«Уа, балам! Өзің амал етпей тұрып, өзгеге уағыз айтудан сақтан!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (13 бөлім).
«Уа, балам! Өзің амал етпей тұрып, өзгеге уағыз айтудан сақтан!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (13 бөлім).
8 ай бұрын 2662
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Істемеуің керек төрт нәрсенің екіншісі:

Уағызшы әрі насихатшы болудан сақтанғаның жөн. Өйткені оның ауыртпалығы көп. Зияны да бар (мысалы, тәкәппарлану, мақтан, рия, менмендену сияқты зияндар). Тек, айтатын насихатыңды әуелі өзің орындап, одан кейін ғана оны адамдарға уағыздасаң болады. Иса ғалейһиссәләмға айтылған мына сөзді ойланшы:

«Уа, Мәриямның ұлы! Өз нәпсіңді уағызда. Егер нәпсің уағызды қабылдаса, сонда барып адамдарды уағыздасаң болады. Болмаса, Раббыңнан ұял!»[1]

Әйтсе де, уағыз айту ісі жүктелген болса, уағыз айтатын кезде мына екі нәрседен сақтан:

Біріншісі – сөздеріңде көнерген сөйлемдер мен терең ишаралы-астарлы сөздерді және орынсыз жерде өлең, жырларды қолданып, шешеңдікте тым асыра сілтеудің қажеті жоқ. Өйткені, Алла Тағала асыра сілтеушілерді ұнатпайды. Шегінен тыс асыра сілтеп сөйлеушілік – ішкі дүниесінің қирағандығын әрі жүрегінің ғапылдықта екендігін көрсетеді (яғни, уағыздарында жасандылықтан ұзақ болып, табиғи қалыпта сөйлеу керек).

«Тәзкир», яғни, "ескерту" деген не? 

«Тәзкир» деген:

1) Пенденің ақыреттегі тозақ отын еске алып, өзін Жаратушының қызметіне арнауы.

2) Сондай-ақ, пайдасыз нәрселермен босқа өткізген өмірін ойлануы.

3) «Соңғы демінде иманымды үйіріп кете алам ба? Өлім періштесі жанын қалай алады? Мүнкәр мен Нәкір періштелерінің сұрақтарына жауап бере алам ма?» деп ертеңгі күнін ойлауы.  

4) «Сырат көпірінен аман-есен өте алам ба, әлде «һәуия» тозағына түсіп кетемін бе?» деп, Қиямет күнгі жағдайы мен орнын уайымдауы.

5) Осының бәрін әрдайым жүрегінде сақтап, жүрегінің үнемі ақырет жағдайына алаңдаулы болуын қамтамасыз етуі.

6) (Жалпы алғанда) тозақтың қайнаған отын және о дүниедегі азапты ескертуді – «тәзкир» дейді.

Ал, осы нәрселерді адамдарға айтып түсіндіруді, олардың істемей жүрген немесе тым артық кеткен жерлеріне назар аудартып бойларындағы кемшіліктерін көрсетуді, және де, тозақ отының ыстығын сезгенде, әрі, ондағы азапты көргенде бұ дүниедегі ғұмырларының босқа өткенін ұғынатындықтарын, Аллаға бағынбай өткізген күндеріне жеритіндіктерін айтып түсіндіруді – «уағыз» дейді.   

Ендігі жерде, егер әлдекімнің үйін су басқанын көрсең және отағасы мен оның жанұясы түгел үйдің ішінде болса, сен оларға: «Сақтан! Сақтан! Селден қашыңдар!» деп айтасың. Енді ойлап қарашы! Сондай сәтте, үй егесіне ол хабарды көсемді сөздеріңмен, ишаралы-астарлы сөйлемдермен айтып тұрсаң қалай болады? Олай айтуды сол сәтте жүрегің қалар ма еді?! Әлбетте, қаламас еді! Сол сияқты, адамдарға уағыз айтушы да тым ондай сөздер мен сөйлемдерді қолданбағаны жөн (керісінше барынша жеңіл, ашық, анық сөздермен айтып түсіндіргені жақсы). 

Екіншісі – уағыз айтудағы мақсатың: «неткен керемет уағызшы» деп айтсын деп, жиналған жұртты экстазға кіргізіп, қатты әсерлендіріп киімдерін жыртып, жылатып-сықтату болмау керек. Өйткені мұның бәрі дүниеге жақындықты білдіреді. Ондай ниет ғапылдықтан туындайды... (Жалғасы бар).

Имам Ғазалидің «Әюһәл Уәләд» атты кітабынан аударылды.
(араб тілінде, сілтемелер де кітапқа тиесілі).


[1] Имам Ахмед: «Зуһд». 300; Әбу Наъим: «Хилятуль Әулия».

0 пікір