезінген ауырсыну деңгейіне, сондай-ақ жыланның көлемі мен уының қаншалықты зәрлі болғанына тікелей байланысты болу мүмкін екен. «Егер түсінде жылан шақса, онда оған дұшпанынан дәл сол шаққанының ауырлығындай ұнамсыз іс келеді» делінеді "мұсылманша түс жору" кітабында. (Ибн Сирин).

Ибн Сирин бойынша жылан шағудың негізгі мағынасы:

  • Дұшпандық. Түстегі жылан – жаудың нышаны дейді Ибн Сирин. Демек, түсіндегі жыланның шағуы – әлдебір дұшпаннан түс көрушіге келер зиянды аңғартпақ. 

Ал зиянның мөлшерін шағудың ауырлығына қарай топшылауға болады:

  • Егер қатты шақса, бұл дұшпаннан келетін зиянның да үлкен болатынының көрінісі.

  • Егер шағу жеңіл болса немесе қатты ауыртпаса, дұшпанның тигізер зияны да аз болатындығына немесе түс көруші қастандықтан аман қалады.

Шаққан жерінің жазылғанын көрсе: Егер кісі түсінде жылан шаққаннан соң ол жердің айығып кеткенін көрсе, бұл оның басынан өткен қиындықтан кейін әлдебір проблеманы жеңіп шығатынына немесе дұшпанына үстем келетініне де ишара болуы мүмкін.

Шаққан жері:

Түс жорушылар түсінде жыланның шаққан дене мүшесіне қарай жорамалы да әртүрлі болады дейді. Мысалы:

  • Қол. Оң қолды шақса – дүние-мүлікке кенелуі ықтимал, ал сол қолды шақса – уайымға немесе әлдебір күнәлі іске баратынына ишара болуы мүмкін.

  • Аяқ. Түсінде аяғын жылан шағып алғанын көрсе, онысы күнделікті тіршілікте, жұмыста немесе дін жолында кездесетін қиындықтарды білдіруі мүмкін.

  • Бас. Басынан шаққанын көрсе, басшыдан немесе беделді адамнан келетін уайым-қайғы мен проблеманы білдіруі мүмкін немесе психологиялық және ой-саналық қысымды білдіруі мүмкін.

  • Арқа. Арқасынан шақса, сенім артқан адамының опасыздық жасайтынына және сатқындықты білдіреді.

Шаққан жыланның түсі

Жыланның түсіне қарай да дұшпанның кейіпі әртүрлі болып келеді:

  • Қара жылан шақса: көбінесе күшті әрі аса қауіпті дұшпанды білдіреді, зияны да ауыр болуы мүмкін.

  • Ақ жылан шақса, бұл - жасырын немесе екіжүзді дұшпанды, немесе әлсіз, бірақ айлакер дұшпанды білдіруі мүмкін.

Егер түсінде шаққан жыланын өлтірсе

Егер түсінде шылан шағып, бірақ артынан ол жыланды өлтірген болса, бұл оның дұшпанынан көрген зиянындай кек алатынына, сосын ақырында сол дұшпанын жеңіп шығатынына ишара екен. 

Жылан әрдайым дұшпандықты білдіре ме?

Жалпы алғанда, түсінде жылан көрсе, ол әрдайым дұшпандықты білдіре бермейді. Жылан кейде - өмірдің ұзақтығын, яғни, ғұмырлы болатындығын, балалы болатындығын, тіпті молшылыққа әрі қуаныш пен бақытқа да ишара болуы бек мүмкін. 

Маңызды ескертпе:

Түс жору – бұл тек болжамға негізделген ілім, ал оның ең дұрысын және шынайы мағынасын бір Алла Тағала біледі. Сондықтан да, жаман түс көрген кісі ол түсін жақсыға жорып, оны ешкімге айтпағаны жөн. Ондай кезде, екі рәкәғат намаз оқып, "түрлі жамандықтардан сақта" деп Аллаға сыйынғаны дұрыс. Алла елшісі (с.а.у.) қорқынышты түс көрушіге былай деп кеңес етеді:

«Сендерден кім түсінде ұнайтын (көңіл хоштығын тудырар) түс көрсе, ол (түс) - Алла Тағаладан. Ондай түс көрген адам Аллаға шүкір етіп, оны (өзгеге) айтып берсін. Ал одан басқа, ұнамсыз бір түс көрсе, демек ол – шайтаннан. Ондай түстің жамандығынан Аллаға сыйынсын (Әғузу билләһи минаш шайтанир ражим десін) және ешкімке айтпасын. Оған ол түс зарарын тигізе алмайды»1 дейді.

Басқа бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Түстер үш түрлі: Алладан сүйінші ретінде келген салихалы түс, шайтаннан туындаған мұңайтушы түс және (үшіншісі) адамның өз-өзімен ойлаған нәрсесінің түсінде көрініс табуы. Кімде-кім ұнатпайтын бір нәрсе түсінде көрер болса, тұрып намаз оқысын және ол жайында ешкімге тіс жармасын»2.

Көрер түстеріңіз - Салиқалы түс болсын! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
2Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: